Спорт • 16 Тамыз, 2017

Жарыстар күнделігі (16.08.2017)

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі (16.08.2017)

Футбол 
«Астана» футбол клубы 17 тамызға қараған түні Астана уақытымен сағат 00:45-те Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Глазгода Шотландияның 48 дүркін чемпионы «Селтикке» қарсы ойнайды.
«Астана» командасының басшылығы, «Астана» Прези­денттік клубы және Астана қаласының әкімдігі «Қазмедиа» орталығымен бірлескен келісімге келіп, аталған матчты «Қазмедианың» «Нұржол» бульвары жағындағы үлкен экраннан тікелей эфирде көрсетпек.

Дзюдо
Чилидің Сантьяго қаласында дзюдодан кадеттер арасында әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстандық балғын балуандар бұл біріншілікте бір күміс және бір қола медаль иеленді. Әлем чемпионатына 64 елден 428 жас спортшы қатысқан болатын.
60 килода белдескен балуанымыз Нұрзат Сәлімбаев жарыстың екінші күнінде ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. Ол финалдық бәсекеде ресейлік Казбек Нагушевке есе жіберіп, күміс медальға ие болды.
Ал 81 килода татамиге шыққан қазақстандық дзюдошы Серікболсын Шынтас қола медаль иегері атанды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде отандасымыз тәжікстандық балуан, кадеттер арасында Азия чемпионы Маджидов Джо­хонгирді таза жеңді.

Теннис
Теннистен Қазақстанның бірінші нөмірлі, әлемнің 52-ші ракеткасы Юлия Путинцева әлемнің мықты теннисшілері бас қосқан Цинциннати (АҚШ) тур­нирін жеңіспен бастады. Отандасымыз алғашқы кез­десуінде дүниежүзілік рейтингте 75-орында тұрған парагвайлық Вероника Сепеде-Ройгты 6:4, 3:6, 6:3 есебімен ұтты. 
Енді Ю.Путинцева турнирдің екінші кезеңінде әлемнің 8-ракеткасы ресейлік Светлана Кузнецовамен кортқа шығады. Айта кетейік, турнирдің жүлде қоры 2,5 млн АҚШ долларынан асады. 

Әзірлеген Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»