Үкімет • 16 Тамыз, 2017

Асқар Мырзахметов Қостанай облысының астық алқаптарын аралады

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмыс бабымен Қостанай облысына келген Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов сапарын облыс аттас аудандағы «Шеминовка» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің астық алқабын аралау­дан бастады.

Асқар Мырзахметов Қостанай облысының астық алқаптарын аралады

Өткен жылы шаруашылық гектарына 20 центнерден астық жинаған болатын, биыл қыркүйектің күні ашық болса межелеген 24-28 центнер де болып қалатынын айтты шаруашылық жетекшісі Юрий Чеховский. Астық жинауға шаруашылық сақадай сай отыр. Мемлекет тарапынан берілген субсидия диқандар қолын ұзартты. Өткен жылы шаруашылық мал өнімдері мен астық өндіру үшін 85 миллион теңге субсидия алған еді, биыл жыл басынан бері 87 миллион теңге көмек алды. Бірақ шаруа­шылық жетекшісі министрге техника алуға субсидия беру жеңілдетілсе деген тілегін, сонымен қатар алдағы уақытта астықтың жергілікті элиталы тұқымына көшу керектігін айтты. «Шеминовка» шаруашылығы астық алқабында болған кездесуге облысқа белгілі диқан Ыбыраш Естаев та келді. Облыста астық алқабын әртараптандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған да Ыбыраш Естайұлы болатын. Бүгінде 13 мың гектардың 4 мың гектарына қатты және жұмсақ бидай септі, қалғанының барлығы майлы және бұршақ дақылдары. 

Асқар Мырзахметов Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары әкімдерінің орынбасарларын, шаруа­шылық мамандарын жинап, астық жинау науқаны мен ауыл шаруашылығының шағын механизациясын дамыту мәселесі жөнінде жиын өткізді. Биыл еліміз бойынша егіс алқабы 22,1 миллион гектарды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 051 мың гектарға көп. А.Мырзахметов жиында алдымен облыстардағы астық жинау науқанына дайындық барысын тыңдады.

Соңғы жылдары астық сапасы төмендеп кеткен болатын, соған орай биыл тұқым өсіру шаруашылығына бөлінген бюджеттік қаржының көлемі былтырғы жылмен са­лыстырғанда 2 есе көбейді. Об­лыс­­тардағы би­дайдың элиталы тұқы­мын өндіретін ғы­лыми-тәжірибе орталықтарының басшыларын тыңдаған вице-премьер астық сапасын көтеру жұмыстарын ширату керектігін айтты. 

– Әртараптандыру саясаты субсидиялау механизмін өзгер­туге оң ықпал етті. Атап айт­қанда, гектарлық субсидия­дан шектеліп, диқандарға мемле­кеттік қолдауды өнімге және өң­деуге беру арқылы қолдау көр­сетілді. Бидай – біздің брендіміз. Алайда нарық сұранымын да еске­ру керек. Экспорттық жоғары сұ­ранымға ие майлы, бұршақ дақыл­дардың алқабын кеңейтіп, олар­ды өсірудің технологиясын ба­рынша меңгеруіміз керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту­дағы мемлекеттік бағдарла­мада айтылған әр ақпарат ди­қан­дарға жетуі тиіс, – деді Асқар Исабекұлы. 

Биыл еліміздегі астық алқаптарының гектар айналымы 12,6 центнерден келеді деп болжанып отыр. Солтүстік өңірдегі Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында астық үшін аттанысқа дайындық жақсы екені айтылды. Республика бо­йынша қажетті дизель отыны 393,9 мың тонна деп анықталды, оның ішінде Ақмола облысы 70 мың тонна, Қостанай облысы 70 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысы 75 мың тонна жанар-жағармай алатын болады. 

Премьер-Министрдің орынбасары − Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов сапар барысында «Милх» сүт зауытында болып, ауылшаруашылық кооперативтері жұмысының нәтижесіне куә болды. Ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының Қостанай филиалындағы техниканың жаңа түрлерімен танысты. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы