Медицина • 16 Тамыз, 2017

Қаптаған қателерден қашан арыламыз?

503 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласында ұлтымыздың бай та­рихын, құнды қазынасын айтып қана қоймай, рухани жаң­ғыру­дың да жолын көрсеткені белгілі. Ұлт ұғымында рухани жаң­ғыру кемелдік дәрежесіне көтерілу, өткенін саралап, келе­шегін бағдарлайтын кезең екені белгілі. Ал ықылымнан сауат­тылық салтанатына ерекше мән берген халықтың жазу мәне­ріне деген құрметі биік болған. Бұл тұрғыда, әсіресе, қо­ғамда айрықша орны бар тұлғалардың есімдерін, сондай-ақ елді ­мекен, көше, қала берді мекеме атауларын дұрыс жазудың маңызы зор.

Қаптаған қателерден қашан арыламыз?

Статистикалық мәлімет бойын­­ша, бүгінде Жамбыл облы­сын­да 153 ауылдық округ, 3 ау­дан­дық маңызы бар қала, 377 елді мекен және 
5 394 көше бар. Ал ел тәуелсіздігін алған кезең­нен бері 1 924 көше, 172 нысан және 146 елді мекен атауы қайта аталған екен. Дегенмен, әлі де болса өңірде Комсомольская, Ок­тябрская, Советская, Ленин көше­лерінің атаулары сол қалпында қалып отыр. Мұ­ның себебін сан-саққа жүгіртіп зер­делеп көргенмен, жауабын табу қиын. Бүгінде Тараз қала­сы­ның орталық көшелерінің бірі Ленин есімімен аталады. Жер­гілікті тұрғындар арасында көше атауына байланысты түрлі пікірлер орын алғанымен, бұл да шешімін таппай келеді. 

Енді көше атауы бір бөлек те, мекеме маңдайшаларының көр­не­кілігі һәм сауаттылығы басқа әңгіме. Әрбір мекеменің қоғамға ықпал ете алатын, бұқараның мәсе­лесін шешуде белсенділік та­ныта алатын күші бар. Бірақ сол мекемелердің өзінің нақты атауын білу бүгінде қиын болып тұрған сыңайлы. Облыстық тіл­дерді дамыту басқармасы өткен жылы облыс бойынша 1 762 мем­лекеттік мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 451 мекеме маңдайшаларында ешқандай талаптың сақталмағандығын анық­таған еді. Мәселен, Тараз қала­лық кейбір полиция бөлім­ше­лерінің маңдайшаларынан «Ішкі істер министірлігі», «Ішкі істар департаменті» деген қате­лік­терді көрсек, «Қосқұдық мөл­тек аудынының №20 полиция тірек пункті», Шу қаласындағы жергілікті полиция қызметінің №21 учаскелік полиция пунктіне «Учасковый пункт» деп жазылған. Ал Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық округіндегі №9 полиция пунктінен «Жергілікті полиция қызыметі», «Айша биби» деген қате жазуларды оқуға болады. Сондай-ақ, облыстық ішкі істер де­партаментіне бағынысты меке­мелердің маңдайшаларында заң­нама талаптарының сақтал­ма­ғаны да анықталған. Мұндай мы­салдарды Талас және Мойын­құм аудандарынан келтіруге болады. Облыстық ішкі істер департаментіне қарасты аудан­дар мен Тараз қаласында орна­ласқан 12 бөлім мен 195 жер­гілікті полиция пункті зерделеніп, басқарма тарапынан тиісті қоры­тынды шығарылған. Нәтиже­сін­де, 162 учаскелік полиция пунктінің маңдайшалары Үкімет қаулысының талаптарына мүл­дем сәйкес келмейтін болса, 33 жергілікті учаскелік полиция пунктінде мекеме маңдайшалары жоқ болып шыққан. Қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз ететін полиция пункттерінің жайы бүгінде осын­дай. Тәртіп мәселесінде талап­шылдық танытатын ішкі істер саласы бұл жөнінен жақсы көрсет­кіш көрсетпей тұр.

Мұндай жайларды өңірдегі темір жол бөлімшелерінен де кез­дес­тіруге болады. Облыс орталы­ғындағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Ақционерлік қоғамы «Жамбыл магистралдық желі бөлімшесіндегі» ақпараттық тақтайшада «Нұр Отан» сөзі «Нұр-Отан» деп жазылған. Сон­дай-ақ, Отар стансасында пойыз­да­р­дың жүру уақыты көрсетілген стен­діде «поиыз» мәтіні орын ал­ған. Көптеген бөлімшелерде «Онтүстік», «Жұк» пункті деген қате сөздер кездеседі. Жал­пы темір жол тоғыз жолдың тора­бы, халық көп аялдайтын, қаты­найтын жер болғандықтан, мұн­дай келеңсіздіктер бірден көзге түседі. Ал қате жазулар адамның сауатының қаншалықты дәрежеде екенін көрсетеді. Тым құрыса мекеме маңдайшаларын қате жазбайтын, сондай-ақ, сол қатені көрмейтін бір адамның болмауы өкінішті.

Қаптаған қателерден қашан құтыламыз? Өңірде жалғыз ғана ішкі істер департаментіне және темір жол бөлімшесіне қарасты мекемелер ғана емес, көптеген мекемелерде грамматикалық қате­лік­­тер орын алған. Бұл жағдай тұр­­ғ­ындардың наразылығын туды­рып қана қоймай, болашақта жазу мәнерін де солай қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін. Ағымдағы жылы жүргізілген зерделеу нәти­же­сінде Сарысу ауданында 20, Шу ауданында 16, Т.Рысқұлов ауда­нында 36, Байзақ және Мойын­құм аудандарында 15 мекемеде әлі күнге дейін қателіктер түзе­тілмеген. Бұл да аудан басшы­лары­нан бастап, тиісті мекеме жетекшілеріне дейін сын екені анық. Бұл мәселені Жамбыл облы­сы­ның әкімі Кәрім Көкірекбаев сан мәр­те көтеріп, кезінде жауапты ба­с­шыларға тапсырма да беріп еді. Бірақ әлі де нәтиже шығар емес. «Баяғы жартас – сол жартас» күй­ін­де қалып, тіпті халықтың көзі үй­реніп кететін дәрежеге жетті. 

Бүгінде қазақстандықтардың сауаттылығы тиісті деңгейіне жетті. Халықтың басым көпшілігі жо­ғары білімді мамандар болып есептеледі. Бірақ қаптаған қате­лерге көз салмайтын, оны түзеткісі келмейтін басшылардың әрекеті ойландырады. Осы орайда, қоғам­да­ғы талап пен тәртіпті өзгеден емес, әуелі өзімізден талап етке­ні­міз орынды. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы