ЭКСПО-2017 • 16 Тамыз, 2017

Халықаралық күн альянсын құруды көздейді

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында Үндістан мемлекетінің ұлттық күні өтті. Ел тәуелсіздігінің 70 жылды­ғымен тұспа-тұс келген мерекеде көрермендерге «Ранг Ба­хар» ұжы­мының әсерлі биі тарту етілді. Қазақстанда үнді мә­де­ни­етіне әуес жандар көп болғандықтан, әртістердің өнері көп­шіл­ік көңілінен шықты.

Халықаралық күн альянсын құруды көздейді

Шараның ресми бөлімінде Қазақстандағы Үндістан елшісі Харш Кумар Джейн сөз сөйлеп, павильондарының күн энергия-
сына баса мән бергенін әңгі­ме­леді. «Астанада өтіп жатқан ха­лық­аралық көрмеге Үндістан Рес­­публикасының қатысуын екі ел арасындағы тығыз қа­рым-қатынастың көрсеткіші деп бағалау керек. Біздің пави­ль­­онның тақырыбы «Күн» деп ата­лады және ол еліміздің күн энер­гиясын инновациялық қол­да­нудағы тәжірибесін, соның ішінде әлемдегі алғашқы 100 па­йыз жасыл технологиямен са­лынған Кочин халықаралық әуе­жайының үлгісін паш етеді», деді елші.

Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Үндістан үкі­метін тәуелсіздік тойымен құт­тықтап, кәсіпкерлерін ел нары­ғында белсенді болуға ша­қы­рды. «Биыл Қазақстан мен Үн­діс­танның дипломатиялық қа­рым-қатынасына 25 жыл толады. Біздің байланыстарымыз экономика, энергетика, ақпараттық тех­нологиялар, сауда, саясат, әс­ке­ри техника және өзге де сала­лар­да дамып келеді. Үндіс­тан­дық кәсіпкерлерді қазақ­стан­дық экономикаға инвестиция салуға шақырамыз. Ол үшін біздің мемлекет барлық қажетті жағдайды жасайды», деді ол.
Мерекеге танымал боксшы, Азия бокс конфедерациясының басшысы Серік Қонақбаев та қатысты. ЭКСПО-2017-нің шын мәнінде орасан зор жоба екенін айтқан ол «Үндістанның бокс фе­дерациясы стратегиялық се­рік­тесіміз. Қазір онда бокс жо­ғары деңгейде дамып келеді. Та­рихқа үңіл­сек те екі елдің ға­сырлар бойы тығыз қарым-қатынаста болғанын көруге болады», деді.

Үндістанда ғылым саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішін­де жаңғырмалы энер­­ге­тикаға баса назар ауда­ры­­лу­да. Себебі елдің ауылды ай­мақ­тарында тұратын ха­лық­­ты электр қуатымен қам­ту ал­дың­ғы қатардағы мәсе­ле­лер­дің бірі. Сондықтан, Үндіс­тан би­лігі халықаралық күн альян­сын құруды жөн көрген. Мұн­да­ғы басты мақсат әлемдік энер­готиімділік нарығында нор­мативтік-құқықтық базаны құру болып табылады. 2030 жылға дейін жергілікті үкімет баламалы энергия өндірісін 400 ГВт-ға жеткізуді көздеп отыр. Жел энергетикасын өндіруден де мемлекет әлемде көш бастап келеді. Осы жетістіктер жайында толық ақпарат ұлттық павильонда бар.