Әдебиет • 17 Тамыз, 2017

Ол еңбек етіп жүр...

281 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арындап келе жатқан автокөлік бағдаршамның қызыл жарығына кілт тоқтады. Сол-ақ екен, біз мінген авто­көліктің айналасына бір топ бала жинала қалды.

Әуелгіде түкке де түсінбедім. «Бірнәрсе болып қалды ма» деп айналама қарасам, бір топ бала әр машинаға бөлініп, әлдене сұрап жүр екен. Бізге де бір бала бөлінді.

Терезенің әйнегін түсірген мен олардан не үшін жүр­гендерін сұрадым. Бала именген жоқ.

– Ағай, бүгін жұма. Қайыр-садақа беріңіз, – деді бетіме тік қарап.
Қалтамды қармандым.

– Бүгінгінің балаларына дейін қайыршы. Не болып кет­кен өзі? Осылардың әке-ше­шелері бар ма екен, тегі? – деп қа­сымдағы жолсерігім күңкілдеді.

– Е, әке-шешесі болмаса, бұл балалар қайдан келді? Ләй­лек құс әкеліп тастамаған шығар, – деді екінші жолаушы.

«Япырай, осы балалардың өскенде бойларына тілемсектік жаман әдет сіңіп кетпес пе екен?» деп күйзеле отырып ойладым.
Әркім-әркімнен бес-он теңге жинап алған жеткін­шек­тер жол бойында мәз-мейрам болып қала берді. Бір-біріне қанша тапқандарын көрсетіп, ыржаң-ыржаң етеді.

Бұларға әке-шешесі «кө­шеге шығып қайыр сұраңдар» деп айтпаған шығар. Сонда олар мұндай әдепсіздеу әдетке қайдан барып жүр?
– Шіркін, балалық-ай! Бұлар­дың да басқалар сияқты балмұздақ жегілері келеді ғой, – деді менің ойымды оқып келе жатқандай жанымдағы жолаушы балаларды ақтап алмақ болып.

Оның бұл пікіріне мен ләм-лим деп тіл қатпадым.

Балмұздақты әркім-ақ же­гісі келеді. Тіпті, үлкендер де. Бірақ оны адал еңбекпен тап­пас па? Бүгін әркімге тел­­міріп көзін сатқан бала ертең есейгенде масылдық пиғыл­дан, жатыпішер жалқаулықтан, сұмырай сұраншақтықтан, тек­сіз тілемсектіктен арыла алар ма екен? Абай атамыз айтқан «теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман» осындай қараусыз қалған қалқатайларымыздан шықпай ма? 

* * *

Күні кеше, иә, күні кеше бағдаршамның қызыл жары­ғына көлігіміз тұрып қалды. Бір жас бала жүгіріп келіп, тере­земізді қақты. «Тағы да сұ­раншақ балалар болды ғой» деп тыржың еттім. Өт­кен­де ғана бағдаршамның қы­зыл жарығына тоқтаған ав­токөліктегі жолаушылардан теңге сұрап жүрген балаларды көргенмін. Оның алдында ауызашардан бұрын жарапазан айтып, көлік иелерінен, жолаушылардан теңге жинап жүргендерді кезіктіргенбіз. Сірә, бұл да солардың «сортынан ғой» деген бір ой қылаң бергені рас.
Бірақ бұл бала қайыр сұраған жоқ. 

– Аға, ту аласыз ба? – деді.

Қарасам, балақайдың қо­лын­да бір бума жалауша. Қа­­зақстан Республикасы Мем­­­лекеттік Туының шағын кө­­шірмесі. Жеңіс күндері биік­­терде желбірейтін Мем­лекеттік Ту адамдарға қашан да асқақ рух сыйлайды. Тудың бағасы қымбат. Осы Тудың жеңіс тұғырында желбіреуі үшін қаншама ерлер жандарын пида етпеді десеңізші. Бо­йымды бір алапат сезім биледі. 

– Ағай, алыңызшы. Елу теңгеден ғана, – деді балақай.
Біз төрт жалауша сатып алдық. 

– Көлігімнің ішіне іліп қоямын. Мына жерге. Сонда менің көлігіме мінгендердің қашан да отансүйгіштік сезімі оянады. Ал, шетелдіктер көлі­гіме міне қалса, «бұл ел не деген патриот» деп сүйсінетін болады, – деді такси жүргізушісі.

– Мен де жұмыс бөлмеме, үстелімнің үстіне қоямын, – дедім үнсіз қалуды орынсыз санап.

Осы бір сәт құйтақандай болып жұмыс істеп жүрген балақайды құшақтап, бауырыма басқым келіп кетті. Иә, ол еңбек етіп жүр. Сол аз­ған­тай ғана еңбегімен бәл­кім ана­сына көмектесіп жүрген шығар. Әлде қыркүйектегі са­­­бағына қа­жетті оқу құрал­дарын өз ең­бегімен алғысы келген болар. 
Соңыма бұрылып қарасам, жалауша ұстаған бала жол жиегінде тұр екен. 

Көңіл пердесін бір толқын тербеп өтті. Бұлдырап қалып бара жатқан балақайға сүй­сінгенім сонша, қайта барып тағы да жалауша алғым келіп кетті.
Иә, ол ертең үлкен азамат болады. Еңбектің, бейнеттің қадірін біледі. Бәрінен б­ұрын ешкімге көзін сатып, тел­мірмейді. Өз еңбегімен адал нанын тауып жейді. Ал, бізге қашан да нанын адалдап жейтін азаматтар керек! 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ