Кәсіпқой бокс • 22 Тамыз, 2017

Жарыстар күнделігі

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі

Ауыр атлетика

Тайбэйде басталған студенттер арасындағы Жазғы универсиаданың бірінші жарыс күнінде қазақстандық зілтемірші Арлей Чонтей Қазақстан қоржынына алғашқы медальды салды. Ол ерлер ара­сында 56 кило салмақта сынға түсіп, қола жүлдені жеңіп алды.

Арлей Чонтей қоссайыс бойынша 258 килоны еңсерді (115-143). Ал Чонтейден зілтемірді 36 кило ауыр көтерген Солтүстік Корея спортшысы Чол Юн Ом Универсиада чемпионы атанды. Күміс жүлде 263 кило (119+144) көтерген доминикандық Луис Альберто Гарсияға бұйырды. 

Айта кетейік, Жазғы универсиада 30 тамызға дейін жалғасады. Бұл жарыста қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, жүзу, бокс, күрес және басқа да спорт түрлері бойынша сынға түсуде.

Жеңіл атлетика

Англияның Бирмингем қаласында жеңіл атлетикадан «Гауһар лиганың» іріктеу кезеңі аяқталды. Соңғы кезеңде Ольга Рыпакова 14,19 метрге секіріп, үшінші орын иеленді. Ал бас жүлде 14,51 метрге секірген колумбиялық Катрин Ибаргуэнге бұйырды. Екінші орынға Ямайка спортшысы Кимберли Уильямс (14,44) тұрақтады. 

 Осылайша, 2017 жылғы «Гауһар лига» турнирінің іріктеу кезеңі аяқталды. Енді алда спортшыларды финалдық кезең күтіп тұр. Турнир Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. 

Теннис 

Ерлер арасындағы халықаралық теннис қауымдастығы (АТР) спортшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл тізімде қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Александр Буб­лик үздік жүздікке біртабан жақындады. Рейтингте Кукушкин 102-ші орынға, ал Бублик 103-ші орынға орналасқан. Ал 7 645 ұпай жи­наған испандық Рафаэль Надаль әлемнің бірінші ракеткасы атанды. 

Сонымен қатар, әйелдер теннис қауымдастығы да (WTA) рейтингтерін жаңартты. Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева бір сатыға жоғары көтеріліп, ТОП-50 үздік теннис­шілердің қатарына енді. Ярослава Шведова  өзінің 81-ші орнын сақтап қалды. Зарина Дияс бір сатыға төмен түсіп, 108-ші орынға тұрақтады. Қыздар арасындағы рейтингте чех қызы Каролина Плишкова 6 390 ұпаймен көш бастап тұр.

Әзірлеген Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»