Медицина • 18 Тамыз, 2017

Түрксой суретшілері оңтүстікке келді

658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Түркістан қаласының Түркі әлемі астанасы атанғаны белгілі. Осыған орай жыл басынан Оңтүстікте осы игі шараға байланысты бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асып келеді. Бұл жолы Оңтүстік Қазақстан әкімдігінің мәжіліс залында Мәдени жыл аясындағы ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдер суретшілерінің ХХ плэнері бойынша басқосуы өтті.

Түрксой суретшілері оңтүстікке келді

Пленэрдің мақсаты − тәуел­сіз еліміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті сәулеттік ескерткіштерін, тарихи орындар мен ұлттық өнерді насихаттау мақсатында түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері жəне талантты қылқалам шеберлерімен кес­кіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе және пікір алмасуды жүзеге асыру. Сонымен қатар, Оңтүстік өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктері мен көз тартарлық орындарын бейнелейтін ха­лық­­­­аралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасау, бейнелеу өнерінде жа­ңа көркем бағыттар және плас­тикалық шешімдер мен формаларды іздестіру көзделеді.

Пленэрге 9 мемлекеттің, яғни, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ре­сей Федерациясы, Украина, Болга­рия, Молдава елдерінен 17 сурет­­ші, ал еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларынан 13 кәсіби суретші   өнер профессорлары шақы­­рылған. 

Жиынд­а сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов Мем­лекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында арнайы тоқталған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда бүгінгі отырыстың мәні ерекше екендігін айтты.
Кең-байтақ Қазақстанда қыл­қалам шеберлерінің шабытын шақыратын сұлу табиғаттан бөлек түркі халқына ортақ жәді­гер­лер көп. Алқақотан басқосуда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының мүшесі Санжар Мұ­лазымоглу осы жағына баса тоқталды.

Оңтүстіктің тумасы, бұл жер­­­дің барлық тарихын бес сау­сақтай жақсы білетін Су­рет­­шілер одағының мүшесі Сей­­сенхан Маханбетов кие­лі орындар мен табиғат көр­кем­­дігін суреттеу тұрғысын­дағы іс-шаралардың өз мәнінде өтетіндігіне сенім білдірді.

Дөңгелек үстел басында ал­да­ғы жұмыстарды бір пысықтап алған қылқалам шеберлері Түркістан қаласына жол тартты. Үш күндік жұ­мыс барысында Отырар ауда­нындағы Арыстан баб кесе­несі мен тарихи, мәде­ни ескерт­кіштер және Хан та­ғы, Қаратау қорығы аумағы, Бәйді­бек ауданының Ақмешіт, Қос­тұра аймағы мен Қазығұрт, Сай­рам-Өгем тау шатқалдары, Шымкент қаласының көрікті орындарында жұмыс істемек.

Олар мәдени шара аясында жұ­мыс­тарын тәмамдаған соң Шым­кентке оралып, облыстық бейнелеу өнері музейінде тағы да бас қосады.
Бұл жолы плэнер барысын­да жасаған жұмыстар қорытын­дыланады.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы