Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Агроөнеркәсіп кешенінің көкжиегі кең

294 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру негізінде еліміздің ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан. Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 3,1 пайызға, өсімдік шаруашылығы 0,7 пайызға ұлғайып, азық-түлік өнімдері өндірісі 7,5 пайызға өскен. Бұл жөнінде кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.

Агроөнеркәсіп кешенінің көкжиегі кең

Мемлекеттік бағдар­лама­лардың жүзеге асырылу бары­сы туралы брифингтер легі бұл жолы Агроөнеркәсіп кеше­нін дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасына арналды. Оған Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, ви­це-министр Рүстем Құрманов, «Аг­рарлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нар­мұхан Сарыбаев, «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасы Жандар Омаров қатысты. 

Қ.Айтуғанов өз кезегінде аграрлық қайта өңдеу саласын кешенді дамыту үшін 4 айдың ішінде кең көлемде талдау жүр­гізілгенін және алғаш рет қай­та өңдеу кәсіпорындарының мәлі­меттер базасы жасалғанын атап өтті. Бұл база ағымдағы жағ­дайды бағалауды, қуатын, іске қосу жылын, жабдық түрін, жүк­те­месін, өнімнің көлемі мен но­менклатурасын, сондай-ақ, те­жеуші проблемаларды қамтиды.

Қайта өңдеудің басымдыққа ие 9 түрін дамыту үшін есептер жүргізіліп, оның ішінде әр облыс және аудан бойынша «Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының орналасу картасы» жасалған. 

«Картаны қаржыландыру мә­селесінде бюджетке түсе­тін салмақты азайтудың бірне­ше нұсқасы да қаралды. Тал­дау, ең алдымен, айналым қара­жаттарын толықтыруға несие ресурстары қажет екенін көр­сетті. Екіншіден, қаражат жаңа кә­сіпорындарды жаңғырту мен салуға қажет», деді Қ.Айту­ғанов. Сондай-ақ, ол бұл мін­дет­ті орындау үшін аталған бағыт­тар бойынша қаржы инсти­туттары несиелерінің пайыз­дық мөлшерлемесін субсидия­лау ұсынылғанын, мұндай тәсіл Қазақстан қаржыгерлері қа­уымдастығымен және банктер­мен талқыланғанын, олар атал­ған схема бойынша жұмыс жа­сау­ға әзір екенін атап өтті. Ай­туынша, қазіргі уақытта картаны ресімдеу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Содан кейін елі­міздің барлық өңірлерінде оны іске асыру басталады. Бұл қай­­та өңдеу өнімдерінің жалпы өн­ді­рісін 1,9-дан 3 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұ­мыс орнын құруға мүмкіндік бермек. 

Сонымен қатар, азық-түлік өнімдері экспортын ұлғайту бо­йынша міндеттерді орындау үшін «Азық-түлік корпорациясы» АҚ сыртқы нарықтарда барлық ауылшаруашылық өнімдерін сату жөніндегі операторға өзгер­генін, ол енді астықпен ғана емес, ауылшаруашылық өнім­дерінің басқа түрлерімен де айна­лысатынын хабарлады. 

Ағымдағы жылы 850 мың тонна ауылшаруашылық өнім­дерін сатып алуға 43,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Оған қоса, экспортқа арнап сатып алынатын майлы дақылдар мен қой еті алдын ала отандық зауыт­тарда қайта өңделеді, осы­лайша олардың жүктемесі артады. Нәтижесінде биылғы жыл­дың алғашқы 5 айында 880 млн АҚШ долларына АӨК өнім­дері экспортталды немесе өсім 4 пайызды құраған. Қайта өңдеу экспортының көлемі 7,6 пайызға өскен. 

Бірінші жартыжылдықта азық-түлік өнімдері өндірісі 7,5 пайызға ұлғайды. Өткен жылмен салыстырғанда ұн, макарон өнімдері, жарма, өсімдік майы және өңделген сүт өндірісі өсімі байқалды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Р.Құрманов атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті әлі де соңына дейін пай­даланылмаған, осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бо­йынша өндірістік қуаттарды орналас­тыру картасы әзірленіп отыр. Бүгінде Қазақстанда 1 345 бел­сенді кәсіпорын бар, олар­дың ішінде министрлік басым­дықты орталық топты анықтады, бірінші кезекте соларды дамыту көзделген. 

Жоғарыда аталған карта то­ғыз бағытты – сүт, ет, тері және жүн, майлы және дәнді дақыл­дарды, қант қызылшасы мен кар­топты өңдеуді қамтиды. Бұл бағыттар 435 кәсіпорында ұсы­нылған. Сонымен қатар, карта­да үш жүйелі қағидат негізге алын­ған. Біріншісі – несие ресурс­тарына қолжетімділік және ауыл­шаруашылық коопера­тив­тері арқылы қаражат жинау есе­бінен жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындарды барынша жүктеу. Екіншісі –жұмыс істеп тұрған 80 кәсіпорынды жаңғырту. Үшін­шісі – шикізатпен қамтамасыз етіл­ген, бірақ жеке өндірісі жоқ өңірлерде 79 жаңа қайта өңдеу кәсіпорнын салу.
Брифингте сондай-ақ, «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Н.Сары­баев Қазақстанның экспортқа бағдарланған ауылшаруашылық кәсіпорындары «АгроЭкспорт» арнайы бағдарламасы бойынша төмендетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша тиімді несие қаражаттарын ала алатынын мәлімдеді. «Май шығаратын зауыттарды, ет комбинаттарын, ет бағытындағы құс фабрикаларын, құрамажем зауыттарын, жеміс-көкөніс қоймаларын, жы­лыжай кешендерін, тауарлы балық өндірісін және та­ғы бас­қаларды құру, кеңейту жә­не жаң­ғыртуға қатысты ин­вес­ти­циялық жобалар қар­жылан­дыру басымдығына ие. «Аг­рар­лық несие корпора­циясы» АҚ 2016 жылдың соңы­нан бас­тап инвестициялық жо­балар­ды қаржыландыруға ба­ғыт­тал­ған «АгроЭкспорт» бағдар­ла­масын іске асырып жатыр. Биылғы жылға бағдарлама бюд­жеті шамамен 80 млрд тең­гені құрайды», деді Н.Сарыбаев.

Айтуынша, «АгроЭкспорт» бағдарламасы отандық ауыл­ша­руашылық тауарларын өндіру­шілерге несие алудың барын­ша төмендетілген мөлшер­ле­месін ұсынады. Ол соңғы қарызгерге жылына 8 пайызды құрайды. Несиелендірудің ұзақ мерзімді түрі – 10 жылға дейін қарастырылған, ал жеңіл­дікті кезең 2 жылға созылады, ол аяқталғаннан кейін несие­ні төлеу кезеңі басталады. Бағдар­ламаның міндетті талаптары – тұрақты қаржылық ахуал, бизнес жоспардың болуы, жобаға кем дегенде 15 пайыз жеке қа­ра­жатпен қатысу, сондай-ақ, ке­піл­заттардың болуы болып та­бы­лады. 

Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қоры» АҚ басқар­ма­сы төрағасы Ж.Омаров өз кезе­гінде жеке қосалқы шаруа­шы­лықтар мен ауылша­руа­шы­лық кооперативтердің қол­дау тетік­тері туралы баяндады. Мә­лім­деуінше, ауылшаруа­шы­лық кооперативтерін несиелеу «Ынтымақ» бағдарламасы сер­вис­тік дайындау қызмет­терін ұйымдастыру және ауыл­ша­руашылық өнімдерін қайта өңдеуге 7 жылға дейін жылына 6 пайызбен 50 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап кепіл мүлкін қамтамасыз етудің жеңіл механизмі жұмыс істейді, кепілге қаражат есебінен сатып алынған мүлік қабылданады. Кооператив мүшелері үшін «Береке» және «Игілік» бағдар­ламалары бойынша жеңіл несие­леу қарастырылған. Бұлар бо­йынша жылдық сыйақы мөл­шер­лемесі 6 пайыздан аспайды. Мал бордақылауды ұйым­дастыру үшін кооперативке қа­тысушылар 6,5 жылға дейін 4,0 млн теңгеге дейін қара­жат ала алады. Малды өсіру үшін 6,5 жылға дейін 6,0 млн теңг­е­ге дейін несие бері­леді. Осы­лайша, ағымдағы жылы ауыл тұр­ғындары мен ауыл­шаруашылық кооперативтерін қаржыландыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 41 млрд теңге беру жоспарланып отыр.