17 Тамыз, 2017

Бірқатар проблемалық мәселелер талқыланды

918 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қарағанды қаласында Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық атқару департаментінің қызметкерлерімен кездесіп, аймақтағы қылмыстық-атқару жүйесінің бірқатар проблемалық мәселелерін талқылады.

Бірқатар проблемалық  мәселелер талқыланды

Кездесу барысында құқық қорғау қызметінің мәселелері мен «Пробация туралы» Заңды тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, Парламент депутатын  Департамент және оның бөлімшелерінің қызметіндегі проблемалық жайттар, әлеуметтік жұмыс бағыттары, сотталған азаматтарға психологиялық көмекті ұйымдастыру, аталмыш бағыттар бойынша Департаменттің үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас деңгейі қызықтырды. 

Жиында айтылғандай, бұрын істі болған жандарды сот шешімі шыққан сәттен бастап түзету мекемелерінен босағанға дейін қайта әлеуметтендіру бойынша көп жақты жұмыстар жүргізіледі, оның қатарында тұрғын үй жайын анықтау, құжаттарын дайындау мен қайта қалпына келтіруге көмектесу, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бар. Алайда, бұрын сотталған азаматтарды тіркеу мәселесі біржақты шешілмеген. Заң бойынша, жаңа мекенжайға келген адам 10 күннің ішінде жергілікті жері бойынша тіркеуге алынуы қажет. Бірақ,  бұл мерзім ішінде түзету мекемесінен пошта арқылы келетін құжаттар дайын болып үлгермейді. Нәтижесінде, бостандыққа енді шыққан адамға себепсіз айыппұл салынуы мүмкін. 

Осыған байланысты, Бейім­деу орталығын сотталған аза­маттарды қайта әлеумет­тен­діру орталығы ретінде қайта бағ­дарлау туралы ұсыныс жасалды. Гүлнәр Бижанова бұл мәсе­леге Халықты әлеуметтік қорғау басқармасын, Қаржы басқар­масын және әкімдіктерді тарту қа­жеттігін алға қойды.
Қадиша Оспанова да аталған мәселені құрамына облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері кіретін пар­тия­лық комиссияда қарауды ұсынды. 

Сондай-ақ, кездесуде Мәжіліс депутаты Қарағандының елі­міздегі №1 ХҚКО негізінде Дағ­дарыс орталығы ашылған алғашқы қала екендігін білді. Бұл Орталықтың жұмысы «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастырылған. Мұнда пробация қызметінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкерлері жұмыс жасайды. Проблемалық мәселелердің бірі ретінде, Департамент және Пробация қызметі жұмыскерлерінің тапшылығы айтылды. 

Көтерілген барлық мәселелер депутаттың бақылауына алынатын болды. «Қандай да бір заңнамалық бастаманы жүзеге асыру оңай емес. Ол үшін, заңды барлық жағынан негіздеп, оның қажеттілігін дәлел­деу керек. Сондықтан, мемле­кет­тік органдардың, депутаттар­дың, үкіметтік емес ұйымдар­дың бірлесе жұмыс атқаруы маңыз­ды», деді халық қалаулысы.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»
 
Қарағанды облысы