Футбол • 17 Тамыз, 2017

«Астана» сырт алаңда «Селтиктен» оңбай ұтылды

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчта елордалық «Астана» футбол клубы шотландиялық «Селтик» командасынан жеңіліп қалды. Глазго қаласындағы «Селтик Парк» стадионында өткен ойын 5:0 есебімен алаң иелерінің пайдасын шешілді.

«Астана» сырт алаңда «Селтиктен» оңбай ұтылды

Глазгодағы жаңбыр мен қатты желдің екпінімен басталған ойында екі клуб өте сақтықпен ойнады. Бірақ, «Астана» нөсерге қарамай, матчтың алғашқы 30 минут бойы қарсылас қақпасына қауіп төндіргенімен, гол соға алмады. Ойынның негізгі оқиғасы бірінші таймның 32-минутынан басталды. Футболдағы «Сен соқпасаң, саған соғады» деген тәмсілді ұстанған «Селтиктің» австралиялық шабулышысы Том Рогич Мокиннің үстінен асыра тепкен допты қайтармақ болған Евгений Постников өз қақпамызға гол соғып алды.

Арада екі минут өткен соң Постниковта өз қателігін жою үшін тамаша мүмкіндік туындаған еді. Бірақ Евгений тепкен доп қарсылас қақпа бағанынан сәл қиыс кетті. Бірінші тайм аяқталар тұста елордалық клубқа осы маусымда қосылған венгриялық футболшы Ласло Кляйнхайслердің жіберген қателігі «Астанаға» қымбатқа түсті. Ласлоның қателігін ұтымды пайдаланған Скотт Синклер матчтың 42-минутында есепті 2:0-ге жеткізді.

Ойынның екінші бөлігі де «Астана» үшін сәтті бастала қоймады. 60-минутта Скотт Синклер қақпамызға екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Голдан кейін отандастарымыздың ұнжырғасы түсіп, шабуылды мүлдем ұмыта бастады. Әлсін-әлсін шабуылдағанымен, ойын тізгінін толық алаң иелеріне беріп қойды. Нәтижесінде, «Селтик» футболшысы Джеймс Форрест 79-минутта есепті 4:0-ге жеткізді. Ал арадан тоғыз минут өткенде Игорь Шитов өз қақпамызға матчтағы соңғы бесінші голын соқты. Бір қызығы, ойынды «Астана» футболшылары автоголмен ашып, автоголмен жауып юерді. Сөйтіп, ел чемпиондарымыз Шоталндиядан 5:0 есебімен ойсырай жеңіліп қайтты.

Ойыннан кейін «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов журналистерге берген сұхбатында шәкірттері бірқатар жекелей қателік жібергенін, «Селтик» футболшылары өздеріне берілген мүмкіндікті сәтті пайдалана білгенін атап өтті. «Селтик» командасын бүгінгі жеңісімен құттықтаймын. Бүгін футболшыларыма не болғанын түсінбей далмын. Өте көп өрескел қателік жіберді. Дегенмен, өз елімізде өтетін жауап ойынында салмақты ойнап, жеңілмеуге тырысамыз. Егер, жеңіске жетіп жатсақ тіпті жақсы. Футболшыларымыз «Астана Аренада» жақсы ойнайды. Сондай-ақ, жанкүйерлердің қолдауы бізге қосымша күш беретінін айтқым келеді» - дейді С.Стойлов.

Айта кетейік, «Астана»-«Селтик» арасындағы плей-офф кезеңінің жауап кездесуі 22 тамызда «Астана Аренада» өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының, ал жеңіліске ұшыраған клуб Еуропа лигасында топтық кезеңінде ойнайтын болады.

Селтик» (Шотландия) – «Астана» (Қазақстан) – 5:0 (2:0)

Гол: Постников, 32-автогол. Синклер, 42. Синклер, 60. Форрест, 79. Шитов, 88-автогол.

Ескерту: Браун, 42. Тирни, 49 – Постников, 6. Логвиненко, 63. Шитов, 69.

«Селтик»: Гордон, Тирни, Шимунович, Биттон, Лустиг, Нчам, Браун, Синклер, Рогич (Макгрегор, 63), Форрест (Армстронг, 82), Гриффитс.

«Астана»: Мокин, Шомко, Логвиненко (Бейсебеков, 66), Постников, Шитов, Маевский, Кляйнхайслер, Мұжықов (Граховац 82), Томасов (Муртазаев, 77), Твумаси, Кабананга.

Төрешілер: Хацеган, Шовре, Георге (бәрі де – Румыния)

16 тамыз. Глазго. «Селтик Парк».