Футбол • 22 Тамыз, 2017

Брендан Роджерс: «Астананы» «Атлетико» да жеңе алмаған

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Селтик» командасының бас бапкері Брендан Роджерс «Астанаға» қарсы ойын жайлы пікір білдірді.

Брендан Роджерс: «Астананы» «Атлетико» да жеңе алмаған

– Брендан, Глазгода өткен алғашқы ойын жайлы қандай пікірдесіз? «Астананың» дәл осындай есеппен ұтылуына не себеп болды деп ойлайсыз?

– «Астана» үшін жауап бере алмаймын. Алайда, алғашқы отыз минутта өте жақсы ойнағанын білемін. Бірінші голды ұзаққа бармай соғып алғанымыз жақсы болды. Ары қарай жұмысымыз жеңілдей берді. Ал ертең мүлдем басқаша ойын болайын деп тұр. Алғашқы матч өткеннің еншісінде қалды. Жақсы нәтижеге қол жеткізгеніміз жасырын емес. Ертең бастаған ісімізді аяқтауымыз керек. Топ командалардың деңгейінде өнер көрсету үшін бізге даму керек. «Астана» өте жинақы ойнайтын ұжымдардың бірі. Әсіресе, қорғаныста барын салады. Сондай-ақ, шабуыл шебінде де бізге қиындық тудыратын ойыншылардың бар екенін естен шығармағанымыз жөн.

– «Селтик» алғашқы ойынмен салыстырғанда өзгеше ойнауы мүмкін бе?

– Біз әрбір матчты жоғары деңгейде ойнауымыз қажет.

– Глазгодағы нәтижеден кейін негізгі құрамдағы ойыншыларға демалыс бересіз бе?

– Негіз құрам жайлы матч алдындағы жаттығудан кейін талқылайтын боламыз. Біздің алдымыздағы басты міндет – ары қарай өту. Осы мақсатымызға жету үшін барлығына дайын болуымыз керек.

– «Селтик» осымен Қазақстанға үшінші рет келейін деп тұр. Бірақ осыған дейін Астанада өткен бір де бір ойында жеңіске жетпеген. Сіз үшін жеңіске жету қаншалықты маңызды?

– Мен «Селтик» қана емес «Атлетико», «Бенфика» секілді үлкен командалардың осында келіп, жеңе алмай кеткенін білемін. Астанада жеңіске жету оңай еместігін жақсы білеміз. Ертең біз бұрынғыдан да  жақсы ойнау үшін барымызды саламыз. Әрине, Шотландия мен Қазақстан арасындағы уақыт айырмашылығы, стадиондағы синтетикалық алаңның кері әсер етері анық.

– Егер ертеңгі ойында 0:4 есебімен ұтылып қалсаңыздар не болмақ?

– Шынын айтсам, маған ертеңгі ойынның нәтижесі маңызды емес. Қандай есеппен ұтылсақ та, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алсақ болғаны. «Астана» өз жанкүйерлерінің алдында қаншалықты жақсы ойнаса да, бес гол айырмашылығы олар үшін тым ауыр болары сөзсіз.

– «Астана» өткен жылға қарағанда деңгейі төмендеді деп ойлайсыз ба?  

– Біз «Астанаға» асқан құрметпен қараймыз. Команда еуроаренада үлкен жетістіктерге жетті. Астаналықтар дамып келеді, өткен жылға қарағанда бір қадам алға жылжығаны байқалады. Бірақ «Селтик» те бір орында тұрып қалған емес.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында өткен матчта «Селтик» өз алаңында «Астананы» 5:0 есебімен жеңген болатын.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»