Футбол • 22 Тамыз, 2017

Иван Маевский: Ендігі басты мақсатымыз – жанкүйерлерімізді қуанту

188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана» командасының жартылай қорғаушысы Иван Маевский «Селтикке» қарсы ойын жайлы ой бөлісті.

Иван Маевский: Ендігі басты мақсатымыз – жанкүйерлерімізді қуанту

– Ақтық деміміз қалғанша күресетін боламыз. Алғашқы ойында жіберген қателіктерімізден қорытынды шығардық. Бәрін ұмытып, Глазгодағы матчтағы есеп әділ емес екендігін көрсеткіміз келеді. Жанкүйерлеріміздің алдында бар өнерімізді көрсететін боламыз.

– Бірінші матчтан кейін елімізде «Астананы» қатты сынға алғандар болды. Жігіттердің психологиялық жағдайы қандай?

– Өзім жайлы айтар болсам, мұндай сынға қатты мән бермеуге тырысамын. Әркімнің өз ойы, пікірі бар. Біздің жұмысымыз – алаңға шығып, жоғары деңгейде ойнай алатынымызды дәлелдеу.

– «Астана» тең нәтижені қанағат тұта ма әлде келесі кезеңге өтуден әлі де болсын үмітті ме?

– Бәріміз бес немесе одан да көп гол айырмашылығымен жеңуді армандап жүрміз деп ойлаймын. Басты мақсатымыз – алаңға шығып, жанкүйерлерімізді қуанту. Ал қандай есеп тіркелетінін ертең көреміз.

– «Селтикті» қандай жағдайда ұта аламыз деп ойлайсыз?

– Біз өз алаңымызда, жанкүйерлеріміздің алдында ойнаймыз. Мүмкіндіктеріміздің бәрін пайдалануымыз керек. Әрине, аздаған сәттілік болса жеңіске жетуімізге болады.

– Глазгода «Селтик» «Астанадан» әлдеқайда басым болды деп ойлайсыз ба, әлде қателіктері үшін жазалады ма?

– Мен үшін алғашқы матч өткеннің еншісінде қалды. Тиісті қорытындыны шығардық. «Селтик» жақсы команда, қателіктерімізді мүлт жібермеді. Мұндай деңгейдегі матчта жіберген кішкене ғана қателігің үшін сыбағаңды бірден аласың. Ертең барынша жинақы ойнауымыз керек.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»