Футбол • 22 Тамыз, 2017

«Қайрат» арақашықтықты қысқартты

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан премьер-лига командалары арасындағы Қазақ­стан чемпионатының 24-ту­рына топ басындағы «Астана» қатысқан жоқ. Елорда клубы бүгін УЕФА Чемпиондар лига­сының плей-офф кезеңі аясын­да Шотландияның «Селтигімен» қа­рымта матч өткізетіндіктен, оның «Оқжетпеспен» арадағы ойыны кейінге шегерілген-тұғын. 

«Қайрат» арақашықтықты қысқартты

Сурет: Tengrinews.kz

Мұндай жағдайды «темір­жолшыларды» өкшелеп келе жатқан «Қайрат» өз пайдасына шебер пайдалана білді. Өз ала­ңында Қарағандының «Шах­терін» қабылдаған жаңа бап­кер Карлос Феррердің шәкірт­тері «кен­шілерді» 3:1 есебі­мен тізе бүк­­тірді. Жалпы, «Қай­рат»  би­ыл­­ғы чемпионатта «Шах­терге» қыр­ғидай тиді. Осы кез­десудің алдындағы ойын­дарда екі рет 4:1 есебімен күй­рете жеңген болатын. Бәрін қос­қанда алматылықтар Қарағанды клубының қақпасына 11 гол соғып, өзіне бар-жоғы үш доп қана жіберіп алған екен. Сөйтіп, «Қайрат» көш басындағы «Астанамен» арадағы ұпай алшақтығын аз күнге болса да төрт ұпайға қысқартты.

Қола жүлде үшін тартыстан мән кеткен сияқты. Неге десеңіз, Шымкенттің «Ордабасы» осы турда «Атырауды» өз алаңында 2:0 есебімен жеңді де, қыр соңы­нан қалмай келе жатқан «Ер­тістен» сегіз ұпайға ұзап кетті. Ал, павлодарлықтар болса, өз алаңында «Қайсармен» 0:0 есе­бімен тең түсіп, тағы да ұпай жоғалтты.

Турнир кестесінің төменгі жағындағы жағдай да осы тур­дан кейін бәлендей өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Көш соңын­дағы «Ақтөбе» сырт алаң­да «Ақжайықпен» тең түсіп, «аутсайдер» деген атқа әбден мойынсұнғандай. Бұл екі ұжымнан төменнен жо­ғары санағанда үшінші са­тыда тұрған «Оқжетпестің» де озып кеткені шамалы. Аут­сайдерлермен көршілес Көкше футболшыларының кейінге қал­дырылған матчта «Ас­танамен» ойнайтынын есепке алсақ, жоғарыдағы сөзімізге ко­ман­даның жанкүйерлері кейістік білдіре қоймас деген ойдамыз.

Сұрмергендер арасындағы тартыста соңғы турда тағы да гол соғып, көзге түскен Жерар Гоу алда келеді. «Қайраттың» «қара маржанының» еншісінде 17 доп бар. «Астананың» шабуылшысы Жуниор Кабананга 15 голмен екінші орында келеді. Ал, Патрик Твумаси («Астана») мен Таңат Нөсербаев («Ордабасы») қарсыластар қақпасын 9 реттен дәл көздепті.

Өткен 24-турда мынадай нәтижелер тіркелді: 

«Ақжайық» – «Ақтөбе» – 2:2 (1:0), Джурович, 20 (1:0). Зень­кович, 46 (1:1). Джурович, 57 (2:1). Зенькович, 82 – пеналь­тиден (2:2). «Тобыл» – «Тараз» – 1:1 (0:0, Квеквескири, 72 – пеналь­тиден (1:0). Мане, 77 (1:1). «Ордабасы» – «Атырау» – 2:0 (0:0), Тұңғышбаев, 69 (1:0). Нөсербаев, 87 (2:0). «Ер­тіс» – «Қайсар» – 0:0 (0:0). «Қай­рат» – «Шахтер» – 3:1 (0:1), Ста­ноевич, 43 (0:1). Исаэл, 52 (1:1). Гоу, 67 (2:1). Ахметов, 85 (3:1).

Келесі 25-тур 26 тамыз күні өтеді: 

«Атырау» – «Қайрат», «Қайсар» – «Ордабасы», «Оқ­жет­пес» – «Ақтөбе», «То­был» – «Ақжайық», «Та­раз» – «Ертіс».