ЭКСПО-2017 • 15 Тамыз, 2017

«Дюсолейліктер» даун синдромымен ауыратын балаларды ойнатты

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында даун синдромына душар болған балаларды дамыту мақсатында «Солнечный мир» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қордың жеке орталығында балалардың ойлау жүйесін, жатық сөйлеуін дамыту мақсатында кешенді физикалық ем жүргізіледі. Бүгінде 174 бала тіркелген орталықтың бүлдіршіндері елордадағы ЭКСПО-да өнер көрсетіп жатқан әйгілі «Дю солей» циркінің өнерпаздарымен бірге ойнап, мәре-сәре болуда.

«Дюсолейліктер» даун синдромымен ауыратын балаларды ойнатты

«Біздің орталыққа «Дю солей» артистерінің өздері хабарласып, бүлдіршіндермен жүздесіп, оларға жақсы көңіл-күй сыйлағылары келетінін жеткізді. Америкалық азаматтар өте ашық-жарқын екен. Балалармен бірден тіл табысып кетті. Біз «дюсолейліктермен» ойынды үш топқа бөлдік. Қонақтар алғашқы күні 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қамтыған бірінші топпен кездесті. Балалар артистермен ойнап, мәре-сәре болысты. Бүгін 5-10 жас аралығында екінші топпен кездеседі. Бұл күннің бағдарламасы басқашалау. Балалар шет тілін түсінбесе де кездесуді өте көңілді өткізуде, дейді қоғамдық қор құрылтайшларының бірі Давид Туганов.

Аулаға ене салып, балаларды бауырына тартып, ыстық ілтипаттарын білдіріп жатқан цирк өнерпаздарымен сөйлескенімізде, калифорниялық Кэлфи Шюмен өзінің циркте билейтінін, Қазақстанға тұңғыш рет келгенін айтса, гавайлық Кесседи Брайт «дюсолейліктердің» науқас балалармен жиі кездесу ұйымдастырып тұратынын жеткізді. Айта кеткен абзал, «Солнечный мир» қоғамдық бірлестігінің мүшелері америкалық меймандарға дастархан жайып, ұлттық ас мәзірінен дәм татқызды. Шетелдік цирк өнерпаздары бауырсақтың дәмі ерекше ұнағанын айтады. Олардың Астанаға, қазақ еліне деген қызығушылығы ерекше. Әр нәрсені сұрайды. Соған орай белсенді ата-аналардың бірі Әсия Текеева америкалық артистерді балалармен бірге қаланың шетіндегі үйіне қонаққа шақырып, ұлттық ас мәзірімен таныстырмақ ниетте.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»