Үкімет • 16 Тамыз, 2017

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тиімді несие ала алады

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары «АгроЭкспорт» арнайы бағдарламасы бойынша тиімді несиелер ала алады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифинг барысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев мәлім етті, деп хабарлайды primeminister.kz

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тиімді несие ала алады

Басқарма төрағасы экспорттық әлеуетке ие қазақстандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындары төмендетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша тиімді несие қаражаттарын ала алатынын мәлімдеді.

Май шығаратын зауыттарды, ет комбинаттарын, ет бағытындағы құс фабрикаларын, құрама жем зауыттарын, жеміс-көкөніс қоймаларын, жылыжай кешендерін, тауарлық балық өндірісін және т. б. құру, кеңейту және жаңғыртуға қатысты инвестициялық жобалар ендігі қаржыландыру басымдығына ие. «Аграрлық несие корпорациясы» 2016 жылдың соңынан бастап инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған «АгроЭкспорт» бағдарламасын іске асырып жатыр. Биылғы жылға бағдарлама бюджеті шамамен 80 млрд теңгені құрайды.

«АгроЭкспорт» бағдарламасы отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне несие алудың барынша төмендетілген мөлшерлемесін ұсынады. Ол соңғы қарызгерге жылына 8%-ды құрайды. Несиелендірудің ұзақ мерзімді түрі – 10 жылға дейін қарастырылған, ал жеңілдікті кезең 2 жылға созылады, ол аяқталғаннан кейін несиені төлеу кезеңі басталады. Бағдарламаның міндетті талаптары – тұрақты қаржылық ахуал, бизнес жоспардың болуы, жобаға кем дегенде 15% жеке қаражатпен қатысу, сондай-ақ, кепілзаттардың болуы.

Несиені негізгі құралдарды сатып алуға, соның ішінде нысандарды жаңғыртуға, құрылыс-монтаж жұмыстарына және реконструкциялауға, инвестжобаны іске асыру аясында айналым қаражаттарын толықтыруға алуға болады.

«АгроЭкспорт» бағдарламасы бойынша қаражаттар АНК-дан тікелей және екінші деңгейлі қазақстандық банктер арқылы бөлінетін болады. Корпорация бірқатар банктермен сәйкес келісімдерге қол қойды, олардың ішінде Ұлттық банк, ForteBank, ЦеснаБанк, Банк ВТБ Қазақстан, Сбербанк және т. б. бар. Инвестжобаларды құру үшін қаржы алуға ниет білдірген клиенттер Қазақстан бойынша банктердің бөлімшелеріне құжаттарын өткізе алады.

Соңғы жаңалықтар