Тәрбие • 16 Тамыз, 2017

Жастарға ізгілік жайында дәріс оқыды

556 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Филология ғылымдарының докторы, профессор Ме­кемтас Мырзахметұлы тараздық жоғары оқу ор­нының студенттеріне абай­тану ғылымындағы мәсе­лелер тақырыбы бойынша дәріс оқыды.

Жастарға ізгілік жайында дәріс оқыды

Ұлы ақынның мұрасын зерттеп-зерделеуге сүбелі үлес қосып жүрген ғалым ғылымға келуі жайында баяндап, шайырдың әдеби әлеміне тоқталды.
– Әрбір қазақ Абайды білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Біз содан сақтануымыз керек. Жастар қуыс кеуде болып қалмауы қажет. Байлықты өмір бойы жинап, ана дүниеге алып кеткен кімді көрдіңіздер?! Жиған-тергеніңнің барлығы қалады. Сондықтан, рухани мұраға басымдық беру керек. Абайда  176 өлең, 3 поэ­ма, 45 қарасөз бар. Ал оқысаң таусылмайтын қазына іспеттес. Хакім бұл шығармаларын ақша үшін жазған жоқ, ол өз жан-дүниесін жазды. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның шындығын, зарын жазды. Оның ішкі әлемі қайырлы. Сондықтан да оның әдеби мұралары өте терең, мағыналы. Қазақтар үшін одан құнды, одан мәнді дүние жоқ, – деді М. Мырзахметұлы.

Сондай-ақ, ол жастарға «Толық адам» ілімі туралы да кеңінен әңгімеледі. Ғалымның айтуынша, ұлт бойындағы мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін «Толық адам» ілімі өскелең ұрпақты теріс мінез-құлықтан арылтуға септеседі.

– Халқымызда «Бір жыл­дығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді» деген ғажап сөз бар. Бір қарағанда әңгіме арасында айтыла салатын көп на­қыл­дың бірі ғана сияқты. Бірақ пайымдасаң, мағынасы тереңде екені аңғарылады. Бұл ұғымды ата-ана баласына, үлкен кішіге өсиеттеп, ұмы­тылмай келе жатқанының өзі бабаларымыздың ізгілік дегеннің не екенін біліп қана қоймай, оны адам мен қоғам бойына сіңіру қажеттігін өте ерте танығанын айғақтайды. Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі һәм бірегейі – адами құндылықтарды сақтау. Ал Абай еңбектеріндегі «Толық адам» ұғымы адамзатты кісілік тұрғысынан жетілдіруді көздейтін үлкен даналық ойлармен ұштасып жатқан күрделі мәселе. Ақынның мұраты – адамды рухани кемелдендіру арқылы қоғамды жетілдіру, елді ілгері дамыған мәдениетті мемлекеттер қатарына қосу, – деп атап өтті абайтанушы ғалым.

Кездесу барысында М.Мырзахметұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақала­сындағы ұлттық код мәселесі жайына да тоқталып, ата-баба­ларымыздың салт-дәстүрі мен ұстанымын жаң­ғырту қажет­тігін айтты. 

– Бұл дүниеде ең жаманы – бейқамдық. Біздің өмір сүріп отырған аумалы-төкпелі уа­қытымыз жайбасарлықты көтер­мейді. Сол себепті қазақ жас­­тары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбек етуі керек. Қолымызда тұрған алтынның қадірін біліп, бабалар аманатына қиянат жасамау, басты парызымыз. Абайдың философиялық лирикасы мен ой-толғамдары бізге алға жол сілтер шамшырақ іс­петті болуы тиіс, – деді ол.

Жиын соңында жас­тар ға­лымға көкейлеріндегі сұрақ­та­рын қойып, толымды жауап алды.

Жандар АСАН,
әдебиеттанушы