18 Тамыз, 2017

Қазақстанның киелі орындар тізіміне Жайық (Теке) қаласы енді (фото)

1372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына кіретін 100 нысанның тізімі кеше ғана халыққа жария етілді. ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жариялаған осы тізімде ортағасырлық Жайық (Теке) қаласы да бар.

Қазақстанның киелі орындар тізіміне Жайық (Теке) қаласы енді (фото)

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов 10 тамыздан бері көне қала орнында өз студенттерімен бірге қазба жұмысын жүргізіп жатыр екен. Қуанышты хабарды ғалым осы жерде естіген.

– Жайық (Теке) қаласының орны 2001 жылы кездейсоқ анықталған. Әу баста бұл жерде Әлкей Марғұлан атындағы археология институты, кейін Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы мамандары қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл аумақтан қыш күйдіретін бірнеше пеш, ортағасырлық монша, тұрғын үйлер, бірнеше кесене орындары табылып зерттелді. Өткен жылы біздің БҚМУ да археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін лицензияға ие болған еді. Міне, биыл университеттің тарих мамандығына оқитын 12 студентімен бірге шағын қазба жұмыстарын жүргіздік. Аумағы кішкене жердің өзінен табылған жәдігерлер ерекше құнды, көп мәлімет беріп тұр, – дейді Мұрат Дабылұлы.

Жайық (Теке) қаласы, археологиялық қазбалар

Бір апта уақыт ішінде 5 шаршы метрлік екі орыннан керамикалық ыдыстардың сынықтары, глазурлы қаптама, ұршықтастар, моншақтар, темір және сүйек бұйымдар табылған. Мұрат Қалменов табылған заттардың әрқайсысын қысқаша сипаттап шықты.

– Қыш құмыра, ыдыс сынықтары көп шықты. Бәрі де ортағасырлық кезеңге жатады. Олардың көпшілігі кәсіпшілік жолмен, арнайы станокта жасалғаны байқалады, дөрекілеу, қолдан жасалғаны да кездесті. Кейбір қыштың материалы бұл жақта кездеспейді, мына бір мәрмәртас сынығы да оның шеттен, басқа жақтан әкелінгенін айғақтайды. Табылған жәдігерлердің бәрін біз университетіміздің археология музейіне тапсырамыз. Бұйырса қазба жұмыстарын келер жылы да жалғастыруымыз керек, – дейді археолог.

– Менің ойымша Рухани жаңғырудың үш тұғыры бар, ол – ұлттың тарихы, тілі, діні. Біздің Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дің жанынан құрылған «Рухани жаңғыру болашаққа бағдар» жобалық кеңсесінің жұмысы да осы үш бағытты негізге алып отыр. Жалпы, біздің БҚМУ ғалымдарының археологиялық зерттеу ісінде үлкен тәжірибесі, толымды тарихы бар. Туған жер тарихын зерттеу ісіне студенттердің тікелей атсалысуы олардың бойында патриоттық сезімін күшейтіп, білімін арттыратыны анық, – дейді жобалық кеңсе жетекшісі, БҚМУ доценті Тұрар Шайхиев. 

Қазба жұмыстарына 12 студент қатысуда. Теориялық білімін практикада сынап көріп, ғылыми жаңалықтың дәл ортасында жүру олардың өзіне де өте қызықты.

– Мен мына жердегі Круглоозерный кентінде тұрамын. Тарих мамандығының 4 курсында оқып жүрмін. Археологиялық қазба жұмыстары қалай жүргізілуі тиіс, табылған жәдігер қалай сақталады, археологтардың жауапкершілігі деген сезімді өз бойымыздан өткізіп жатырмыз, – дейді Сұлтан Сағынтаев.

P.S. Ортағасырлық Жайық (Теке) қаласының орнын ашық аспан астындағы мұражай жасау идеясын осыдан бірер жыл бұрын Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, профессор Мұрат Сыдықов көтерген болатын. Орал қаласын өткен ғасырларда қазақтар «Теке» деп атаған. Ғалымдар бұл атауды «ислам орталығы», «дін таратушы мекен» мағынасын білдіретін «текке, текие» деген сөзден шыққан деп түсіндіреді. Ортағасырлық Жайық қалашығы маңындағы Желтау биігінен пішімі мен құрылымы белгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлгісіне келетін бірнеше ғимарат орны да табылды. Мұның бәрін кешенді зерттеу, халық игілігіне айналдыру – болашақтың еншісінде тұр. Өңір тұрғындары ортағасырлық Жайық қаласының «Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны» тізіміне енуін қуана қабылдап, тарихи ескерткішті көптің көзайымына айналдыратын күнді асыға күтеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал қаласы
Сурет автордікі