Жекпе-жек • 21 Тамыз, 2017

Атырауда өткен жауынгерлік жекпе-жек фестиваліне 2,5 мың көрермен жиналды

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 тамызда Атырауда спорт күніне арналған Atyrau Sport Fest 2017 фестивалі өтті. Атыраулық спортшылар əлемнің 16 елінен келген қарсыластарымен сынға түскен дүбірлі додада көрермен жекпе-жектің 16 түрі бойынша жарысты тамашалады, - деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі.

Атырауда өткен жауынгерлік жекпе-жек фестиваліне 2,5 мың көрермен жиналды

Фестиваль хэдлайнері ресейлік белгілі Estradarada тобы болды. UFC қорғауында шығып жүрген аралас жекпе-жек өнерінің жауынгері жеңілмеген ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедов құрметті қонақ ретінде қатысты.

-Фестивальдің басты міндеті бұқаралық спортты дамыту, халықты спортпен шұғылдануға шақыру, - дейді облыстық дене тəрбиесі жəне спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет. - Мұндай кең көлемдегі шара Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Біздің кəсіпкерлердің жергілікті бастамаларды қаржылай қолдауға дайын екендері қуантады. Бизнес иелері Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын басшылыққа алғандарын айтады. Облыстық жауынгерлік өнер федерациялары түрлі мемлекеттердегі қарсыластарын шақыруға үлкен үлес қосты. Хэдлайнерлер мен жұлдызды қонақтарды демеушілік қаражат есебінен тарттық. Кəсіпкерлердің көмегі, шараға халықтың көп жиналғаны Атыраудың жақын болашақта Қазақстан спортының астанасы болуы мүмкін екенін аңғартады, осы мақсатқа жету үшін біз де бар күшімізді саламыз.

Атыраулық спортшыларға жанкүйер болуға 2,5 мың адам жиналды. Көрерменнің жартысы фестивальді Мұз сарайында тамашаласа, қалғандарына көшеде LED экран арқылы тікелей көрсетілім ұйымдастырылды.

Атырау спорт фест

Атырау облысының спортшылары жанкүйерлерін жерге қаратпады - 16 жекпе-жектің бəрінде жеңіске жетті. ММА бойынша кездесудің финалдық жарысында атыраулық Исатай Теміров Бразилиядан келген қарсыласы Фортунато Лапаны нокаутпен жеңіп, көрермен қошеметіне ие болды.

ММА, дзюдо, самбо, жауынгерлік самбо, таэквондо, жекпе-жек, WKF каратэ, бокс, кикбоксинг, тай боксы, панкриатион, грек-рим күресі, джиу джитсу, киокушинкай каратэ, еркін күрес жəне басқа да жекпе-жектің 16 түрінен болатын жарыста Атырау облысының ең үздік спортшылары алыс-жақын шетелдерден келетін қарсыластарымен сынға түсті.

Мұнайлы аймаққа Украина, Ресей, Грузия, Əзербайжан, Бразилия, Корея, Түркия, Испания, Тайланд, Польша, Бельгия, Иран, Марокко секілді 16 мемлекеттен спортшылар келді.

Бақытгүл Бабаш,

«Егемен Қазақстан»