Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Ол өз елінің патриоты

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Алматыдағы «Оң­түстік» өңір­лік қолбас­шылы­ғының арнайы және әскери тасымалдау бөліміне қызмет барысы­мен барған болатынмын. Сон­да бөлім бастығы майор Павел Фещенко: «Үздік ма­ма­ндарымыздың бірі сержант Дәурен Омаров», деген соң болашақ кейіпкеріммен тезірек жолығуды мақсат тұттым.

Ол өз елінің патриоты

Солай, Дәуренмен жолықтық. «Жылқы кі­сінескенше, жақсы адам сөйлескенше» деген ғой. Болашақ кейіпкерімізбен әп-сәтте әңгімеміз жарасып жүре берді.

2009 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Ұлттық ұлан­ның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде өтеген Дәурен, кейін сол әскери құ­рылымға «тастай батып, судай сіңген екен». Яғни, әскерден соң қызметін келісім­шарт негізінде жалғастырған.  Содан бері елім деген азаматтың саналы ғұмыры ел қор­ғау ісімен сабақтаса өрбіп келеді. Осы уақыт­қа дейін Дәурен Ұлттық ұланның кіші буын командирлеріне тиіс қандай лауа­зымды атқармады десеңізші. Қазір «Оңтүстік» өңірлік қолбасшы­лығының арнайы және әскери тасымал бөлімінде қызмет етеді. Жақында алғашқы офицерлік шенін алуға ұмтылып отырған жайы бар. Ол қандай лауазымдарда қызмет атқармасын, ең әуелі қыңқ деп қиындыққа мойымай, Отан үшін адал еңбек етіп келеді.

Дәурен осы күнге дейін Отан қорғау жо­­лын­дағы қызметін айрық­ша ынтамен атқарып, адалынан абырой биігіне көтерілген аза­маттар санатында. Оның ашықтығын, көп­шілікке көмек қолын соза білетін жарқын­дығын, өз қызме­тін жетік білетін біліктілігін әріп­­тес­тері құрмет тұтады. Үздік қыз­меті үшін бірнеше рет жоғары басшы­лықтың марапатына ие болған.

Темір жол қызметі саласының ішін­де ар­найы және әскери тасы­мал­­дау ісінің көтеретін жү­гі қа­шан­­да қомақты. Бөлім басшы­лы­ғы­ның айтуынша, сержант Дәу­рен Омаров өз ісін жетік біле­тін маман.

«Қызметіме келер болсақ, біз­дің міндет­ тікелей темір жол­мен байланысты. Біздің еліміз өзде­ріңізге белгілі, айналасында теңіз жол­дары жоқ, құрлықішілік тасымалға ие ел. Сондықтан да бү­кіл елдегі тасымал негізінен те­мір жол және автожолдар ар­қы­лы жүзеге асырылады, оның ішінде темір жолдың жүк жеткізу үлесі 100 пайыздың 73 пайызына дейін.

Біз осы көлік түрінде арнайы және әске­ри тасымалды үйлес­тіреміз. Біздің қыз­мет­ке елі­міздегі кез келген мекеме арнайы тап­сырыс беру арқылы жүгінеді. Мәсе­лен, шека­ра қызметі өздерінің құры­лымдық бө­лім­шелеріне әртүрлі жүктерді жеткізуге, ал Ұлттық банк валюта тасы­ма­лын ұйымдастыруға тапсырыстар беріп жа­тады. Көріп отыр­ғандарыңыздай, біздің жүк тасымалына артылған жауапкершілік зор. Ол біріншіден, сол тасылатын жүктің маңыз­дылығына, сонымен бірге оның мемлекет үшін стратегиялық мәніне байланысты. Одан басқа, адамдарды темір жол арқылы тиіс­ті жерге жет­кізу, әскери техника, Қарулы Күш­­терімізге қатысты кез келген тасымал ісін біз атқарамыз. 2009 жылға дейін біз Ішкі істер министрлігінің құрамында болдық. Сол жылдан бастап біздің қызмет бүгінгі Ұлт­тық ұлан құрамына енгізілді. Бұл жұмыстың тиімділігі үшін ве­домствоаралық жүргізілген реформа нәтижесі болып табылады.

Арнайы және әскери темір жол жүк тасы­малы қызметіндегі аса жа­уапты іс бұл – қауіп­сіздік шараларына әрдайым бекем болу. Ол дегеніміз, тасымалданушы жүк­­терді, пайдалану техника­ны қауіпсіздік талаптарына сай жаб­дықтау, мамандарға қауіп­сіз­дік ережелерін ұдайы оқы­тып-үйрету. Қазіргі таңда бұл мәселе­лер «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­шылығының тасымалға қатысты бөлім­шелерінде толықтай шешімін тап­қан. Жыл сайын мамандарды арнайы курстарда оқытып, біліктілігін жетілдіріп отырамыз. Мұ­н­ың сыртында «Қазақстан темір­ жолы» АҚ мамандары қажет­ті әдістемелік көмек­терін ұдайы көр­се­тіп тұрады», дейді ол қызметі жайлы.

Қорыта айтқанда, сөзі мен ісі бір арнада қабысқан жандар­ды сертке берік азамат дей­міз. Олар әрқашанда бір сөзді келе­ді. Қиналыс танытпай, ел үшін жү­гіне қызмет атқарды. Халқымыз айтатын «Ердің ісі – келіс» деген де осы. Тәуелсіз елдің тұғырын тіктеп, кемел келешекке нық қадам басуына да осындай нар азаматтардың ақ-адал еңбегі бірден-бір себепші екені анық. Олардың қатарынан Дәуреннің де орын алары рас. 

Арман ӘУБӘКІРОВ,
журналист

Алматы