Футбол • 18 Тамыз, 2017

«Астана» сырт алаңда «Селтиктен» ірі есеппен ұтылды

211 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Глазгодағы ірі ұтылыс немесе үміттің сөнгені ме?..

«Астана» сырт алаңда «Селтиктен» ірі есеппен ұтылды

Обалы нешік, елорданың футболшылары «Селтик Парк» стадионына жиылған 50 мыңнан астам көрерменнің есті шығарған қиқуына қарамастан, матчтың 30-минутына дейін алаң иелерімен терезесі тең ойнады. Тіпті, қақпаға қарай бағытталған доп саны жағы­нан да басымдық білінбеді. Бірақ, «Астананың» қауқары осыған ғана жеткен еді. Матчтың 32-минутында «Селтиктің» жартылай қорғаушысы Рогичтің оң қанат­тан тепкен добын кері қайта­рамын деген Евгений Постников өз қақпасына тура бағыттады. Міне, осыдан кейін-ақ «Астананың» қорғанысы көбесінен сөгілді де жүре берді.

Арада он минуттай уақыт өткен­де таяуда ғана елорда клубының қатарына қосылған легионер Ласло Кляйнхайслердің өрескел қателігін шебер пайдаланған Скотт Синклер қақпашы Мокинді қапы қалдырды. Сөйтіп, бірінші тайм біткенде таблодағы есеп 2:0 болып жанып тұрды...

Үзілістен кейін алаң иелері шабуылды үсті-үстіне үдете түсті. «Ас­тана» болса, абдырап қалған. Бей-берекет жүгіріс, ойыншылар арасындағы байланыстың нәзік жібі бырт-бырт үзілген. Мықты қар­сыластың мысы басса керек, біздің футболшылар аяқтарын матап тастағандай шарасыз күйге түсті де қалды...

Көп ұзамай Синклер өзінің осы ойындағы екінші голын соқты. Басқа болса осы есептің өзі­не тоқ­мейілсіп, босқа тер төк­пес те ме еді? Бірақ, «Селтик» жал­пақшешей клуб емес. Таб­лодағы есеп 3:0 болып тұрса да өршелене алға ұмтылды. Сон­­дағысы – қарымта матчта қар­­сылық көрсетуге қау­қары қал­масын деген қарекет қой!

Алаңда толығымен үстемдік құрған «Селтик» аясын ба, сол арынмен барып тағы да екі гол соқты. Бұл жолы кельттіктер сапынан Форрест (79) мергендігімен көз­ге түссе, матчтың 88-минутында Гриффитстің тепкен добы Игорь Шитовтің аяғына тиіп барып қақ­паға енді де, бесінші гол ретінде хаттамаға жазылды.

Қақпасына бес бірдей гол жібер­ген қақпашыда қандай қадір болсын. Салы суға кеткен Александр Мокиннен өткен мұңды адам жоқ еді бұл күні. Мүмкін, осыдан төрт жыл бұрын, осы «Селтик Паркте» қақпасына үш гол жібергені де есіне түсті ме екен, кім білсін? Ол кезде Мокин «Шахтердің» қақ­пасын қорғаған еді...

Несін айтасыз, «Селтикпен» ойында біздің футболшылардың бәсе­кеге қабілетті еместігі көзге шұқы­ғандай көрініп тұрды. Ста­нимир Стойлов «қырық үш күн кемдіктің» қыры мен сырын табуға тырысар-ақ. Бірақ, бәрі де кеш сияқты. Қарымта матчта кельт­тіктердің қақпасына бес немесе алты гол соғу дегеніңіз... ол бір қиял-ғажайыптың әңгімесі. Ал енді, ПСЖ-дан 0:4 болып жеңіліп, қарымта ойында 6:1 қылып жеңген «Барселонаның» былтырғы ерлігін қайталаса, онда «Астанаға» алтыннан ескерткіш тұрғызу керек шығар...

Қарымта матч тамыздың 22-сі күні «Астана Аренада» өтеді. Екі ойын қорытындысында жеңіске жеткен клуб УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алса, жеңілген ұжым өз бағын Еуропа лигасында сынайтын болады.

16 тамыз. Глазго. «Селтик Парк» стадионы. 54016 көрермен.

Төреші – Овидиу Алин Хэцеган (Румыния).

 

«СЕЛТИК» – «АСТАНА» – 5:0 (2:0)

Евгений Постников, 32 – өз қақ­пасына (1:0). Скотт Синклер, 42 (2:0). Скотт Синклер, 60 (3:0). Джеймс Форрест, 79 (4:0). Игорь Шитов, 88 – өз қақпасына (5:0).

«Селтик»: Гордон, Тирни, Ши­мунович, Биттон, Лустиг, Нчам, Браун, Синклер, Рогич (Макгрегор, 63), Форрест (Армстронг, 82), Гриффитс.

«Астана»: Мокин, Шомко, Лог­виненко (Бейсебеков, 66), Пос­тников, Шитов, Маевский, Кляйн­хайслер, Мужиков (Граховац 82), Томасов (Мұртазаев, 77), Твумаси, Кабананга.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»