ЭКСПО-2017 • 22 Тамыз, 2017

ОҚО әкімі өңірлік делегациямен бірге ЭКСПО көрмесін аралады

504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірлік делегациямен бірге ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін аралап көрді. Делегация «Нұр Әлем» павильонын тамашалап, ғалымдардың ең озық жобаларымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ОҚО әкімі өңірлік делегациямен бірге ЭКСПО көрмесін аралады

Әкім бастаған делегация павильонның әр қабатында ұсынылған жел, күн, биомасса, су және ғарыш энергиясының үлгілерімен жан-жақты танысып, өңірде жүзеге асыруға болатын тиімді жобалар жайын өзара талқылады.

Мұнан бөлек, олар шетелдіктердің ұсынған заманауи технологиясының жаңа жетістіктерін тамашалап, қуат күшін алатын тың жоба - жеке аймағын аралап көрді.

ЭКСПО көрмесі Қазақстанның әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік беретінін айтқан әкім халықаралық шараның маңызына тоқталды.

«Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған ЭКСПО көрмесіне отандық және шетелдік қонақтардың көптеп келуі бізді қуантады. Өздеріңіз көріп отырғандай ауқымы кең көрмені аралауға бір күн жетпейді. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы соңғы жаңалықтарын ұсынып отырған бұл халықаралық шараны тамашалауды әрбір қазақстандыққа кеңес берер едім. Бұл ұлттық рухымызды көтеріп, келешек ұрпақтың ғылым мен білімге құштар болып өсуіне үлкен серпін берері сөзсіз», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, жұмысшы топ «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері бойынша өткізілетін іс-шаралардың барысын пысықтады.

Еліміздің бас қаласында 29 тамыз бен 3 қыркүйек күндері елордалықтар мен қонақтар назарына 42 түрлі мәдени және әлеуметтік іс-шаралар ұсынылмақ. Сондай-ақ, Қазақстандағы 30 елдің елшілері қатысатын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылатын бизнес-форум, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен «Оңтүстік өнімдері» облыс тауарөндірушілерінің көрмесі өтеді деп жоспарлануда.