Қазақстан • 16 Тамыз, 2017

Голландиялық саяхатшылар Қазақстанның 7 облысын өз көлігімен аралап шықты

947 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өз авто көлігімен Голландиядан Токиоға бара жатқан Дирк Ян Рулевен мен оның жұбайы Эстер Ван дер Вилет жол жөнекей Астанада тоқтады.

Голландиялық саяхатшылар Қазақстанның 7 облысын өз көлігімен аралап шықты

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ

Бес айға созылған саяхаттарын ерлі-зайыптылар махаббаттарының 25 жылдығына арнаған екен. Елорда қонақтары ЭКСПО-2017 алаңына барып, Голландия павильонына қолдау білдіре отырып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Е.Қ.»: Дирк, Эстер, Астана қаласына қош келдіңіздер! Осындай ұзақ саяхатқа аттануға не түрткі болды?

- Менің 2000 жылы шыққан «Субару Форестер» деген көлігім бар. Темір тұлпарымның жақсы болғаны сонша, 500 мың километр қашықтық жүргеннен кейін Жапонияда құрастырып шығарған зауытына оны кері апарып беремін деп көлігіме уәде еткенмін. Сөйтіп, жұбайым екеуміз Голландиядан Токиоға саяхаттаймыз деп шештік. Әйеліме деген 25 жылға созылған махаббатымның жалғасы ретінде бір көлікке отырып, жақсылап тұрып әңгімелесейік дедік (күлді). Солай 5 айға жұмысымыздан сұранып, қазір әлем аралаудамыз, - деді Дирк.

Бұл саяхат «Субарудың» жасырын жарнамасы емес пе екендігін сұраған кезде, Дирк өзі журналист болғандықтан, ұзақ саяхатқа шығу арқылы кітап жазғысы келетіндігін айтты. Саяхат толықтай өзінің идеясы екен. Ерлі-зайыптылар «Субарудың» ресми орталықтарына барған да емес, ал Астанада көлігі Күйші Дина көшесіндегі қызмет көрсету станциясында жөндеуде тұрғанын айтты.

Әңгімемізді әрі қарай Қазақстан ішіндегі саяхат туралы өрбіттік. Дирк пен Эстер Орынбор қаласынан Ақтөбеге 18 шілдеде келіпті.

- Ақтөбеге барар жолымызда найзағай ойнап, алдымыздан В.И. Лениннің мүсіні жарқ етіп шыға келді. Бұл өте әсерлі көрініс болды (күледі). Бір қызығы, «Амстердам» деген қонақүйге кезігіп, туған күнімді осында қарсы алдым. Сөйтіп отанымызға деген сағынышымызды бастық. Онда Айнұр есімді әкімші қыз болды. Ол бізге қала ішінде жүріп тұруымызға үлкен көмек берді. Оған айтар алғысымыз мол. Сондықтан болар, Ақтөбе жылы әсер қалдырды, - дейді күлімдеп Дирк.

«Е.Қ.»: Өзге қалаларда қандай қызықтар болды?

Эстер: Ақтөбеден шығып, Орал қаласына аттандық. Қаланың сыртына келе берген сәтімізде бір әйел иісін бұрқыратып кәуап дайындап тұр екен. Біздер де дәмін татып көрдік. Тіл үйірерлік екен. Орал жазық далада орналасқан қала екен, ал қаланың ішінен өзен ағып жатыр. Оралда бірінші рет түйе көрдік. Шыны керек, Қазақстанда түйе көреміз деп ойламаппыз. Өкінішке қарай, бұл қалада ұзақ бола алмадық. Қызылордаға жол жүріп кеттік.

Қазақстанға жол жүрер алдында саяхатшыларға Голландиядағы Қазақстанның елшілігі көмек көрсеткен екен. Эстердің айтуы бойынша, олар елшілікте қызмет ететін Ербол есімді жігітпен достасып, отандасымыз Қызылордаға баруға кеңес берген екен. Одан бөлек, Ербол саяхатшыларға көлікті жөндеуден өткізіп, жуып беретін жақсы станция тауып берген екен.  

Дирк: Айтқан жеріне барып, көлігімізді жуып, онда да кәуаптан дәм таттық.

«Е.Қ.»: Кәуап ұнаған секілді ғой?

- Ия, дәмі мен иісі керемет! – деді ерлі-зайыптылар бір ауыздан.

Саяхатшылар Қызылордадан шығып, Шымкентке жол тартқан. Жергілікті тұрғындардан жолшыбай Түркістанда қонақ болмау үлкен қателік екенін естіп, атақты Қожа Ахмет Яссауи кесенесін тамашалауға барды. Дирктің сөзінше, күмбездің астында тұрған кезде, көзге ашылатын бейне ғажап болды. Ол 20 минуттай қозғалмастан әдемі сәулет өнеріне таңғалып қарап тұрған екен. Демалыс күні болғандықтан, мұнараның ішінде жас жұбайлар өте көп болған. Голландиялық қонақтарымыз барлығын тәптіштеп суретке түсіріп, әңгіме барысында бізге барлығын көрсетіп отырды.

Қонақтарымыз ары қарай Шымкентке барып, онда екі күн тұрақтаған. Бұл қалада Қазақстанның заманауи келбетімен таныстық дейді Эстер. Соған қоса, қалада шығыстың сарыны да айқын байқалатындығын айтты.

«Е.Қ.»: Тіл білмегендіктен тамаққа тапсырыс беру қиынға соққан шығар?

Дирк: Бұл лотерея ойнаумен бірдей болды. Ойын соңында не болатынын білмейсің (күледі). Бірақ адамдар көмектесуге тырысып, қандай тағам алғанымыз дұрыс екенін айтып отырды. Шымкенттен кейін Мерке қаласына барғанда да біз тіске басар не алуға болатынын білмей тұрғанбыз. Асхананың иесі ағылшынша сөйлейтін сіңлісіне хабарласып, тамақ алуға көмектескен болатын. Бұл мейрімділік бізге өте ұнады.

«Е.Қ.»: Сапар барысында ауа-райы қалай болды?

Эстер: Бүкіл уақыт бойы күн өте ыстық болды. Өкінішке қарай, біздің көлігімізде салқындатқыш құрылғылары жоқ. Сондықтан жол ауыр түсті. Бақылағанымыз бойынша температура +35 градус пен +42 градус аралығында болды. Мен қызғаншақ адам емеспін, бірақ сол күндері көлігінде салқындатқышы бар адамдарға қатты қызықтым.

Дирк пен Эстер қаланың ішінде ғана серуендемей, әдемі табиғатты тамашалағанды жақсы көретіндерін айтты. Олар Көлсай, Балқаш көлдері мен Шарын каньонына да сапар шеккен, Алматының тауларына да шыққан.

Еліміздің жолдары туралы сөз қозғаған кезде әңгімелесушілер жасырмастан жақсы жолдармен қатар, шоқалақ жолдардың бар екенін айтты. Бірақ жолдардың көп бөлігі жөнделіп жатқанын байқаған.

- Ақтөбеден Алматыға жеткенше жол жақсы болды. Кейбір бөліктер жөнделіп жатыр екен. Бірақ Алматыдан Балхашқа апаратын жол көңілімізден шықпады. Күннің ыстығынан асфальт еріп, жол жүруге қолайсыз болды. Ал Қарағанды мен Астана арасындағы жол тіпті керемет. Менің ойымша, Қазақстан тез қарқынмен дамуда, бұл жолдар арқылы байқалады. Кейбір жерлерде мінсіз тегіс жол болса, кейбір жерлерде шоқалақтан көз ашпай кеттік. Елдің дамуы жақсы деңгейге жеткенде жолдар да қалпына келеді, - деп Дирк пікірін білдірді.

«Е.Қ.»: Еліміздегі жанармай бағасын қымбат деп таптыңыз ба?

- Көлігіміз жанармаймен қатар газбен де жүреді. Бағалар Еуропа елдерімен салыстырғанда өте арзан. Мысалы, Голландияда 1 литр бензиннің құны 500-600 теңгедей.

Қазақстандықтардың жолда көлік айдау мәнеріндегі ерекшеліктері туралы сұрағанда Дирк пен Эстер бір ауыздан Алматының көлік жүргізушілері әрдайым бір жаққа асығып бара жататындығын айтты.

Қоймастан сигнал беріп, қаланың ішінде қатты жылдамдықпен жүреді екен. Маған бұндай жүргізу мәнері ұнайды, бірақ қауіпсіздік туралы ұмытпаған абзал. Біздің таныстарымыз Ресейдегі жүргізушілерден сақ болыңыздар деген еді. Бірақ Алматыда көргеніміз тіптен таң қалдырды, - деді Дирк.

«Е.Қ.»: Енді саяхатқа дайындығыңыз туралы айтып бересіз бе? Еліміз туралы оқыдыңыз ба?

Эстер: Біз жаңа елге келгенде барлығын таңданып аралағанды жақсы көреміз. Сондықтан кітап немесе мақала көп оқымаймыз, саяхатқа дайындалмаймыз десек те болады. Мысалы, біз Қазақстанда түйе бар екенін білмедік. Әдетте түйені зообақта көріп үйренгендіктен, жол бойында көргенде үлкен әсерде болдық. Қазақстанға сапарымызға Қазақстанның Гаага қаласындағы елшілігі көмектесті. Елші Мағжан Ильясовтың өзінде де 2000 жылы шыққан «Субару Форестер» бар екен. Ол бізге түрлі нұсқаулықтар мен кеңестер берді. Елшілік қызметкерлері әр 3-4 күн сайын хәлімізді біліп, электронды хат жазып тұрады.

«Е.Қ.»: Әлеммен байланысты қалай ұстап жүрсіңіздер?

Эстер: Қазақстандағы ұялы желі, интернет және wi-fi сапасы қуантты. Тіпті шалғайда жүріп те телефонмен қоңырау шалуға болады. Және достарымыз booking.com сервисінің Қазақстанда жақсы жұмыс істейтіндігіне таң қалды. Біздер Ақтөбедегі қонақ үйді booking.com арқылы жалдағанымызды естігенде бізге мүлдем сенбеген еді (күледі).

«Е.Қ.»: Таныстарыңыз бен достарыңызға Қазақстанға саяхаттауға кеңес берер ме едіңіз?

- Жастар үшін Қазақстан экзотикалық ел. Алматы мен Астанаға сапар шегуге кеңес берер едім. Алматы табиғи жағынан өте сұлу, қонақтарға экологиялық туризм сыйлауға болады. Қаланың еуропалық сарыны бар. Тіпті Парижге ұқсайды деп те айта аламын. Себебі таза ауада орналасқан жазғы террасалар көп. Ал Астана туристерге ерекше сәулетімен, әдемі ғимараттарымен қызық болады, - деді ерлі-зайыптылар.

Алдағы күндерге жоспарлары туралы сұрағанда Астанаға келгендеріне бірнеше күн ғана болғанын айтты. Көлікпен қаланы аралап, кешкілік Есіл жағасында лазерлі шоу тамашалаған екен. Бізге қандай жерлерге баруға кеңес берер едіңіз деп Эстер сұрақ қойды.

Қонақ қарсылап үйреніп қалған біздер міндетті түрде «Бәйтерек» монументі мен «Нұрлы жол» бульварында серуендеуге кеңес бердік. Ұлттық музейге кіріп, тарихымызбен тереңірек танысып, «Хан Шатыр» мен «Астана Опера» секілді сәулеті ерекше ғимараттардың іші-сыртын тамашалауға кеңес бердік.   

Келесі сұрағымызды Қазақстанның Швейцариясы Бурабайға бару жоспарларында бар ма деп қойдық

- 2 сағаттық жол екен, неге бармасқа? Табиғаты әсем жер деп естідік, Астанадан кейін онда сені Бурабайға апарамын, - деді Дирк Эстерге қарап.

«Е.Қ.»: Қазақстан азаматтары туралы қандай пікір қалыптасты?

- Адамдар өте мейірімді, - деп Дирк бірден айтты.

Ал Эстер, қолын жүрегіне қойып, қазақ қыздары мен әйелдері өте әдемі деп  таңданысын білдірді:

- Барлығы жақсы киінген, бет әлпеттері де бір біріне ұқсамайды. Әр әйелдің өзіндік әдемілігі бар. Және менің байқағаным бойынша, қазақ әйелдері өте күшті әрі батыл, - деді Эстер.

- Визамыздың жарамдылығы 30 күн ғана болғандықтан жақын арада елден кетуімізге тура келеді. Мүмкіндігіміз болғанда Қазақстанда ұзағырақ қалатын едік, - дейді голландиялық саяхатшылар.

Қазақстанның күніне әбден күйген, екі езуінен күлкісі кетпейтін ерлі-зайыптылар өмірдің ләззатын сезініп, жаңа әсер алуға құштар екендігін айтты. Олардың сөзінше, Қазақстанға туризмді экологиялық туризм, архитектура, мәдениетті ұштастыра отырып дамыту керек.

Шетелдік қонақтарға еліміз жағымды әсер қалдырып, Дирктің кітабында қызықты жазбалар болады деген үміттеміз.


Әңгімелескен

Айгүл ШЕРНИЯЗ

«Егемен Қазақстан»

Суреттер 

Дирк Ян Рулевенге тиесілі

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51