Аймақтар • 22 Тамыз, 2017

Бүгін Жамбыл облысында «Өз өлкеңді таны!» экспедициясы бастау алды

693 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сараптамалық тобының ұйымдастыруымен бүгін Әулиеата топырағында «Өз өлкеңді таны!» атты облыстық тарихи-мәдени экспедициясы бастау алды.

Бүгін Жамбыл облысында «Өз өлкеңді таны!» экспедициясы бастау алды

Аталған іс-шараға өңірлік этномәдени бірлестіктер, өңірдегі тарихи-өлкетану мұражайлары, жастар ұйымдары, барлық деңгейдегі өңірлік кітапханалар, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық топтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын іске асыру және Мемлекет басшысының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дәріптеу болып табылады. Аталған экспедицияға қатысушылар бүгін Тараз қаласындағы «Достық үйінде» бас қосып, үш бағытқа бөлінді. Бірінші бағыттың алғашқы аялдамасы Тараз қаласындағы Қарахан баба кесенесі мен Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі кесенесі болмақ. Одан кейінгі екінші бағыт Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы мұражайына аттанады. Бұдан кейін саяхатшылар Талас ауданында орналасқан Тамды қалашығы мен Сарысу ауданындағы Ықылас Дүкенұлы мұражайын тамашалайды.

Дәл осы уақытта екінші бағытпен шыққан саяхатшылар Байзақ ауданындағы Ақыртас қалашығына, Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан төбе қалашығына және Меркі ауданындағы Сыпатай батыр мавзолейіне экспедиция жасайды. Ал үшінші бағыттағы қатысушылар Шу ауданындағы Жайсаң қорымы мен Қордай ауданындағы Өтеген батыр кесенесіне баратын болады. Апта бойы Әулиеата өңірінде жалғасатын «Өз өлкеңді таны!» тарихи-мәдени экспедициясы келесі аптада Талас ауданына қарасты «Тау самалы» лагерінде қорытындыланады деп күтілуде.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы