Аймақтар • 22 Тамыз, 2017

Ауылда тұрып бизнес бастауға бола ма?

3723 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мамандары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру шеңберінде ауыл азаматтарына бизнестің қыр-сырын үйретуді жыл басында бастаған болатын.

Ауылда тұрып бизнес бастауға бола ма?

«Бастау бизнес» жобасы бойынша өңірдің бес ауданынан (Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Теректі) іріктелген ынталылар тобы алты кезеңге бөлініп, әрқайсысы 1 ай сабақ алуда. Кәсіппен бұрыннан айналысып жү­ріп, ісін кеңейтуді ойлаған немесе кә­сібін жаңадан бастағысы келіп жүрген ын­талылар күніне 8 сағаттық дәріске қатысады. Бұл оқу барысында бизнес ашу және оны жүргізу аспектілері жайында айтылып, кәсіпкерлік негіздері бойынша жеке кеңестер берілуде. Өңі­рі­міздегі маңдайалды кәсіп иелерінің ең­бегінен мысалдар баяндалып отырады. «Бастау бизнестің» мақсаттары мен мін­дет­тері, «Бизнес-сананың психоло­гия­сы», «Бизнес-идеяны таңдау» си­яқты та­қырыптар талқыланып, егжей-тег­жей­лі ұғындырылуда. Бір айта ке­терлігі, бұл бағдарлама бойынша бі­лім алу­шы­лардың жасына шектеу қой­ыл­майды.

Бүгінгі таңда «Бастау бизнес» сабақ­та­рының үш кезеңі аяқталып, Батыс Қа­зақстан облысының 5 ауданынан 456 адам арнайы курстан өтіп үлгерді. Төр­тінші кезеңде 150 адам дәріс алып жа­тыр. Жыл соңына дейін барлығы 938 адам қамтылады деп күтілуде.

Мемлекеттен қолдау болса, кәсіптің кө­зін ашуға болатынын кәсіпкер азаматтар дәлелдеп жүр. Тек ынта керек. Егер дә­ріске қатысушылардың бәрі оқуды то­лық меңгерсе, ізденістерін одан әрі жал­­ғастырса, барлығы да комиссияның сы­нынан сүрінбей өтіп, тиімді несиеге қол жеткізетіні анық.
– Облыстық кәсіпкерлер палатасының бастауымен 2016 жылы 304 кәсіпкерлік ны­сан өздерінің жобаларын іске асыру үшін жалпы сомасы 1 664 743 500 тең­ге қаржы алды. 228 кәсіпкерлік субъектісі жұ­мысын бастады. Сондай-ақ, 8 ин­вес­ти­циялық жобаға бизнес-жоспар дайындалып, оның 4-еуі мемлекеттен қолдау тапты, – дейді Батыс Қазақстан облысы кә­сіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­­дау қоры» АҚ, Батыс Қазақстан об­лы­сы әкімдігі және өңірлік кәсіп­кер­лер палатасы бірігіп, аудандарда мик­рокредиттік жобаны жүзеге асы­ру­ға кірісті. Бұл жоба бойынша ауыл­дық жер­­лердегі кәсіпкерлерді қолдау мақ­са­­тын­да жергілікті әкімдік пен «Ауыл ша­руашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ әрқайсысы 300 миллион теңгеден қаражат шығармақ. Жиналған 600 миллион теңге өз кәсібін жаңадан бастаған ауыл кәсіпкерлеріне 7 пайызбен несиеге беріледі. 

«Бастау бизнес» мектептері еліміздің 80 ауданында іске қосылған екен. Ал Батыс Қазақстан облысынан бүгінге дей­ін 80 ауылдан 500-ге жуық адам кә­сіп­керлік әліппесін оқып үлгеріпті. Курс біт­кен кезде тыңдаушылар сертификат алып қана қоймай, өз ісін де аша алады. Өйт­кені, бизнес-жаттықтырушылар өз тың­даушыларына бизнес-жоспар жа­сау­ға жәрдемдеседі, мемлекеттік де­меу­­қаржыны алуға қажетті құжаттарды жи­науға, жер қатынастары, лицензия алу, салық заңдылықтары мәселелеріне көмектесіп, ақыл-кеңес береді. 

Бұл жоба негізінен жұ­мыссыз жүрген ауылдықтарға және өз күнін өзі көріп жүрген жандардың кәсібін жолға қойып, одан әрі дамытуға арналған. Бағдарламаның басты жа­ңалығы да сол – қызықты, болашағы бар жо­ба ұсынылса, оны сол мезетте қар­жы­ландырудың мүмкіндігі бар.

– Біздің алдымызға келіп, кәсіпкерлік са­бағын алып жатқан ауылдықтардың ең жасы 19-да болса, ең үлкені 62 жаста екен. 30 күндік дәрісте 12 түрлі пәннен са­бақ беріледі. Ауылдықтарға ыңғайлы бо­луы үшін сабақ та тұрғылықты жерде ұй­ым­дастырылған. Зеленов ауданына қа­расты Переметный, Мичурин ауылдық ок­ругі мен Дариян селосында біз 93 адам­ды оқыттық. Алғашқы екі кезеңде оқыған жас кәсіпкерлердің қатарынан 23 адам өз жобаларын ұсынып, жалпы кө­лемі 100 млн теңгеге жуық қаржы алып үлгерді. Өткен үш кезеңде 4 адам өз кәсібі үшін жер телімін алса, 5 адам өз қар­жысына жаңа кәсіп бастады, – дейді биз­нес-тренер Қуанышбек Ерниязов.

Әрине, ауылдың күн көрісі мал ар­қы­лы болып тұр. Сондықтан да «Бас­тау биз­нес» жобасы арқылы қаржы­лан­ды­рыл­ған жобалардың да 80 пайызы мал ша­руашылығы саласына тиесілі екен. Соның ішінде мал бордақылап сатам деушілер көп.

Зеленов ауданына қарасты Трекин ауылында тұратын Данияр Капушов пен Мейірхан Иманғалиев өз ауылынан асыл тұқымды ангус бұқалары мен қашарларын сататын станса ашыпты. Он жылдан бері ет сатумен айналысқан ауылдастар Қостанай облысы Қарабалық ауданында орналасқан «Север-Агро Н» ЖШС-мен әріптестік байланыс жасап, етті бағыттағы абердин-ангус асыл тұ­қым­ды сиырларын өсіретін белгілі ша­руа­шылықтың облыстағы өкілдігін аш­­қан. Австралия мен Канададан әке­лі­ніп, қ­а­з­ақ топырағына әбден бейім­дел­ген мұн­дай қара сиырлар бұл өңірде бұ­рын жоқ еді. 

– «Бастау бизнес» – керемет бағ­дар­лама болды. Бизнестің қыр-сырын үй­ренд­ік. Қазір бұл сиырларды жеке аулада ұстап отырмыз, болашақта арнайы үлкен мал қорасын саламыз. Сиырдың бұл тұ­­­қымы тез өсіп-жетіледі, еті көп, сал­мақ­­т­ы. Бұрын ангус сиырын алғысы ке­ле­тіндер өзге өңірге сабылса, енді кез кел­­ген көлемде жақын жерден, бізден ала қояды. Малдың барлық құжатын, ек­пе шарттарын түгел сақтаймыз, – дейді Мейір­хан Иманғалиев. 

Ерлі-зайыпты Тохир Жаббаров пен Да­рья Колпакова 4 млн теңге несие алып, 24 бас сиыр сатып алған. Несие 6 пайыздық жылдық өсіммен 6,5 жылға бе­ріл­ген. 

– Алғашқы төлемді 9 айдан кейін ға­на жасаймыз, бұл бізге өте қолайлы, – дейді Садовый ауылының тұрғыны Тахир Жаббаров. 

Дариян ауылында тұратын 19 жасар Ар­тур Озеров 13 жасынан бастап ең­бек­ке ­араласқан екен. Жас кәсіпкердің әр сө­зі нық, болашағы жоспарлы.
– Мектепте оқып жүріп-ақ қарбыз сат­тым, металл сынықтарын тапсырып, ақ­ша табуды үйрендім. Бір күні әкем кіл­ем жуу туралы ұсыныс айтты, құрал-жаб­­дығын да алып берді. Ауылдың әр бұ­рышына жарнамамды іліп, тапсырыс түс­кен үйдің кілемін өзім алып кететін болдым. Қазір мені бүкіл ауыл біледі. Те­ле­фон шалса болды, өзім барып, кілемін жу­ып, тазартып апарып беремін. Қазіргі та­бысымның дені осы кәсіптен түсіп тұр, – дейді Артур.

Артур Озеров өз қаражатына авто­кө­лік жуатын орын ашып қойған. Сонымен бір­ге, «Бастау бизнестің» дәрістеріне қа­ты­сып, кәсіпкерлікті дамытудың қыр-сы­рын да үйреніпті. 

– Артур бізде оқып жүріп кәсіп­кер­лік­тің жаңа бағыттарын таңдай бастады. Мал алып бордақылау, дүкен ашу секілді идея­лар болды. Бірақ біз ақылдаса ке­ле монша салуды ұйғардық. Өйткені, Ар­турдың осы кезге дейін машықтанған ісі­мен бағыттас, – дейді Зеленов ауданы бойынша бизнес-жаттықтырушы Қуанышбек Ерниязов.

– Көлігін жуғызуға келген адам әзір тұр­­­ған моншаға кіріп, өзі де тап-таза болып жуынып алуға қарсы болмас, – деп кү­­леді Артур.

Жастығына қарамай екі адамға жұ­мыс беріп отырған кәсіпкердің жоспары­на, жігеріне риза боласыз.
Достық ауылында тұратын Сабыр­ға­ли Сисенов те «Бастау бизнес» дәрісінен кей­ін 3,4 млн теңге несиеге күнбағыс май­ын шығаратын шағын цех сатып ал­ған. Ол бұрын көп жыл базарда шемішке сат­қан екен.

Кәсіпкерлік сабақтары Теректі ау­да­нын­­да да белсенді өтіп жатыр. Ал­ғашқы үш кезең бойынша 101 теректілік бір ай­лық курста бизнестің қыр-сырына қа­ныққан.

Солардың бірі Байжан Исеев Шаған ауыл­дық округінде қасапхана ашуға бел байлапты. Орал қаласына жақын ор­на­лас­қан бұл ауыл тоғыз жолдың торабын­да тұр. Бүгінде жаңа ветеринарлық та­лап­тар бойынша мал тек арнайы орын­дарда сойылуы тиіс. Міне, Байжан  Жәр­­демұлы дәл осы қызметті қолға ал­­мақ­шы. Бірақ, заманауи қасапхана са­­лу үшін көп қаржы керек. Бүгінде Б.Исеевтің бизнес-жоспарына сәйкес ке­­ректі 20 млн теңге несие мәселесі Ау­ыл шаруашылығын қолдау қорының бас кеңсесінде талқыланып жатыр екен.

Міне, Елбасының тікелей тапсыр­ма­сына сәйкес қолға алынған «Нәтижелі жұ­­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дар­ға арналған бағдарламасын» Батыс Қа­зақ­стан өңірінде жүзеге асыру мақсатына би­ыл 3616,4 млн теңге бөлінген екен. Бұл, әрине, аз қаражат емес. Бірақ бұл қар­жыны құр үлестіріп беру де дұрыс емес. «Мұқ­таж жанға жейтін балық берме, сол балықты аулайтұғын қармақ бер» – «Бастау бизнестің» қағидасы осы.

Батыс Қазақстан облысы

Суреттерді түсірген  автор