Медицина • 18 Тамыз, 2017

Қарағанды мен Атырауда республикалық деңгейдегі оқу-жаттығу шарасы өтеді

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақын күндері Қарағанды мен Атырауда «Қауіпті өндірістік нысандарда ірі көлемді апаттарды жою бойынша апаттық-құтқару операциялары» деген атаумен республикалық деңгейдегі оқу-жаттығу шарасы өтеді деп жоспарлануда.

Қарағанды мен Атырауда республикалық деңгейдегі оқу-жаттығу шарасы өтеді

Осыған орай, Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінде ұйым­­дас­тырылған брифингке «Кәсіби әс­керилендірілген апаттық-құтқару қызметі» РМК бас директорының міндетін атқарушы, генерал-майор Диханбек Сатылғанов пен бас директордың орынбасары Қа­нат Аманов, Тау-кен және кө­мір са­ласының жедел алдын алу жұ­­мыстары жөніндегі басқарма бас­тығы Сергей Крысин және Мұнай-газ, химия саласы жедел-алдын алу жұмыстары жөніндегі басқарма бастығы Мұрат Қалитов қатысып, аталған мәселе төңірегіндегі жұ­мыс­тардың жай-жапсарын БАҚ өкілдеріне баяндады. 

Бүгінгі таңда елімізде орын алуы мүмкін кез келген төтенше оқиға кезінде апаттық-құтқару қызметінің апатты жою жұмыстарына тәу­лігіне 2 800-ден астам біліктілігі жо­ғары кәсіби құтқарушы мен 600 бір­лік апаттық-құтқару техникасы және 6 700 бірлік арнайы жабдықтар қолдануға сақадай-сай тұр екен. Мұндай деректі брифинг барысында «КӘАҚҚ» РМК бас директорының міндетін атқарушы генерал-майор Д.Сатылғанов хабарлады. 

Алдымен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Қос­танай, Қарағанды облыстарының құтқарушылары қатысады деп жос­парланған жиын «КӘАҚҚ» РМК Қарағанды филиалының оқу-жат­тығу полигонында 21-25 тамыз ара­лығында өтпек. Жиынға қатысқан Тау-кен және көмір саласының жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі бас­қарма бастығы С.Крысин, өз саласындағы біліктілік бәсекесі «ІV этапты тау-кен құтқару бойынша көп­сайысты жарыс» деген атаумен ұйым­дастырылатындығын алға тартты. 

Брифинг барысында Мұнай-газ, химия саласы жедел-алдын алу жұмыстары жөніндегі басқарма бастығы М.Қалитов қыркүйек айының 28-30 аралығында Атырауда мұнай газ және химия саласындағы «Атқылама–2017» арнайы-такти­калық аумақтық жаттығу» шарасы Атырау филиалының оқу-жаттығу полигонында өтетінін мәлімдеді. Арнайы мақсаттағы оқу-жаттығуға Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысынан бірнеше команда қатысады деп жоспарлануда. 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»