Әлем • 18 Тамыз, 2017

Барселонадағы теракт: анықталған жайттар

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Каталония билігі Барселонда болған теракт кесірінен 13 адамның мерт болғандығын растады, деп хабарлайды bbc.com.

Барселонадағы теракт: анықталған жайттар

Сурет: bbc.com

Жүк көлігі туристер көп қатынайтын алаңдағы көше бойымен 530-дан астам метр қашықтықты жүріп өткен. "Ислам мемлекеті" террорлық тобы лаңкестік актіге жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Каталония басшысы Карлес Пучдемон 100 адамның зардап шеккендігін жеткізді. Құқық қорғау органының өкілдері бұл қайғылы оқиғаны теракт деп сипаттады. Ал биліктегілер зардап шеккендердің қатары әлі де артатынын айтты.

Қылмыстық әрекетті жасады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Олар мароккалық және Милилья (Солтүстік Африканың испандық анклавы) тұрғындары. Бірақ ұсталғандар минивэннің жүргізушілері болмай шықты. Әзірге белгілі болғандай, қашып құтылған көлік жүргізушісіне іздеу салынды.

Ал жұмаға қараған түні испаниялық полиция тағы бір лаңкестік шабуылдың алдын алды. Барселонадан 100 шақырым жерде орналасқан Камбрильс қаласында 5 күдікті мерт болып, біреуі жарақат алды. Шабуылдаушылар 7 адамды жарақаттады.

Оқиға қалай болды?

Жергілікті уақыт бойынша 16:50-де (Астана уақыты бойынша 20:50) шабуыл жасалды. Жүк көлігі Каталония алаңы жақтан адам толы Рамбла бульварына шықты. Орталық бульвардың ұзындығы 1,2 км. Бұл алаң туристер арасында өзінің базар дүкендері мен шағын ресторандарымен танымал.

Минивэн адамдарды басып өтіп, 80 км/сағ жылдамдықпен 500 метрдей жол жүрді.

Құрбан болғандар мен жарақат алғандар

Қазіргі таңда 13 адам қаза тауып, жүзден астам адам жарақат алған, оның 15-і ауыр хәлде. Испаниялық ресми өкілдердің хабарлауынша, Барселонада өткен терактіде 18 елдің азаматы жарақат алып, соның ішінде көз жұмғандар да бар.

Олардың ішінде: Германия, Франция, Испания, Нидерланд, Аргентина, Венесуэла, Белгия, Аустралия, Венгрия, Перу, Румыния, Ирландия, Греция, Куба, Македония, Қытай, Италия және Алжир.

Кім бұл әрекетке барды?

Полиция екі күдіктіні ұстағанын хабарлаған болатын.

Басында полиция Магреби Дрисс Укабира есімді азаматты «фиаттың»  жүргізушісі ретінде іздеуге салды.

Кейін БАҚ көзінде ол азамат құжаттарын жоғалтып алғандығы жарияланды. Ұрланған құжат арқылы лаңкестер көлікті жалға алғандығы белгілі болды.

Екінші лаңкестік

Көшеде жүргізіліп жатқан полициялық әрекеттерге байланысты Каталония билігі Камбрильс қалашығының тұрғындарын көшеге шықпауын өтінді.

Шабуыл жасағандардың нақты саны белгісіз болып отыр. Испания прокуроры Хавьер Сарагоса мырзаның хабарлауынша, ұсталған күдіктілер террорлық актіге байланысты бұған дейін сотталмаған.

Билік қалай әрекет жасады?

Түрлі құрылымдардың полицейлері бірнеше ауданды қоршауға алып, әр үйді тінтіп шықты.

Метроның екі жолы жабылып, орталық станциялар құлыпталды.

Биліктегілер ұялы желілерге жүкті азайту мақсатында тұрғындарға ұялы телефон қолданбай, әлеуметтік желі арқылы байланысуларын сұрады. Сонымен қатар, полиция теракт болған орыннан фото, видео таратпауды өтінді.

Жауапкершілікті кім алды?

Билік болған оқиғаны теракт деп бағалады, ал «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы шабуылға кінәні өз мойнына алды. Алайда сарапшылар ИМ-нің хабарламаларына күдікпен қарауға шақырды.

Жұрт қалай әрекет етті?

Шабуыл басталған кезде адамдар жақын маңда орналасқан дүкен, кафе мен офис орталықтарында жасырынатын жер іздеп жүгірді. Кейін оларды полиция өкілдері эвакуациялап, қауіпті аймақтан алып шықты.

Куәгерлердің айтуынша, бульварда әдеттегідей адам көп болды. Такси қызметі адамдарды орталықтан тегін алып кетіп жатты.

«Мен адамдардың бір мезетте шыңғырғанын естідім. Бұрылып қарасам, ақ минивэн кетіп бара жатыр екен. Басында мән бермедім. Кейін оның тым жылдам жүріп, жан-жаққа бұрылып кетіп бара жатқанын байқадым. Ол жол жиегінде жүрген адамдарды әдейі тапайын деген пиғылын сол кезде білдім», деді атын жасырын ұстауға сұраған америкалық турист.

Әлем не деді?

Әр мемлекетте орналасқан Испания елшіліктерінің алдына жергілікті тұрғындар гүл шоқтарын қойып, ал саясаткерлер көңілхаттарын жолдап жатыр. Испания үкіметі елде үш тәулік аза тұту күнін жариялады. Париждегі Эйфел мұнарасы да Барселонадағы теракт құрбандарына тағзым етіп, жарығын өшірді.

Дайындаған 

Айгүл ШЕРНИЯЗ, 
«Егемен Қазақстан»