Медицина • 18 Тамыз, 2017

«Нұрлы жер»: Жыл соңына дейін 16 мыңнан астам пәтер беріледі

426 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 7 айдың қорытындысы бойынша, тұрғын үй құрылысына 445,2 млрд теңге бөлінген. Мемлекеттік қаражат есебінен жалпы ауданы 541,3 мың шаршы метрді құрайтын 8 829 пәтер салынған. Жыл соңына дейін тағы қосымша жалпы аумағы 948,2 мың шаршы метр 16 176 пәтерді өткізу жоспарда бар.

«Нұрлы жер»: Жыл соңына дейін 16 мыңнан астам пәтер беріледі

Үкіметтің баспасөз орта­лы­ғында өткен кезекті брифинг кеше «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына арналды. Оған Инвес­тициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысып, халықты тұрғын үймен қамту үшін қолға алынған шаралар ретін баяндады.

Вице-министр Р.Скляр жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көзі есебінен пайдалануға берілген 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасының жылдық жоспарының 61 пайызын құрайтынын атап өтті. Айтуынша, тұрғын үйлерді өткізу бойынша Астана (1 680,2 мың шаршы метр), Алматы (981,6 мың шаршы метр) қалалары, Маңғыстау (592,7 мың шаршы метр) және Оңтүстік Қазақстан облыстары (348,9 мың шаршы метр) көш бастап тұр. Ал жеке тұрғын үйді өткізу бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары алда.

Биыл бағдарлама аясында әкімдіктерге 25 млрд теңге бөлінген және 6 мыңға жуық арендалық пәтерлердің құрылысы басталған, олардың жартысы жыл соңына дейін өткізілмек. Вице-министрдің мәлімдеуінше, арендалық үйлермен негізінен баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары қамтамасыз етіледі. Аренда ақысы, сатып алу құқығынсыз, әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метріне шамамен 100 теңгені құрайды.  

Сондай-ақ, вице-министр «Нұрлы жер» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға қолдау көрсету екенін, мемлекет азаматтарға құрылыс салуға бөлген жер телімдеріне инфрақұрылым жүргізуді қамтамасыз ететінін атап өтті. Бұл ретте, жыл сайын желілерді салуға 80 млрд теңге бөлу қарастырылмақ, олардың 50 пайызына дейінін жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді жүргізуге бағыттау көзделеді. Бұл орта есеппен 15 жыл ішінде жыл сайын шамамен 40 мың жер телімін желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.

Жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша, жоспарланған 60 мың жер телімінің бүгінде 23,5 мыңы инженерлік желімен қамтылған. 4 облыс орталығында бірыңғай сәулет стилінде жеке баспаналар құрылысының қанатқақты жобасын іске асыру жұмыстары басталған. Осындай баспананың құны 90 пайызға дейін отандық құрылыс материалдарын қолдану есебінен шаршы метріне 120 мың теңгені құрайды. Қанатқақты жобада жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға дайын үйді сатып алу құқығы беріледі. 

Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздарды жеңілдікті несиелеу тетіктерін іске асыру басталған. Тұрғындар үшін ипотекалық қарыздар бо­йынша нарықтық мөлшерлемені төмендету мақсатында мемлекет Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы бастапқы жарнаның 30 пайызын  төлеген жағдайда екінші деңгейлі банк ипотекасы бойынша шығындарды өтейді. Субсидияларды ескере отырып, тұтынушы үшін соңғы мөлшерлеме 10 пайызды құрайды, оған қоса қарыздар жаңа салынған үйлерден тұрғын үй алу үшін субсидияланады. Астана және Алматы қалаларында несиелер 20 млн теңгеге дейінгі, өңірлерде  15 млн теңгеге дейінгі сомада беріледі. Республикамыздың 11 өңірінде халықты жеңілдікті мөлшерлеме бойынша несиелеу жүргізіліп жатыр.  Бүгінде 10 банк бағдарламаны іске асыруды бастауды жоспарлап отырса, 3-уі ипотеканы белсенді түрде іске асырып жатыр екен. Қазіргі уақытта олар азаматтардан ипотека алуға өтінімдер қабылдауда.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында, сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары мен әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін несиелік тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Тұрақты табысы бар азаматтар тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы жеке баспана алу мүмкіндігіне ие болады. Оған қоса, бастапқы жарнаның төменгі шегі мен қарыздар бойынша ең аз мөлшерлемелер қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспарланған 15 мың пәтердің 6 140 несиелік пәтері салынған.

Мамандар сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы тұрғын үй құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Айтуларынша, Қазақстанда бағдарлама іске қосылғаннан кейін құрылыс нарығында тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы айтарлықтай төмендегені байқалған. Мәселен, қазір өңірлерде шаршы метріне 140 мың теңгеге дейін тұратын баспаналар салынып жатыр, ал Астана, Алматы қалаларында және еліміздің батыс өңірлерінде пәтердің шаршы метрі 180 мың теңгеге дейін тұрады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 10,2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, яғни 99 мың пәтер пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Оның ішіндегі жалпы аумағы 1,5 млн шаршы метрді құрайтын 25 мың пәтер мемлекеттік инвестиция есебінен берілмек.


Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар