Футбол • 16 Тамыз, 2017

Бергер кестесі не берер екен?

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аздаған үзілістен кейін фут­бол­дан премьер-лига коман­да­лары арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші айналымы басталды. Жалпы, биылғы ел бірін­шілігінің жылдағыдан өзге­шелеу жүйемен өтіп жатқанын айта кету керек.

Бергер кестесі не берер екен?

Бұрын екінші айналым аяқталған кезде 12 клуб екіге бө­лініп, 1-6 орын аралы­ғындағы командалар жүлдеге таласса, 7-12 орындардағы ұжым­дар өзара кім мықтыны анық­тайтын. Ал қазір командалар қос алтылыққа жіктелмейтін болды. Ойындар күнтізбесі Бергер кестесі бойынша түзілді. Яғни, 12 команда өздерінің орындарына сәйкес сандармен таңбаланған. Соған сәйкес, көшбасшы мен аутсайдер, екінші келе жатқан команда мен 11-ші орындағы клуб өзара ойнап, қалғандары да осы ретпен бір реттен күш сынасатын болады.

Шешуші айналымның бірінші турында топ басындағы «Астана» мен «Қайрат» кезекті жеңістеріне қол жеткізді. «Теміржолшылар» сырт алаңда «Ақтөбе» клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңсе, ал­ма­тылықтар «Оқжетпестен» көп күш жұмсамай, бір доп айыр­машылығымен басым түсті.
Сөйтіп, көш бастаған қос ко­манда өзгелерге шаңын да көр­сетпей, қара үзіп кетті. Мәселен, екінші орында келе жатқан «Қай­рат» пен үшінші сатыда тұрған «Ордабасы» клубының ара­сын бақандай тоғыз ұпай бөліп тұр. Соған қарағанда, Алексей Петрушиннің шәкірттері алдағы уақытта «күміс» емес, қола жүлде үшін күресетін сыңайлы. Бұл турда «Ордабасы» Қарағандыда «Шахтерден» тегеурінді қарсы­лық көріп, 1:2 есебімен жеңі­луге мәжбүр болды. Жалпы, басшысы мен бапкері түгел ауысқан «кен­шілердің» соңғы ойын­дар­дағы серпілісі команданың жан­­күйер­лерін қуанышқа бөлеп жүр. Қазір қайта түлеген «Шахтердің» чем­пионаттағы үздік алтылықтың ішіне енген жайы бар. 

«Астана» мен «Қайраттың» арасы да алшақ тұр: жеті ұпай дегеніңіз чемпионаттың соңғы бөлігінде Станимир Стойлов ұжы­мы үшін сенімді қор. Ең бас­тысы, мұндай басымдық елор­да клубына Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде алаңдамай ойнауға мүмкіндік береді.
Турнир кестесінің төменгі жағында да бітіспес күрес жүріп жатыр. Ешкімнің де жоғары топ­тан «жер ауып» кеткісі жоқ. Көш соңындағы «Ақжайық» Та­раз­ға барып, күтпеген жерден жер­гілікті клубты 0:1 есебімен жеңді де, өзінен бір саты жоғары тұрған «Ақтөбені» ығыстырды. Ал азулы «Ақтөбенің» аутсайдердің күйін кешуі клуб фанаттарына да оңай тиіп жатқан жоқ.

Сұрмергендер арасындағы тартыс та қызып тұр. «Қайраттың» шабуылшысы Жерар Гоу мен астаналық Жуниор Кабананга үзеңгі қағыстырып келеді. Екеуі де осы турда гол соғып, доп санын, тиісінше 16 және 15-ке жет­кізді. Ал үшінші орында келе жатқан Патрик Твумасидің «Ас­тана» еншісінде әзірге 9 гол бар.

Сонымен, ел чемпионаты кім­нің кім екенін анықтайтын соңғы айналымға да жетті. Отар­бадан озып кетуге болмас, десе де кімнің қандай сыбаға алары қазірдің өзінде айқындалып қалған сияқты. Дегенмен, футболдан бәрін күтуге болады. Оның үстіне Бер­гер кестесінің ішіне бүккен сыры мен тосынсыйы да мол болуы әбден мүмкін...

Өткен 23-турдағы нәтижелер: «Ақтөбе» – «Астана» – 0:3 (0:1), Зень­кович, 33 – өз қақпа­сына (0:1). Ка­бананга, 51 (0:2). Гра­ховац, 79 (0:3). «Қайсар» – «Тобыл» – 1:0 (0:0), Джа Джедже, 55 (1:0). «Шахтер» – «Ордабасы» - 2:1 (0:0), Нұрғалиев, 60 (0:1). Га­бышев, 62 (1:1). Соке, 80 (2:1). «Оқжетпес» – «Қайрат» – 0:1 (0:1), Гоу, 33 (0:1). «Атырау» – «Ер­тіс» – 0:0 (0:0). «Тараз» – «Ақ­жайық» – 0:1 (0:0), Шмидт, 72 (0:1).
24-турдың ойындары 19-20 тамыз күндері өтеді. 19 та­мыз: «Астана» – «Оқжетпес», «Ақ­жайық» – «Ақтөбе», «Орда­басы» – «Атырау». 20 та­мыз: «Қайрат» – «Шахтер», «Е­р­­тіс» – «Қайсар», «То­был» – «Тараз».

Сұрмергендер сайысы:
1. Жерар Гоу («Қайрат», 1) – 16 доп; 
2. Жуниор Кабананга («Астана», 1) – 15; 
3. Патрик Твумаси («Астана») – 9.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»