Аймақтар • 19 Тамыз, 2017

Жамбыл облысында шекарадан заңсыз өтпек болғандар ұсталды

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шекарашылар ескертуін елемей, оларға қарсы тас атып, шекарадан заңсыз жылқы өткізбек болған Жамбыл облысының тұрғындары анықталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов «Астана» телеарнасына берген сұхбатында айтып берді.

Жамбыл облысында шекарадан заңсыз өтпек болғандар ұсталды

Оның айтуынша, күдіктілер Қырғызстаннан келген контрабандалық жүкті, яғни жылқыны шекарадан заңсыз өткізбек болып, қоршауларды бұзған.

«Заңбұзушылыққа қатысқан және шекара қызметіндегі инженерлік-техникалық нысанға нұқсан келтірген барлық тұлғалардың әрекеті анықталып, қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жуық арада барлық нәтижелер белгілі болады», – деді Шекара қызметінің директоры.

Еске сала кетейік, өткен жексенбіде Жамбыл облысындағы қазақ-қырғыз шекарасында оқ атылып, адам өлді. Шекара қоршауларын бұзбақ болған 20 шақты адамды шекарашылар тоқтатпақ болған. Алайда, олар сақшыларға тас атып, жарақаттаған. Заңсызсыздықты тоқтату үшін шекара қызметкері оқ атып, бір адам қаза болды. Қазір екі тарапқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Шекарашының қару қолдану әрекетінің заңдылығы да тексерілмек.