Аймақтар • 22 Тамыз, 2017

Депутат халық қамқоры болуы тиіс

581 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қаратау» кен өңдеу кешенінің директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Мұратқали Сәрсенов жуырда «Нұр Отан» партиясының Жаңатас қаласындағы аудандық филиалы ғимаратында аудан тұрғындарымен кезекті қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға «Нұр Отан» партиясы Сарысу аудандық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Құлбеков, Жаңатас қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Руслан Қозбағаров және т.б. қатысты.

Халық қалаулысы М.Сәрсенов қа­зақ­тың «қол жұмылмай – жылынбайды» деген даналық сөзін бір сәт те естен шы­ғар­май, өзіне сенім артқан сары­су­лық­тарға қолынан келгенше көмек беріп келеді. 

Халық қалаулысы М.Сәрсенов қо­ғам­­дық қабылдауға қатысқан кісілер­дің өті­ніш-арыздарын байыппен тың­дап, жастарға ақыл-кеңестерін, жылы сөздерімен қатар мамандықтың жаман­дығы жоқ екенін, кез келген мамандық бойынша жұмыс істей беруге шақырды.

Қоғамдық қабылдауға келген зей­нет­кер, екінші топ мүгедегі Ардагер Бекмаған­бетов «Көктал» сауықтыру орта­лығына емделуге көмек сұрай келгенін айтқан соң, облыстық мәслихат депутаты М.Сәрсенов елу пайыздық жеңілдік берілетінін жеткізді. Өтінішінің орындалғанына риза болған қария халық қалаулысы М.Сәрсеновке ризалық алғысын білдірді. Сондай-ақ, қабылдауда болған Сымбат Мақаш, Әлия Құттыбаева, Вера Ясвилко, Серік Бейсенбаев, Бағдат Қасымбеков, Оразбек Мұсабеков, Арайлым Нұғыманова, Динара  Бекмағамбетова жұмысқа орналасуға және пәтер алуға көмек көрсетуін сұрап, тілек-өтініштерін білдірді.

М.Сәрсенов қабыл­дауда болған биыл ғана қызыл дипломмен бітіріп келген және бұрын комби­натта жұмыс істеп, кейін басқа жұмысқа ауы­сып, қайтып келген азаматтарды және дипломдары комбинатта жұмыс істеуге сай келетін жастарды жұмысқа қабылдауға көмек беретінін жеткізді. Ал дипломы жоқ жастардың білімін жетілдіріп, жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, сол арқылы жұмысқа орналасуға болатынын да түсіндірді. Қабылдауда болған  Несібелі Тоққұлиева баласын жұмысқа орналастыруға көмек беруін сұраса, «Саудакент» елді мекенінен келген Бақыт Тулбаев та өзінің жұмысқа орналасқысы келетіндігін жеткізді. Қаламқас Нұржанова да өзінің және күйеуінің жұмыссыз отырғанын айтты. Сондай-ақ, күйеуінің жұмысқа жарамсыз, мүгедектігін де жеткізді.

Жалпы, Мұратқали Сәрсенов қоғам­дық қабылдауда болған он екі кісінің барлығының арыз-шағымдарын мұқият тыңдап, тиісті шаралар қабылдай отырып, қоғамдық қабылдауда болған кісілердің арыз-өтініштері алдағы уақытта оң шешімін табатынын айтты. 

Құдайберген МӘМБЕТОВ,

Жамбыл облысы,

Жаңатас қаласы