Футбол • 16 Тамыз, 2017

Брендан Роджерс: «Селтик» ертеңгі ойынға дайын емес

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Селтик» - «Астана» матчы қарсаңындағы баспасөз мәслихатында шотландиялық клубтың бас жаттықтырушысы Брендан Роджерс ертеңгі ойын туралы пікірін айтты.

Брендан Роджерс: «Селтик» ертеңгі ойынға дайын емес

- Ертеңгі матчта Гриффитс ойнай ала ма?

- Ол жарақатынан айығып келсе де, дайындық барысында өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Оның командаға оралғаны біз үшін де тиімді болмақ.

- Плей-офф кезеңінің бірінші ойыны. Алғашқы матчта жеңіске жету – соншалықты маңызды ма?

- Негізі жеңіске жету – өте маңызды. Біз ертеңгі ойында өз қақпамызға гол өткізбей, мейілінше көп гол соғуды көздейміз. Өткен кезеңдерде біз өз үйімізде сәтті ойнай алмадық. Есесіне, сырт алаңда жақсы ойнайтынымызды көрсете алдық деп ойлаймын. Шотландиядағы матчта жанкүйерлердің қолдауы бізге жігер береді.

- Бүгін кешке трансфер терезесі жабылады. Командаңыз жаңа ойыншымен толығуы мүмкін бе?

- Мен тамыз айының соңында командам толық жасақталса деп ойлағанмын. Бірнеше жаңа футболшымен келісім шартқа отырсақ та, маған әлі команданы күшейту керек. Чемпиондар лигасының әр ойыны футболшыларымыздың дәрежесін өсіреді. Ертеңгі ойынға негізгі құрамның бірқатар ойыншысы көмектесе алмайды. Жалпы, ойынға дайын емеспіз десек те болады. Дегенмен, дәл қазір командамда жаттығып жүрген футболшыларыма сенім артамын.

- «Астананың» ойынына сараптама жасаған шығарсыз. Өткен жылғымен салыстырғанда қаншалықты  күшейген?

- «Астананың» бірнеше ойынын қарап, зерттеп көрдім. Былтырғымен салыстырғанда біршама өзгеріс байқадым. Астаналық футболшылар бізге үйреншікті шабуылда және қапталмен қарсы шабуылда жақсы ойнайды. Сондай-ақ, былтыр ойнаған үш орталық ойыншыны биыл құрамадан көре алмадым. Сонда да біз қарсыласқа құрметпен қараймыз және өз ойынымызды көрсеткіміз келеді.

- Ертеңгі ойынның нәтижесіне қатты алаңдап жатқан жоқсыз ба?

- Менде ойын нәтижесі туралы еш алаңдаушылық жоқ. Біз бұл ойынға өзіміздің кезекті матчымыз ретінде қараймыз. Өткен жылы біз қысым астында және үлкен футбол ойнауға үйрендік.  Бастысы, өзіміздің мықты тұсымызды ескеріп, өз ойынымызды ойнау керекпіз. Және де біз ертеңгі ойында осы айтқандарымызды орындап, жеңіске жетеміз.

 

Әли БИТӨРЕ

«Егемен Қазақстан»