Аймақтар • 22 Тамыз, 2017

Жайық пен Арыс арасы жақындай түсті

415 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы елі­­міздің қиыр батысында, Ре­сей Федерациясының ең бір өндірісті губернияларымен шектесіп жатыр.

Жайық пен Арыс арасы жақындай түсті

Мысалы Сама­ра – автоөндірісімен, Орын­бор мұнай-газ өңдейтін алып кәсіпорындарымен әйгілі. Де­ген­мен, Қазақстан егемен ел бол­ғандықтан етек-жеңін жинап, өңірлер бір-бірімен тығыз қа­рым-қатынас жасауға көшті. Ел­басы тапсырмасынан кейін Батыс Қазақстан облысы делегациясы Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола облыстарына сапарлап, әріптестік байланыстарды күшейтті. Жақында осындай сапардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысына жасалды.

– Оңтүстік Қазақстан облысы – халқы ең тығыз қоныстанған, соған орай бәсекелестік те өте күш­ті дамыған өндірісті ай­мақ қой. Біздің делегация­ны облыс әкімі Алтай Көлгінов өзі бастап барды. Топ құра­мын­да түрлі сала басшылары­мен бірге «Қарашығанақ Пе­тро­лиум Оперейтинг бв» ком­па­ниясының өкілдері де Оңтүстік Қазақстанға арнайы ат басын тіреді, – дейді Батыс Қазақстан об­лыстық кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраи­мов.

Бір қызығы, облыс өкілдері оң­түстікке осымен екінші мәрте топ болып келіп отыр. Биыл сә­уір айында индустриялық аймақ­тарда атқарылып жатқан жо­ба­лармен танысып, тәжірибе алмасу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына дәл осындай сапар ұйымдастырылған болатын.

– Біз Оңтүстік Қазақстан облысына мұнай-газ секторынан бөлек, серіктестіктің өзге де са­лаларын ұсынғымыз келеді. Мы­салы, Оңтүстік Қазақстан облы­сының ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптегі әлеуеті жо­ға­ры. Осыны ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды пайдалану, АӨК өнімдерін қайта өң­деу мен экспорттау үшін инфра­құрылым құрылысын жүргізу бағытында бірлескен жобаларды ұйымдастыруға дайын екенімізді мәлімдейміз, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкі­мі Алтай Көлгінов.

Әрине, өңірлер арасында эконо­микалық, мәдени-гумани­тарлық және өзге де салаларда тығыз ынтымақтастық орната оты­рып, өзара тауар айналымын ұлғайту, өңірлердің экономикалық жағдайын жақ­сар­ту үшін жасалатын мұн­дай қарым-қатынас көптік ет­пей­ді. Мәселен, А.Көлгінов екі облыс арасында инвестиция және өндіріс, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді да­мыту, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салала­рында әріптестікті дамытуға мүд­делі. Сондай-ақ, Кентау транс­­фор­матор зауытының өнім­­деріне «Қарашығанақ Петро­леум Оперейтинг» кәсіпор­ны қызығушылық танытып отыр екен. 

Оңтүстік Қазақстанда жеңіл өнер­кәсіп жақсы дамыған. Орал­дық делегация «Оңтүстік» арнайы экономикалық айма­ғында «Бал Текстиль» кәсіп­орнын аралап көрді. Бұл фаб­рика түріктің бел­гілі «Kar­tal Carpets» компания­сы мен оң­түстікқазақстандық кәсіп­­керлердің әріптестігі нәти­жесінде 2011 жылы пайда бол­ған. Содан бері «Бал Текстиль» саланың «20 үздігі» қатарына кіріп, ұлттық сертификат та алып үлгерген екен. 

Оралдықтар жұмысымен қы­зыға танысқан кәсіпорындар қа­тарында «HILL Corporation» ЖШС, «ЕвроКристалл» зауыт­тары, «Ордабасы құс» фабрика­сы секілді өндіріс орындары бол­ды. Мұндағы «HILL Corporation» ЖШС мотор майын өнді­рсе, «ЕвроКристалл» ЖШС шыны құты, банкі өндірісін жол­ға қойған. Ал жылына 16 млн дана шұлық шығаруға мүм­кіндігі бар «Әлем БТ» фабрикасы Қазақстан нарығынан Қытай мен Қырғызстан шұлықтарын ығыстырып келеді. Кореяның «Jintex Global» компаниясымен бірлесе жүзеге асырылған бұл фабриканың өнімдері бүгінде экс­портқа да шығарылып жатыр екен.

Оралдықтардың осы сапары Кен­тау трансформатор за­уы­ты мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг бв» компа­ния­сы үшін пайдалы болды. Делегация құра­мында болған «ҚПО б.в.» ком­паниясының бас ди­ректоры Ренато Мароли бастаған ком­пания өкілдері Кентау қала­сындағы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-тың өндірістік ба­за­сын аралап көріп, зауыттың өн­дірістік қуатымен, технология­сымен, өнім түрлерімен және сапа сертификаттарымен жете та­нысты. Нәтижесінде аталмыш кәсіпорын мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» ком­паниясы арасында трансформаторларды жеткізу жөнін­де меморандумға қол қойылды. Ай­та кетейік, Кентау трансфор­матор зауыты осыдан бірер жыл бұрын Орал қаласынан өз филиалын ашқан болатын. Бірақ Оралда әзірге аса қуат­ты трансформаторлар жасалмайды. Сондықтан «ҚПО бв» бас кәсіпорынның өніміне «құ­да түсуді» жөн көрген. Елімізде қолға алынған импортты алмастыру бастамасын қолдап, отандық өнімге сұ­ра­ныс жасаған компанияға кентаулықтар да риза.

Батысқазақстандықтардың оң­түстік өңірге сапары нәтижелі бол­ды деуге негіз бар. Осы күн­­дері үш меморандумға, бір келісімшартқа қол қойылды. Ең бастысы, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында инвес­тиция және өндіріс, ша­ғын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақ­тау ­салаларында әріптестік орнату жөнінде меморандумға қол қойылды. Екінші, «Орал» жә­не «Шымкент» әлеуметтік кә­сіп­керлік корпорациясы» ұлт­тық компаниясы» АҚ арасында ынтымақтастықты нығай­ту, ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында мәміле жасалды. Төртінші келісімшарт «BafkerHughes» компаниясы мен «Шымкент-цемент» АҚ ара­сында жасалды. Бұл келісім­шарт Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының төр­тін­ші кезеңіндегі құрылыс жұмыстарын қажетті цемент өнімдерімен қамтуды көздейді. Оралдық «BafkerHughes» «ҚПО б.в.» компаниясына сервистік қызмет көрсетеді, соның ішін­де бұрғылау жұмыстарын атқа­рады.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіп­керлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақ­дәулет Ибрагимовтың айтуынша, қазіргі уақытта БҚО мен ОҚО арасында тауар айналымы жақсы жолға қойылған. Бізден оңтүстікке ет, ауыл­шаруашылық өнімдері шығарылса, ол жақтан бізге көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақ­ша өнімдері тасымалданады. Бүгінде екі өңір арасында бір­лес­кен жобаларды іске асыру үшін екі облыстың әлеуметтік кә­сіпкерлік корпорациялары жұмыстанып жатыр. 

Сапардың соңғы күнін орал­дықтар қасиетті Түркістан қала­сына арнады. Күллі түркі жұр­тының кіндігі саналатын көне шаһарда туризм өте жақсы дамып келеді екен. Бұл жөнінде Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев әсерлі әңгімелеп берген. Мәселен, осыдан 4 жыл бұрын Түркістанға келетін туристер саны жылына 618 мың адам болса, 2016 жылы туристердің саны үш есеге жуық көбейіп, 1,6 млн-нан асыпты. Соның ішінде 24 мың адам алыс-жақын шетелдерден келгендер екен. 270 мың тұрғыны бар шағын қалада 16 қонақ үй қызмет көрсетеді. Биылғы жарты жылда киелі шаһарға 678683 турист келген екен. Осы уақыт ішінде туризм саласынан қала бюджетіне 1,496 млрд теңге табыс түсіпті.

– Бізге түркістандықтардан үйре­нетін нәрсе көп. Біз жергі­лік­ті туристік агенттік өкіл­де­рі­мен де кездесіп, әріптестік қа­рым-­қатынас орнаттық. Олар Батыс Қазақстаннан Түркістан қаласына тур ұйымдастыру жө­нінде ұсыныс айтып отыр. Бұл мәселе Батыс Қазақстан облы­сының туризм және сыртқы бай­ланыстар басқармасында ар­найы талқыланады, – дейді Бақдәулет Талғатұлы.
Үш күндік сапардың жемісі үлкен болады деген үміт бар. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ