Қазақстан • 21 Тамыз, 2017

Қазақстан мен Ресей заңсыз есірткі айналымына қарсы күресті бірге үйлестірмек

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20-21 тамыз күндері Иркутск қаласында (Ресей Федерациясы) Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы ішкі істер министрліктерінің Бірлескен алқасының үшінші отырысы өтті.

Қазақстан мен Ресей заңсыз есірткі айналымына қарсы күресті бірге үйлестірмек

Алқа отырысына Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ. Қасымов, Ресей Федерациясының Ішкі істер министрі В.Колокольцев, сондай-ақ екі ел министрлерінің орынбасарлары, ҚР ІІМ және РФ ІІМ орталық аппараттарының басшылары, ТМД-дағы Ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюросының (БКБОП СНГ) директоры, осы бюроға Қазақстан Республикасынан тағайындалған өкіл, сондай-ақ жекелеген өңірлердің ІІД басшылары қатысты.

Жиында министрлер Бірлескен алқаның екінші отырысында (Өскемен қ. 2016 ж) қабылдаған шешімдердің сәтімен жүзеге асырылып жатқанын, соның ішінде шекаралық ынтымақтастық айтарлықтай арта түскенін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей ішкі істер органдарының заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастығы жан-жақты қарастырылды. Осы мәселе бойынша Қазақстан мен Ресейдің шекералас өңірлерінде, дәлірек айтқандай Каспий теңізі аумағында жедел алдын алу операцияларын өткізу туралы шешім қабылданды.

Бұған қоса, тараптар заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығын ұйымдастыру, ұлттық заңнамалардағы өзгерістер туралы мәлеметтерді жедел алмасу және осы бағыттағы тиімді жұмыс тәжірибесімен бөлісуді жандандыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Отырыстың қорытындысында делегеция басшылары заңсыз есірткі айналымына қарсы күресте ведомствоаралық ынтымақтастықты жетілдіру, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ұйымдастыруға қатысты шешімдерге қол қойып, сонымен бірге Бірлескен алқаның 2018 жылғы Жұмыс жоспарын бекітті.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ішкі істер министрліктерінің Бірлескен алқасының келесі отырысы Қазақстанда өткізілетін болды.