Әдебиет • 22 Тамыз, 2017

Барды бағалай білейік

1107 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жапон халқы сексеннің сеңгіріне шығып, жүз жасқа жақындаса да өздерін «қартайдым, қайғы ойладым» демейді. Керісінше, қоғамның белсенді мүшесі ретінде өмір сүруге деген құлшыныс-жігерлері артып, бір-біріне көмек қолын созып, қамқорлық жасауға бейім.

Барды бағалай білейік

Олар өзінің де, өзгенің де көңіл күйінің жоғары болуына айрықша мән беретін халық. Бірі-біріне жымия қарап, күлімсірей сөйлесуді, шын ниет-пейілімен көмектесуді жапондардан үйрену керек. Олар өте мейірімді, кешірімді. Аяғын басып кеткен адамның өзінен кешірім сұрап, иіліп тұрады. Бұл – мектеп, бұл – тәрбие. Әке-шешесі мен аға-әпкелерінің, айналасындағы адамдардың осылай жасап жатқанын көрген бала да «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Мейлінше инабатты болуға тырысады. Болмашы нәрсеге күйіп-пісу, күйгелектену, «жаңбыр жаумай су болу» жапондарға тіпті тән емес. Қандай жағдай болса да сабырлылық танытуға тырысады.  

Жапондар адамдар арасындағы сыпайы да кішіпейіл қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Бірін-бірі бағалай бі­леді.Тіпті таныса да, танымаса да бір-бі­ріне айрықша ілтипат көрсетіп, көмек қажет болса, қолұшын созуға даяр тұра­ды. Біле бермейді екенбіз, осының өзі адам­дардың жасын ұзартады екен.

Жапондардың жасы үлкен кісілерге құр­метпен қарауы да ерекше. Олар ауы­рып қалған жағдайда көңіл күйін кө­те­ріп, қамқорлық жасауға тырысады. Та­ны­сын-танымасын осындай шарапаты мол игі істермен айналысу – олар үшін үй­реншікті әдет, қалыптасқан қағида.

Ал бізде қалай? Заманның ауыр­т­палығы мен күйкі тіршілікті, жұ­мыс­бас­тылық пен уақыттың жоқтығын алға тартып, ауылдас ағайынды былай қой­ғанда, әке-шеше, бауырларымен жылдап хабар-ошар алмайтын, олард­ың хал-жағдайын тым болмаса телефон арқылы сұрауға мұршасы жоқ безбүйректер қаптап кеткен жоқ па? Ауылдағы ата-ана баланы ойлап, сарыуайымға салынып, күйзеліспен күн кешіп жатса да, бейқам баланың бүйрегі бүлк етпейді-ау... Бұл не сонда? Жапондар туған-туысқандарын айтпағанның өзінде, елді мекенде бірге тұратын адамдармен ұдайы аралас-құралас болып, хал-ахуалын сұрауды, қолдан келер көмегін жасауды хош көреді екен. Жасаған жақсылығының орнына бірдеңе дәметпейді. Бірақ, осындай оң тірлігі өзінің де, өзгенің де өмірін ұзартатынын бес саусақтай бі­леді. Соны білгендіктен де осындай қа­дам­дарға барады. Осының бәрі үлкен-кішінің санасына әбден сіңіп қалған.

Қазақ халқына да осындай жақсы қасиеттер тән еді, содан айырылып бара жатқандаймыз ба, қалай? Адамгершілік пен қайырымдылықты, мейірімділік пен ілтипатты ысырып қойып, оның орнына қаныпезерлік пен қатыгездік жайлап бара жатқан жоқ па осы? Өз басынан басқаны ойламайтын, көмектесу мен қолұшын созу былай тұрсын, ағайын-туыс пен бауырлардың, ауылдастар мен дос-жаранның жағдайына мойын бұрып қарауға да мұршасы жоқ пенделер аз ба арамызда? 

Ағайынды айтпағанда, бір-бірін танымайтын адамдардың арасындағы шынайы да сыпайы қарым-қатынас пен берік байланыстың өзі өмірді ұзар­ту­ға үлкен сеп болады екен. Жапон­дар­дың ұзақ өмір сүруінің бір сыры осы. Олар қолда бар, баға жетпес бай­лықты бағалай біледі. Байлығы – адам­дар. Олардың өзара сыпайы, ина­бат­ты қарым-қатынасы адамдарды қо­ғ­ам­ның дамуы жолындағы ортақ іске жұ­мыл­дырып, алынбастай көрінген қа­малдардан қиналмай өтіп, үлкен же­тіс­тіктерге жетелейді. Мұның өзі адам­дарды айрықша бір сезім күйге бө­ліп, өмір сүру мен болашаққа деген құл­шыныстарына серпін мен сенім бе­ре­тінін мамандар ғана емес, жапондар да жақсы біледі. Осындай көңіл күйді қ­алы­птастыру біздің қолдан келмей ме сон­да? Әлбетте келеді.

Жапондар абайсызда аяғын басып кеткен адамнан кешірім сұрайды де­дік. Ал бізде ше? Аяқты жаншып өту, арындап келіп иықтан қағып кету – күніне бірнеше мәрте тап бола­тын жағдай. Ондай кезде баж ете қа­лып, кө­зін аларта қарап, тіпті қатты-қат­ты «сөз шайқасы» ғана емес, жаға жыр­тысуға дейін барамыз. Осындай келеңсіз жағдай екі жақтың да өмірін қысқартуға алып келетінін білесіз бе? Өйткені, мұндай жағдай жүйкеге салмақ түсіріп, көңіл күйіңізді бұзады. Ашу­ға беріліп, бұлқан-талқан боласыз. Ма­мандар осының бәрі адам өмірін қыс­қартатынын мәлімдеп отыр. Жа­пон­дар осындай жағдайлардың орын ал­мауын ойлайды. Олар керісінше, ма­­мыражай өмір шырқын бұзбай, әр­дайым көңіл күйлерінің жоғары бол­ғанын қалайды. Соған ұмтылады. Жы­лы қабақ танытып, жылыұшырай аман­дасып, бәйек болу арқылы өзіне де, айналасындағы адамдарға да жоғары көңіл күй мен өмір сыйлайды. Көрдіңіз бе, қарапайым ғана қағида.

Еліміздегі танымал сайттардың бірі Астана мен ЭКСПО-ны көру үшін қыдырып келген шетелдік туристердің пікірін бер­ді. Соның ішінде біреуі «Бәйтерек» мұна­ра­сына көтерілу үшін бір-бірімен иық тірес­тіріп, қағысып қалған адамдар­дың ерсі іс-әрекетін ашына айтыпты. Бұл күнде көріп жүрген көп көріністің бі­рі ғана. Басқасын айтпай-ақ қояйық, мәдениет сарайларының өзінде шығар есік­ке кептеліп, бір-бірімізді жаншып жі­бе­ретіндей, таптап өтетіндей со­ра­қы қылық көрсетіп жататынымыз жа­сырын емес қой? Киім ілгіштің ке­зе­гінде тұрғанның өзінде адамдардың үс­тінен екпіндеп, ербең-ербең ентелеп, ер­сілік көрсетіп жатамыз. Бұл жағдай бас­қалардың жүйкесін жұқартпайды деп кім айтты? Жұқартады. Жақсы спек­такль немесе кино көріп, тамаша әсер­мен шыққан күннің өзінде, мынадай ерсі көрініс көп адамдардың көңілін құлазытатыны анық. Артық-ауыс, бейпіл сөздер де осындай жерде айтылады. Мұндай көрініске «қатысушылардың» да, оған куә болғандардың да осыдан кейін көңіл күйі бұзылып, ауру-сырқауға ұшырап, оның соңы өмірлерін қысқартуға әкелетіні хақ. Бұл біздің емес, мамандар нақты деректермен дәлелдеген шындық. Ал күнделікті өмірде осындай көңілге кірбің түсіретін келеңсіз көріністер бірнеше рет қайталанып жатады, есептей беріңіз, өміріңіздің қаншаға қысқарғанын?
Жапондар «Қартайдым, енді қоғам­ға да, ешкімге де керегім жоқ» деп са­ры­­уайымға ешқашан салынбайды екен. Қашанда оптимистік көңіл күйде бо­лу­ға тырысады. Мұндай адамдар қар­тайса да, олардан ауру-сырқау ал­шақ болады. Ауруға шалдыққан күн­нің өзінде, одан тезірек жазылатын кө­рінеді. Өйткені, оптимизм адам өмі­­рін айтарлықтай ұзартатынын ғы­лыми-зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Мә­с­елен, Нидерланд ғалымдары он бес жыл бойы дәл осы мәселеге бай­ла­нысты зерттеу жасаған. Сонда бай­қал­ғаны – қайғы мен үрейге беріліп, тұ­ла бо­йын қорқыныш билеген, ауруы­нан айы­ғуға немесе басына түскен ауыр жағ­дайдан арылуға сенімі мен жі­г­ер-қайраты жоқ пессимистердің оп­ти­мис­тік көзқарастағы, келешектен үмі­ті зор адамдармен салыстырғанда жү­рек-қан тамырлары ауруларынан қай­тыс бо­луы 55 пайызға жоғары екені анық­тал­ған. Сондай-ақ, бұл елде 65 пен 85 жас ара­лығындағы 941 әйел мен ер адам ішін­де пессимистермен салыстырғанда оп­тимистер арасындағы өлім-жітім 45 пайызға төмен екендігі анықталып отыр.

Жапонияда тіпті жалғызбасты қарт адам­дардың өзі көптің мейірімі мен қам­қор­лығынан шет қалмайды. Көпшілік ондай жандардың жалғызсырап қал­ма­уын қатаң қадағалап, өмірден түңі­луіне ешқандай да жол бермейді. Олард­­ың көңілін аулайды, әрдайым кө­мектеседі. Адамдардың осындай қам­қор­лығын көріп, жаны жайланатын қарт­тар да қоғамға, өз ортасына керек еке­нін сезінетіні айдан анық. Кейінгі кезде мұны «альтруизм» деп жүр. Қа­зақ­тың жалпақ тілімен айтқанда, бұл де­геніңіз, жаныңдағы жақындарың мен айналаңдағы адамдарға жақсылық жа­­сау деген сөз. Бұл да көбіміздің қо­лы­мыздан келетін, қанымызда бар қа­сиет емес пе? Жоғарыда айт­қа­ны­мыз­дай, үлкеніміз бар, кішіміз бар, бай-бақуатты бағландарымыз бен қолы ашық, жүрегі ізгі жомарт жандар бар, осын­дай игілікті іске белсене араласып, ша­пағат шуағын шашатын болсақ, қазақ қо­ғамында да орташа өмір сүру жасы бір­шама ұлғаятыны анық.

Жетім-жесірлер мен мүгедектерге де осын­дай қамқорлық жасауға тырысқан аб­зал. Бұл да сауапты іс, адамдардың өмі­рін ұзартатын қайырымды тірлік.

Өмір жасыңыз ұзақ болсын де­сеңіз, біз тілге тиек еткен қолдағы бар бай­лық­ты бағалап, қайырымды істер­ден қал­ыс қалмаңыз! 

Ғалым Омархан,
"Егемен Қазақстан"