Медицина • 18 Тамыз, 2017

Мүмкіндігі шектеулі жанның өмірге құштарлығы шексіз

962 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мүмкіндігі шектеулі жанның өмірге құштарлығы шексіз

Жұмыр басты пендені алдында қандай қиын өткелдер мен бұралаң жолдар күтіп тұрғаны болжаусыз. Сергей сегіз жыл бұрын тағдыр тәлкегіне ұшыраймын деп еш ойламаған. Құрылыс учаскесінде еңбек етіп, ел қатарлы нәпақасын тауып жүрді. Жазым деген аяқ астынан. Бірде техникалық қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан жұмыс учаске­сін­де өндірістік жарақат алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Ес-түсінен айрылып, төсекте таңулы жатқан 27 жастағы тепсе темір үзетін жігіт қос аяғының кесіліп, молақ болып қалғанын білмеді. Кейін тағы бірнеше ота жасалып, бірінші топ­тағы мүгедектер қатарына қосылды. Бұған дейін денсаулығына кінәрат артып көрмеген ол үшін енді азапқа толы күндер мен түндер басталды. Тән ж­а­ра­қаты жазылар-ау, жан жарасынан қа­лай сауығармын деген сарыуайымға са­лын­ғанда өмірден күдер үзіп кететін. Ертеңге деген сенімсіздік тұла бойын тұмшалап, ойын әлдебір қорқыныш сезім билейтін.Туған-туыстары, достары сабырға шақырып, қанша басу айтқанмен, күйректікке салынып, сәл нәрсеге шыны сияқты шытынап, күйгелектене беретін. Өзі сияқты бір бейбақты кездестіріп, ақыл-кеңесіне құлақ түрмегенде бордай езіліп, жүндей түтіліп жүре берер ме еді. Тағдырласы «Мені көрмейсің бе? Екі аяғым, бір қолым жоқ болса да, масыл болған емеспін. Біреуге кіріптар болудан асқан қорлық жоқ. Еңсеңді көтер. Есіңді жи. Өз күшіңе сен. Әлі жассың. Көрер қызығың алда», деп жігер бере сөйлеп, жүрек түкпіріндегі сырын жайып салған. Сөйтсе, ол бастапқыда басқа түскен бейнетке шыдай алмай, ішкілікке әуес болыпты. Тек жеке басының қажыр-қайраты, алға қойған мақсат-мұратына ұмтылудың арқасында қоғамдық ортаға қайта оралыпты.
 Осындай қайрау сөздерден кейін Сергейдің көңілі көтеріліп, өзін өзгеше кейіпке түскендей сезінді. Қоларбада таңылып отыра бергенше мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолынан да іс келетінін дәлелдейін деген ой қанат бітіріп, томағасын сыпырған қыран құсша дүр сілкінді. Алайда, мекеме-ұйымдардың табалдырығын тоздырғанмен, ешкім құшақ жая қарсы ала қоймады. Қай есікті қақ­са да, «бос жұмыс орны» жоқ!» деген әң­гіме келтесінен қайрылады. Кей­біреу­лер­дің аяушылық жасап, мүсір­кеушілік білдіргенін, бәзбіреу­лердің осыған не керек дегендей оқты көзбен ата қарағанын сезсе де, сыр білдірмеді. Белді бекем буып, тәуекел етті. Қолөнермен бала ке­зі­нен айналысып, қыр-сырын меңгеріп алғаны осы жолы кәдеге асты. Аға-інілерінің көмегімен үйдің жанындағы сарайды босатып, ұстаханаға айналдырды. Содан ағаштан неше түрлі бұйымдар жасауға бар ынта-жігерімен кірісіп кетті. Әдепкіде ауыр ойдан арылудың, уақыт өткізудің ермегіне санаса, кейін шығармашылық қарым-қабілетіне ұшқыр қиял қосылып, көз жауын алар әдемі, әшекейлі өнімдер сөрелерден орын ала бастады. Көршілері мен таныстары жапа­тар­мағай сатып алып, қосымша тапсырыс түсе бастағанын көріп, тағы бір ше­шім­ге келді. Ондағы ойы − ұстахана ау­­қымын кеңейту, ұсақ-түйек істерден гөрі күрделісіне ауысу. «Даму» қорының ай­мақтық филиалы арқылы қайтарымсыз грант алуға бекінді. Мүмкіндігі шектеулі жан­дарды қолдауға бағытталған арнайы бағ­дарлама аясында кәсіпкерлік саласын кеңейтсем деген ішкі түйсік алға жетеледі. Мекеменің менеджерлері шағын кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, қажетті құжаттарды жинап әкелуге кеңес берді. Айтқан тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап, «Даму-Көмек» бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болғанда төбесі көкке жеткендей қуанды. «Жұлдыздарға қара» жобасының қайырымдылық қоры арқылы 300 мың теңге қаражатқа қол жет­кізді. Санаулылардың қатарында ілі­гуін өзіне көрсетілген сенім, құрмет деп түсінді. Қоғамға керек екенін ұғынды.
Қайтарымсыз грантқа үш станок сатып алып, құстың ұясындай тар жерге орналастыруға тура келді. Өнімнің түр­ле­рі көбейіп, сапасы жақсарып, жұрт­шылық та­рапынан сұраныс көптеп түсе бастады. Қазақ­станда, Ресейде өтетін көрмелерге ша­қырту алып, өнерлі он саусағынан жа­сал­ған бұйымдар көрнекі жерлерден орын алды. Ағаштан түйін түйген шебер өтініш айта келген ешкімнің қолын қаққан емес. Кез келген тапсырысты қабылдап, сапалы етіп орындап береді. Келешектегі мақсаты – үй жиһаздарын жөндеу, жасау кәсібін ашып, өзі сияқты тағдырдың ауыр тауқыметіне ұшыраған адамдарды жұмыспен қамту. Әттең, үй жанындағы шеберхана тар болып, тынысын аштырмай тұр. Жазда амалдар еді. Қыста қиын. 
– Орын жайы шешілсе, қалған шаруаларды өзім-ақ тындырар едім. Бірақ екінші деңгейлі банктерден несие алу қиын, талап-шарты күшті. Біз сияқты мүгедектер түгіл сау адамдардың тауаны ша­ғылып жатады. Екіншіден, мүмкіндігі шек­теулі кәсіпкерлер шығаратын өнім­дер­ді сататын сауда нүктелері жоқ. Ал­ма­тыда ғана арнайы дүкен жұмыс іс­тей­ді. Мені осы санаттағы жастардың басын біріктіретін «Қамқор», «Ардос жү­рек» сықылды жергілікті қоғамдық бір­лес­тіктердің тірлігі қызықтырады. Олар­дың атқарып жатқан іс-әрекеттері, қолдау жасалып жатқаны қуантады, – дейді бізбен ой бөліскен Сергей Сапко. 
Сергей болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Облыс әкімінің қабылдауында болып, ұсыныс-ойлары қолдау тауыпты. Тиісті мекемелер кеңірек орын іздестіріп жатқан көрінеді. «Даму» қорына тағы да қатысып, бағын сынап көрмек. Екі аяғы жоқ болса да, қалай еңбек етудің үлгісін көр­сетіп келе жатқан қайсар жанның ар­ма­ны орындалар күндердің алыс емес­ті­гіне сенейік.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

ПЕТРОПАВЛ