Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Көне кітаптар мен қолжазбалар көрмесін тамашалады

614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия отырысы аясында өткен көрмеде еліміздегі құнды кітаптар мен қолжазбалар жұрт назарына ұсынылды.

Көне кітаптар мен қолжазбалар көрмесін тамашалады

Орталық ғылыми кітапхана сирек кітаптар қорының бас кітапханашысы Айнұр Нұрғазиева көрмеге ең құнды кітаптар мен қолжазбалардың әкелінгенін айтты. «Бұлар моңғол, шағатай, парсы, неміс тілдерінде араб, латын графикаларымен басылған дүниелер. «Қазақ» газетінің 1913 жылы шыққан 7-ші саны, «Айқап» журналының 1912 жылы шыққан 5-ші саны, Ахмет Байтұрсынұлының 1925, 1914 жылдары шыққан «Тіл-құрал», «Әліпби» кітаптары, Мұхтар Әуезовтің Абайдың өмірі мен шығармашылығына арнаған қолжазбасы, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Көрмеде ХІХ ғасырдағы Құран кітабы да тұр. Жалпы, біздің сирек қордағы Құран кітаптарының барлығы да ХІХ ғасырда шыққан дүниелер. Жұртшылық үшін тың дүниенің бірі – Ақсақ Темірдің тарихы туралы белгісіз автордың шағатай тілінде жазған қолжазбасы. Бұны зерттеу, қазақ тіліне аудару – сирек қордың алдағы жұмыс жоспарына енгізілді» деді ол.

Сондай-ақ көрмеге француз экспедиторы Густав Левонның, Радловтың кітаптары, Алексей Харузин есімді автордың «Киргизы Букеевской Орды» кітабы, түсіндірме сөздіктер де қойылған. Осының ішінде Харузиннің Бөкей Ордасындағы халықтың антропологиялық ерекшеліктері, жасы, бойы, салмағы туралы еңбегін атап айтуға болады. Мұнда Ордадағы сол кезеңдегі халық саны адамдардың жас шамасы бойынша бөліп-бөліп көрсетілген.  Жалпы, көрмеге 28 кітап пен қолжазба әкелініпті. Ал, кітапханадағы сирек кітаптар қорында 300 мыңнан аса кітап бар. 1940 жылға дейін шыққан кітаптардың барлығы да сирек кітаптар қорына алынған.

Айгүл Сейіл,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар