Әдебиет • 16 Тамыз, 2017

Табиғаттың өзіндей дарқан ақын

929 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сонау бір жылдары Алматы жұртшылығы Мәскеуден МГУ-ды бітіріп бір сұлу қыз елге келіпті, – деп шу ете қалды. Күндердің күнінде бізге де сол аруды бетпе-бет көрудің сәті түскен. Айтса айтқандай-ақ екен, талшыбықтай сымбатты, аймаңдай ару Жазушылар одағының екінші қабатында, бір топ қаламгерлермен бірге отыр. Қасында атақтары жер жарған Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Герольд Бельгер сынды белгілі тұлғалар бар. Бәрінің назары әлгі қызда. Өткен-кеткеннің бәрі бұл кім болды екен дегендей, әлгі көрікті бикешке көз тоқтата қарап өтіп жатыр.

Табиғаттың өзіндей дарқан ақын

– Бұл Нәзікен Алпамысқызы. Өзі халық шаруашылығы институтында мұғалім көрінеді, – деді біреу көп көңіліндегі сауалды оқығандай.

– Солай ма? Мен ақын шығар десем... Экономист болса, мұнда неғып жүр? – деген жас жігіттің сөзі бұл жолы да жауапсыз қалмаған. 

– Экономист болса қайтеді? Бәлкім, бұл қыздың да әдебиетке бір қатысы бар шығар. Тіпті сен ойлағандай, ақын болуы да ғажап емес. Қарашы, шір­­кін, өзі де тұнып тұрған поэзия емес пе?! Өткенде осы перизатты Ге­ра (Бельгер) ағамыздың өзі «әлем әде­биетін терең білетін әйел затын бұ­ған дейін көрмеп ем. Ал Нәзікенмен сөй­лессең, жан сарайың кеңіп, бір рахатта­нып қаласың», – деп оның сыртынан сүйсініп отырған, – деді бастапқы адам тағы да.

Несін, жасырайық, сырт сымбаты­мен ғана емес, білім-білігімен де әлгін­дей марқасқа азаматтарды аузына қара­тып отырған Нәзікен атты аруға сол сәт қызыға қарап қалғанымыз да рас.

Көп ұзамай сол Нәзікен Алпамыс­қызымен, оның жан әле­мімен жақы­нырақ танысудың да мүм­кіндігі ту­ған. Олай дейтінім, рес­пуб­ликалық ба­сылымдардың бірінде оның бір бетке жуық жыр топтамасы жарқ ете қалды.

Аты-жөніне сырттай қанық болған соң, газеттің әлгі бетіне еріксіз үңілсек те, жұрт­тың мамандығы экономист екен деген сөзі де есімде, содан болар, алғашында басыма оның жырлары әуесқой біреудің ұйқас қуалаған жай шатпағы шығар деген де ой келген.

Әйтсе де бұл күдігім көп ұзамай-ақ сейіліп сала берді. 

Жүректің өзі білер кімге құларын,
Бүйректің өзі білер кімге бұрарын.
Көңілдің өзі білер неден қаларын
Сағыңның өзі білер неден сынарын – дейді ақын.

Құдай-ау, салған беттен мынадай ке­сек-кесек ойға тап боламын деп кім ой­лаған. Онда да жылт еткен майы жоқ қаракесек ет сияқты, қарадүрсін тақ­паққа емес, сөз құдіретінің түйінін өзің шеш дейтін тұңғиық ойға тұншығып қал­ғандайсың. Келесі «Қызыл шетен­нің» де мәніне бойлаған адамға айтары мол боп шықты. Онда Нәзікен сізді ерік­сіз табиғаттың тылсым сырына қанықтырады. Ақынмен бірге сіз Ала­таудың сонау бір заңғар шыңына шы­ғасыз. Сол жерде қып-қызыл тасты жа­рып шыққан күрең шетенді көріп, қа­йыс­пас қайсарлыққа онымен бірге қай­ран қаласыз. Кәне, тыңдап көрелік.

Үскірік те мойытпаған шетенсің,
Аптапқа да төтеп берген бекемсің.
Ала жаздай көрмесең де ақ нөсер
Қандай нәрмен желкілдеп тұр екенсің? – деп өз таңданысын жасыра ал­маған ақын одан әрі шетенмен адамша сырласып кетеді.
Көңілім жетімсіреп ұмтылғанда,

Тауға кеп жұбанамын мұң тұнғанда, – деп оған жан әлемін ақтара отырып, іш­тей түлей бастағанын өзі де аңғармай қалады. 
Көктемде шетен болып қайта келіп,

Тауымды жайқалтып бір түлетермін – деп иығындағы ауыр ойды сілкіп тас­тап, жан сарайын бір тазартып алады. Ақын ойының сәулелі жарқылы сіз­ді де бейжай қалдырмайды. Лезде тыны­сыңыз кеңіп, жаздың бір жанға жайлы қо­ңыр самалы желпіп өткендей күй кешесіз. 

Міне, осындай алғашқы топтама­сымен-ақ поэзия әлеміне үлкен дайын­дықпен, ең бастысы, зор махаббатпен кел­ген Нәзікен ақын содан бері өсу, өрлеу үстінде. Оның тақырып ая­сы да барынша кең. Бірде Тұмар ха­нымға айналып, ел намысын жыр­тса, енді бірде лүп-лүп соққан жү­регін алақаныңызға салып береді. Ең бастысы, ол нені жырласа да ойды жа­да­ғай айта салмайды, әркім өз зерде­сінен өткізетіндей тереңнен тартады. Жан сарайының есігін алдыңнан айқара ашады. Ондайда сіз де бар ықыласыңызбен ақынның шуақты сәттеріне ортақтасып, көңілі жабырқау тартса, бірге мұңданасыз. 

Бір қарағанда, ақын жаны сізге тым мұң­дылау боп көрінуі де мүмкін. Алай­­да жете үңілсеңіз оның жалқының емес, көптің көңіліне тұнған ойды айтатынын байқайсыз. Және жай ғана айтып қоймайды, қоламтада қоздап жатқан отты үрлегендей, ой жалынын лаулатады. 
Жалпы Нәзікеннің бойындағы өмір­ге іңкәрлік, тұла бойына тұнған мейірім шуа­ғы, жан жомарттығы әр сөзінің аста­рынан лүпіл қағып жатқандай. Өйт­кені, нендей тақырыпқа қалам тербесе де ол өз жүрегінен өткізіп айтады. 

Өзі­мізге белгілі нәзік жандылардың жан әлемін жырға қоспаған ақын кем­де кем. Тіпті кейде әйел затына деген жү­рек бұлқынысы айтыла-айтыла түге­сілген сияқты да көрінеді. Алайда әр дә­уірдің де, әр ақынның да бұл орайда айтары таусылмасы және анық. Нә­зікен ақын да бұл тақырыптағы жыр­ларды өзіндік ізденісімен барынша байыта түскендей. Бұл сөзіміздің ақи­қатына көз жеткізу үшін кәне, оның «Әйел патшалығы» атты өлеңіне кезек берелік. 

Сәулелі әлем төрінен,
Сыр-сезім тасып төгілген
Әйелдің нәзік жанында
Бір патшалық бар.
Пайымда:
Балауса балғын бағында,
Тәңір берген аманат
Сенім. Үміт. Махаббат.
Үш пірі отыр тағында! – дейді ол. Ақын одан әрі әйел-ананың  ел бір­лігінің, береке-ырыстың бастауы екенін нық­тай түседі де:

Шұғылалы шалқар көңілден,
Ақжарқын пейіл өрілген.
Ананың пәк жанында
Бір патшалық бар.
Пайымда:
Миуалы жомарт бағында
Тәңір берген аманат
Өнеге. Сабыр. Мархабат.
Үш пірі отыр тағында! – деп сөз өрнегін төгеді. Сіз бұл оймен де еріксіз келісесіз. Келіспеске еш шараңыз жоқ. Өйткені, бұл да риясыз шындық.
Нәзікен Алпамысқызының қа­лам қа­­ры­мы, оның жырларының по­э­­ти­­калық дара­лығы жайлы айтып отыр­­­ған біз ғана емес. Бізге дейін де оның ақындық болмыс бітімі, жеткен жетістігі, шыққан биігі жайлы ой тол­ға­ған қаламгерлер де баршылық. Олай болса, солардың қатарынан үш-төрт адамға сөз кезегін берсе, еш артық болмас. 

Міне, Қазақстанның халық жазушысы, арқалы ақын ағамыз Хамит Ерғалиев былай дейді: «Нәзікен Алпамысқызы деген қыздың әрқайсысы нақыл сөз боп ауыздан ауызға тарап кеткелі тұрған ғибратты бір қақпайлары таңдай жұта тамсандыратын дүниелер»
Ал ұзақ жылдар жұптары жазылмай, ой-пікірі жарасқан досы Герольд Бель­гер болса «Для определение ее поэзии я бы употребил такие слова – ориентиры, как нежность, аристократизм, диалектика души и жизнелюбие. Вообще у Назикен изысканный, в высокой степени окультуренный, метафорический язык... Лексика, миропонимание, мировосприятие ее философичны!» – деп ағынан жарылған екен.

Оның бұл сөзін көрнекті әдебиетші ғалым Мүсілім Базарбаев та жандандыра түседі. «Нәзікеннің ақындық таланты өзгеше, сөздері соны. Сондықтан да қазақ поэзиясының сәнін де, мәнін де байытатын  ақын» деп оған нақты баға берсе, кейінгі ұрпақтың көрнекті бір өкілі Әуезхан Қодар «Нәзікен аз уақытта өзін тұңғиық терең лирик ретінде, сонау скиф пен сақ дәуірінен үн қатқан текті Томиристей нәзіктігі мен өрлігі бірдей өрілген дара тұлға ретінде көрсете білді» деп бүгінгі зиялы қауым атынан түйінді пікір айтады.

Осы марқасқа азаматтардың бәрі де байқасаңыз, Нәзікеннің поэзия әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келгеніне баса тоқталса, оған біздің алып-қосарымыз сол – Нәзікеннің алғашқы тырнақалды туындысы «Шырағданнан» бастап «Жарқырап аспанымда күн тұрғанда» атты жинағына дейінгі еңбектерінің бәрі де ақынның ащы терінің жемісі, жан аямас ізденісінің нәтижесі. Иә, поэзия патшалығына зор талғаммен, өлшеусіз махаббатпен енген Нәзікеннің өмір жолына көз салсаңыз, оның ақын болмауға хақы да жоқ сияқты көрінеді. Тіпті оның ақындық жолға түсуіне Тәңірінің өзі жағдай жасаған ба дейсің.

Ең алдымен ол бір-біріне ынтық боп қосылған Алпамыс пен Бақтылының жалғыз перзенті болды. Яғни, ол ыстық махаббаттан жаралған. Сондықтанда ғой «Бір тал қызға қарап қаласың ба? Саған ұл сүю керек» деген ағайынның сөзіне әкесі «Мен осы жалғызымды он ұлға  айырбастамаймын»-деп жауап беріпті.

Әкесі жылқышы еді. Соған орай, тауда туып, тауда өскен Нәзікен бала кезі­нен-ақ аттың құлағында ойнап, бойжетті. Тұмса табиғаттың сырына қа­нықты. Содан да ол өзін айнала қор­шаған ортаның бөлінбес бөлше­гіндей сезінді. Табиғаттың соны мінезін де бойына сіңірді. Күндей жарқырап, ақ жаңбыр боп құйылу да, көл-көсір көңіл сыры да сол табиғат берген сый. Оған қоса жан сарайы кең ата-ана берген тәлім мен тәрбиені нағашысы Шалтабай шешеннің ақжарма аңқылдақтығы да толықтыра түскендей.

Иә, бетінен ешкім қақпаған ерке қыз зерек боп өсті. Қатарының алды бол­ды. Алматыдағы университетте оқып, Мәскеуден аспирантураны бітірді. Жас маман елге келген соң Алматы халық шаруашылығы институтында сту­денттерге тәлім берді. Осы жылдар ішін­де де өсу-өрлеу үстінде болды. Ма­мандығына сай ғылыми ізденісін де жалғастырды. Ғылым докторы, профессор атанды, төккен терінің өтеуі қайтты.

Дегенмен  оның жаны поэзия әлемін аң­сады. Мазасыз ойларын қағазға түсіру оны жаңа бір тылсым әлемге жетелей берді. Самғайтын кеңістік те, іштегі қызулы  ой да, запырандай ащы мұң да өлең боп өрілді. Егер осы бойын буған бұла сезімдер лықсып сыртқа шықпаса, онда өзінің де өртеніп кететінін Нәзікен жүрегімен түйсінді. Түйсінгені сол, ол поэзияны жанына ғұ­мырлық серік етіп алды. Сәтті шыққан өлең шумағына жұбанды, басына сәулелі ой келгеніне қуанды. 

Табиғаттың аясында, таудың бау­райында, киіз үйдің ішінде өскен Нәзікеннің халқының тыныс-тіршілігін, салт-­дәстүрін, тілі мен ділін терең бі­луі де оның адами болмысын байыта түсті. Осы арада бір айта кететін жайт, Мәскеуде өткен бір жиында та­нысып, ой-пікір алмасқан Шыңғыс Айт­матов сынды заңғар жазушының қазақ қызының өз халқының өмірі мен тұрмысын терең білетіні тәнті еткені сондай, қайсыбір еңбектерін жазу үстінде өзі жете білмейтін, күмәнділеу көрінген кейбір жайттарды Нәзікенге телефон соғып, егжей-тегжейлі сұрап алатынын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Осы бір ғана жайттың өзі де Нәзікеннің рухани бай адам екендігін байқатып тұрған жоқ па?!

Ең бастысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нәзікен Алпамысқызы бүгінде болдым, толдым деп, тоқырап, тоқтап қалған жоқ. Ізденуден, жан әлемін байытудан жалыққан емес. Демек, бұл онымен алдағы уақытта да сандаған сәулелі жырлары арқылы жүздесеміз деген сөз. Лайым, солай болғай. 

Жұмагүл Солты