ЭКСПО-2017 • 21 Тамыз, 2017

ЭКСПО-2017 көрмесінде Сенегал Республикасының ұлттық күні өтті

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Сенегал Республикасының ұлттық күні өтті. Мерекеде мемлекеттің «Сафари» тобы кора, джамбе және балафон атты ұлттық аспаптармен дәстүрлі билерін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Содан кейін қонақтар Африка плазасында орналасқан павильонға барып, экскурсия жасады.

ЭКСПО-2017 көрмесінде Сенегал Республикасының ұлттық күні өтті

Шараның ресми бөлімінде Сенегал секциясының комиссары Джоп Малик сөз сөйлеп, көрмеге қатысудағы басты мақсаттарын әңгімеледі. «Біз де әлем елдерімен бірге жаңартылатын энергия көздерін тұтынуға жәрдемдесуге ниеттіміз. Жаңғырмалы энергия көздері қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге және Сенегалдың даму жоспарының құрамдас бөлігі болып келетін халықтың электроэнергия шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.

Батыс Африкада орналасқан мемлекетіміз 2035 жылға қарай дамушы елдер қатарына кіруді жоспарлауда. Сенегал Республикасы дамуының басты бағыттарының бірі –энергетикалық тәуелсіз ел болу», деді ол.

Мамандардың мәліметінше, Сенегал үкіметі биыл қайта жаңғыртылатын энергия көздеріне деген қаржыны 20 пайызға дейін ұлғайтуды көздеген екен. Әсіресе күн жарығы мен желден өндірілетін энергияларға көп көңіл бөлінген. Онда қазірдің өзінде қуаты 72 МВт құрайтын үш күн электр стансасы бар. Болашақта бұл құрылғыларды көбейте түспек. Жоспар бойынша олардың жалпы қуат мөлшері 350 МВт-қа жету керек. Бұл Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылады.

Республикада жалпы қуаты 175 МВт болатын екі жел паркінің құрылысы жүруде. Оның бірі «Таба ндэй» деп аталатын 150 МВт-тық жел паркі. Ол Батыс Африкадағы электр қуатын өндіретін ең ірі нысан болады. Сондай-ақ биотехнология өндірісі жақсы дамып, жолға қойылған. Олардың көмегімен елде 10 мың тонна этил спирті, биоотын болып есептелетін 35 мың тонна материал шығарылады. Ол бананның қабығынан, яғни экологиялық таза заттан әзірленеді. Ал жаңғақтың қабығы мен жүннен ғимараттарды жылытуға қолданылатын құрылыс материалы жасалады.

Сенегал – гидроэнергетикасын да жақсы дамытқан мемлекет. Мұнда энергетикалық қуаты 200 МВт болатын «Манантали» атты гидроэлектр стансасы жұмыс істейді. Ол өндірген энергияның 33 пайызы сенегалдықтардың игілігіне жұмсалады екен.

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"