Футбол • 21 Тамыз, 2017

Қашанда ұлыма тілекшімін

1195 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Талғат Байсуфиновты футболсүйер қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Қазақ футболының көзі тірі аңызының бірі деуге лайық тұлға. Талғаттай талантты дүниеге әкелген Қадиша апа Павлодарда тұрады. Жетпістен асқан кейуана қазақ футболының нағыз жанкүйері. Ол кісімен дидарласудың өзі бір ғанибет.

Қашанда ұлыма тілекшімін

– Қадиша апа, жұбайыңыз Маруа Байсуфинов облыстағы алғашқы қа­зақ футболшыларының бірі. Оның фут­болшылық ғұмыры туралы айтып берсеңіз...

– Қайын жұртым Баянауылдағы әулиелі Қызылтау. Атам да, енем де сол жақтан. Мәшһүр Жүсіпке тікелей туыс­тығы бар. Кейін Павлодарға көшкен. Сірә, соғыстан кейін болса керек. Біз стадионда танысып, табыстық. Стадионға Маруаның «Авангард» коман­да­сындағы жалғыз қазақтың өнерін тамашалауға, оған қолдау көрсетуге баратынбыз. Оқушы күнімізден Маруаға жанкүйер болдық. Ол жергілікті клубтағы жалғыз қазақ әрі команда капитаны. Өзге ұлт өкілдерінің ішінен суырылып алға шығудың өзі ол кезде ерлікпен пара-пар. Меніңше, Маруа Павлодарда кәсіби түрде футбол ойнаған алғашқы қазақ баласы. 1956-1961 жылдары жергілікті командалар «Авангард» пен «Строительде» Маруадан басқа қазақ ойнаған жоқ. Бұл – нақты дерек. Одан кейін қазақ жастарынан Еркін Қожахметов шықты. Қазақтар осылай көбейе берді. 

Маруаның лақап аты – «Шомпол» болды. «Миша» дейді кейбірі. Ұзын бойлы, сымбатты, сабырлы еді. Команданы уысында ұстады. Өзгелер қазақтарға жол бермейтін, аяқтан шалып, етектен тартатын кезең еді ғой ол. Маруа осындай қиын тұста тұтас командаға өзін сыйлата білді. Мінезі жайлы еді марқұмның. 

– Балаларыңыздан футболды таңдаған тек Талғат қана ма?

– Қайрат, Рахат, Талғат есімді үш ұл тәрбиелеп, өсірдік. Үшеуі де футбол ойнап өсті. Талғат – кенжеміз. Үшеуі де Павлодардағы №9 мектепте оқыды. Орысша білім алды. Бірақ, тәрбие­лері қазақы болды. Жалпы, бұл әулет иман­ды­лыққа жақын. Дінге берік. Өзім де қажы­лық парызымды өтеп келген адаммын. Талғат 10 жасқа толғанда Алматыға көштік. Маруа мұнда бес жылдай кә­сіп­одақ ұйымының оқуын оқыды. Талғат Алматыда футболға түбегейлі бет бұрды. Алғашқы бапкері Юрий Еремин. Кезінде Маруамен бірге ойнаған. 1983 жылы Павлодарға қайта оралдық. Талғат жаттығуын тастаған жоқ. Мұнда оны Анатолий Казаков жаттықтырды. 1984 жылы «Трактор» командасына алынды. Осылайша, Талғаттың фут­бол­дағы жарқын сәттері басталды. 

– Жанкүйерлер көп жағдайда футболшыны, бапкерді жеті атасынан сыбап жатады. Талғатқа қарата ай­тыл­ған осындай ғайбат сөздерге, сынға қалай қарайсыз?

– Шыдаймыз. Оңай емес. Кімнің аузына қақпақ боласың. Әр сөзді көңілге ала берсек, өмір сүру мүмкін емес қой. Бірақ жанкүйерлердің көбі футболды түсінбей, алаңдағы ойынды ұқпай бос­қа даурығады. Өкініштісі осы. Бізде жан­күйер мәдениеті төмен. Шетелден үлгі алу керек. Команда ұтса да, ұтылса да бірге болу керек. Стадиондағы ақ жаулықты әжені көріп, «Сізге не жоқ?», деп күлетіндер де бар. Кейде, ойынды стадионның үл­кен есігінен көретінім бар. Әр ойынға Алла­дан тілек тілеп барамын. Талғаттың коман­дасы жеңіске жетсе, қуанамын. Ұтыл­са, терге малшынып, үйге қайтамын. 

– Футболшының анасы ретінде ай­тыңызшы, қазақ футболының дең­гейін өсіру үшін не істеу керек деп ойлай­сыз?

– Біріншіден, бізде таланттар үнемі таса­да қалады. Үздіктердің орнын жоғары жақта аға-көкелері бар орта дең­гей­дегі немесе дарынсыз спортшылар ба­сады. Допты түзу тебе алмаса да, со­лардың жұлдызы жарқырайды. Талғат «Ертістің» бас бапкері болып тұр­ғанда «Ұлыңа айтшы, менің баламды командаға алсын», деп мазамды ал­ғандар көп болды. «Талғат менің немереме командадан орын бермеді», деп араласпай кеткендері қаншама. Футболға ағайыншылық жүрмейді. Талғат туған ағасының ұлы Расулды «Деңгейің төмен!», деп командаға алмаған адам. Таныстың, туыстың баласына мүмкіндік бере берсек, футбол өспейді. Адалдық керек. Екіншіден, футболшыға намыс керек. Ал ұлттық намысты жоғары қоятын команда құрғымыз келсе, жергілікті спортшыларға жол ашуымыз керек. Үшіншіден, еңбек керек. Футболшы бойдағы дарынды еңбекпен ұштауы тиіс. Тер төкпей түк өнбейді. Қазақ футболына керек үш таған: еңбек, намыс, адалдық. Ал қалғанының бәрі бізде бар. 

– Ұлыңызды Ұлттық құраманың бас бапкерлігінен алып тастағанда қандай күйде болдыңыз?

– Бәрі де Алланың қалауымен ғой. Оны сабырға шақырдым. Бір қайыры болады дедім. Талғат футболға жан-тәнімен берілген жан. Жеңілсе – жүрегі ауырады. Нәр татпайды. Оның мінезін, жағдайын бізден артық ешкім білмейді. Қас-қабағына қарап отырамыз. Бес уақыт намазымда Талғатқа тілекші болдым. Көп ұзамай оны Қазақстан футбол федерациясының басшылық қызметіне бекітті. Қуанышты хабарды естіп, отбасымызбен Аллаға шүкіршілік еттік. Талғат тік жүріп, тура сөйлейді. Тәр­бие­сі солай. Ешкімнің ақысын жемейді. Оны футболы кенжелеп қалған немесе былыққа батқан өңірлерге көп жұм­сай­тынын да білемін. 

– Көп адам Талғаттың қатал­ды­ғынан, мінезінен сескеніп жатады...

– Осындай пікірді көп естимін. Ол бала күнінен солай. Қабағын түйіп, сүзе қа­райды. Өзім қаталдықты, тәртіпті сүйемін. Бұл мінездер бапкерге керек. Әйт­песе, ала-құла ұжымды уысыңда ұстау мүмкін емес. Бірақ оның жүрегі өте нәзік. Жұртты аяп, қолындағысын беруге дайын тұрады. Үйге кірген шыбын-шір­кейді өлтірсем, «Тиіспеші» деп ара түсетіні бар. 

– Талғаттың отбасы туралы айтып берсеңіз...

– Бір ұлы, бір қызы бар. Ұлы туралы жоғарыда айттым. Қызы Айнұр да фут­болшы. Немерелерімнің футболды таңдауына атасы Маруаның және Тал­ғат­тың әсер еткені даусыз. Талғат келген сайын ұл-қызын, інілерін жинап алып, ақыл-кеңес береді. 

– «Ертіске» қайтып оралғысы келе ме? 

– Білмедім. Бірақ, «Ертіске» әрдайым жанкүйер, тілекші. Өзінің клубы ғой. 


– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен 
Фархат ӘМІРЕНОВ,


журналист