Күрес • 16 Тамыз, 2017

«Парижге бас жүлде үшін барамын»

304 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаттығу, өмір, кітап. Кү­рестен Рио Олим­пиа­­дасының қола жүл­де­гері Эльмира Сыз­ды­қовамен алғаш­қы сұх­батымыз осы тақы­рыптар төңірегінде өрбіді. 21-26 тамыз ара­лығында Парижде өте­тін әлем чемпионатына дайындалып жүрген қа­рағандылық бойжеткен уақыт тауып газет оқырмандарымен Бра­зилиядағы аламаннан кейінгі өмірі, өзінің қызы­ғушылықтары және жеке басына қатысты сырларымен бөлісті.

«Парижге бас жүлде үшін барамын»

– Эльмира, жақында Па­рижде әлем чемпионаты өте­тіні белгілі. Дайындық қалай жүріп жатыр?

– Алматыдағы АІВА-ның бокс базасында 10 шақты күн жат­тығу жасап, кеше ға­на Алек­­сеевкадағы базаға кел­дік. Оқу-жиындарын осында жал­ғастыратын боламыз. Ал 21-22 тамызда Парижге аттанамыз. Дайындықтың нәтижесін Фран­­­ция астанасындағы әлем бірін­шілігінде көретін боламыз. 
Бұған дейін физикалық жат­тығуларға басымдық берсек, енді солардың барлығын боз кілемде пысықтау ғана қалды. 

– Бұл – олимпия ойындарынан кейінгі алғашқы әлем чемпионаты. Сіз оған Олим­пиа­­даның қола жүлдегері ре­тін­де барасыз. Тиісінше, жау­­­ап­­кершілік жоғары. Ал­ды­­­ңыз­­ға қандай мақсат қой­ып отыр­сыз?

– Тіземді жарақаттап алып, қаңтар айында жасатқан операциядан кейін қалыпқа келуге үш ай уақыт кетті. Бірақ, қазір бәрі ойдағыдай. Бапкерлердің дұрыс бағдарының арқасында өз бабыма келіп үлгердім. Сондықтан, қазір өз-өзіме сенімдімін. Па­рижге бас жүлде үшін баратыным анық.

– Осыдан тура бір жыл бұ­рын Риода қола жүлдені мой­ныңызға тақтыңыз. Сол жолы әлі ештеңені түсініп үлгер­мегеніңізді айтып едіңіз. Со­дан бері өміріңізде қандай өз­ге­рістер болды?

– Айтарлықтай өзгеріс бар деп айта алмаймын. Тек адам­дардың маған деген қа­рым-қатынасы өзгергенін бай­қадым. Біреулер жылы қабақ та­нытса, екіншілері ұнатпай, бәлкім қызғанышпен қарайтын сияқты. Ең бастысы, менен үнемі бірнәрсе күтетін секілді. 

– Рас, сізді шынымен де толып жатқан іс-шаралардан көре бермейміз. Көпшіліктің алдында жүргенді ұнатпайтын сияқтысыз?..

– Тыныштықты жақ­сы көремін. Есімді білгелі сондай. Анаған-мынаған алаң­дай беретін болсаң, өзің үшін ненің маңызды екенін ұмытып қаласың. Демалыс уақы­тымда ыстық кофе, тыныштық пен кітап болса болды. Кешкілік теледидар қарағанды ұнатамын.
Жасың ұлғайған сайын дос­тарың да азаяды екен. Бұрын құрбыларымызбен жиі-жиі кез­десіп, сағаттап әңгіме-дүкен құратын болсақ, қазір оларда да, менде де уақыт табыла бермейді. Бәлкім, отбасылы болғандықтан тұрмыстық мәселелер көбейетін шығар. Өзім де бей-берекет қыдыру дегенді қолдамаймын.

– Жасыңыз қазір 25-те. Біз­­дің қоғамда мұндай жаста тұр­мыс құрып, бір отбасының түтінін түтетіп отыру керек деген көзқарас қалыптасқан. Ата-анаңыз, жақындарыңыз от­­­басын құруға асықтырмай ма?

– Ата-анам менің жат­ты­ғуыма, бүгінгі өмір сүру қал­пыма үйреніп қалған секілді. Олар өмірімді спортқа арнағаныма түсіністікпен қарайды. Әпкем де 26 жасында тұрмыс құрған. Әкем 29 жасында үйленген екен. Сондықтан маған да әлі кеш емес (күлді). 
Сөз байласқан жігітім бар. Өткен жылы шаңырақ көтеру туралы ұсыныс жасап, мен келі­сімімді бергенмін. Тек кес­тенің тығыздығына байланысты әзірге жеке өмірге уақыт болмай тұр. Өзі де кезінде спортпен шұғылданғандықтан, жарыстарыма да, еркелігіме де, назыма да түсіністікпен қарайды. Жанымда сондай жанның барына қуанамын. 

– Сіздің есіміңіз күрестен жүлдегер атанған алғашқы қа­зақ қызы ретінде тарихқа ен­ді. Сіз үшін мұның маңызы қанша?

– Есіміңнің тарихта қалғаны жақсы шығар. Дегенмен, өз басым ол жайлы ойлап, уайым­дап немесе масаттанғым кел­мейді. Спортшы үшін мақ­сат біреу – алтын медаль. Қал­ғанының бәрі соншалықты ма­ңызды емес. Бұған менің Рио Олимпиадасынан кейін Елба­сының қабылдауында бол­ғанымда көзім жетті. Жүл­дегер атану көбіне ата-анам, әсіресе әкем үшін қуанышты жайт болды. 

– Кітап оқығанды ұнатады екенсіз. Қандай авторды және қай жанрды таңдайсыз?

– Қызықты махаббат, ға­шықтық жайлы кітаптарды оқи алмаймын. Көз жүгірте қал­­­саң, құдды ертегі әлемінде жүр­ген­дей боласың, тілі де жеңіл, бір кеште оқып шығасың. Ал, өмір мүлде басқаша ғой... 
Сүйікті авторларымның бірі – түріктің танымал жазушысы Орхан Памук. Оның туын­дыларының барлығын түгелдей оқып шықтым. Тек екі кітабын таба алмай жүрмін. Әдетте алған әсеріммен анаммен немесе әкемнің қарындасымен бөліскенді ұнатамын. Әпкем тіл маманы болғандықтан, кітапқа деген қызығушылығымды сол кісі оятқан. Орыс әдебиетіне де жақынмын. Әсіресе, Федор Достоевкийдің туындылары жаныма жақын. Алдағы уа­қыт­та өзге авторлардың да шы­ғармашылығымен танысуды жоспарлап жүрмін. 

– Орхан Памук әдетте батыс пен шығысты, ислам мен христиандықты салыс­ты­рып жазады. Тілі де ауыр. Достоевскийдің туындыларынан да өмірге сыни көз­қа­распен қарағанын бай­қау қиын емес. Олардың шығар­машылығы сізді несі­мен баурап алды?

– Өмірге деген шынайы көзқарас. Памуктың «Менің атым Қырмызы» романын Бакудегі оқу-жаттығу жиындарында оқып шығып, өзгеше әсерге бө­лендім. Өзімді кітаптағы кейіп­­­кер секілді сезіндім. Ав­тордың ойы, оны жеткізе білуі ұнайды. Бір әңгімесінде: «Біздің елдің кедей болғаны сонша, халық кітапты ләззат алу үшін емес, білім деңгейін көтеру үшін ғана оқиды» деп­­ті. Құдды маған қаратып айт­қандай. Мен де кі­тапты то­қырауға ұшырамас үшін оқи­мын. Күнделікті жат­тығу, кө­ретініміз сол адамдар, бі­ле­тініміз интернет пен теледидар. Мұндай жағдайда дамудың өзі қиын. Әрі жаттығудан кейін ештеңеге зауқың да соқпай қалады. Уақтылы ұйқыны ойлап тұрасың...

– Оқырмандарға сіздің от­ба­сыңыз жайлы білу де қызықты...

– Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем – бапкер. Анам мектепте кезекші бо­лып жұмыс істейді. Әпкем, сіңлім және інім бар. Сіңлім жоғары оқу орнын тәмамдап, қазір жұмыс істеп жүр. Ал інім 9-сыныпты бітірді. 

– Жақында Азия күрес кеңесінің басшысы қызметіне Дәулет Тұрлыханов сайланды. Дәулет Болатұлының бұл қызметке келуі балуан­дары­мыздың әлемдік додалар­дағы көрсеткіштерінің жақсаруына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

– Дәулет Тұрлыханов – күрес әлемінде өзін мойындатқан адам. Өзі спортшы болғандықтан балуандарға не керегін, күресті қалай дамыту керектігін өте жақ­сы біледі. Сондықтан, елі­міздің күресі жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Ал нәтижеге келсек, әрбір жеңіс тек еңбектің арқасында келетінін ұмытпаған жөн. Алға ұмтылу, қиындыққа мойымау, төзім, еңбекқорлық – табысқа жетудің кілті осылар деп санаймын. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист

Соңғы жаңалықтар