Футбол • 23 Тамыз, 2017

Станимир Стойлов: «Селтик» екінші таймда бізден мұндай ойынды күтпеді

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Станимир Стойлов: «Селтик» екінші таймда бізден мұндай ойынды күтпеді

«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов «Селтикке» қарсы кездесуден кейін матч жайлы пікір білдірді.

- Меніңше, «Астанаға» бүкіл Қазақстанға нағыз футбол шоуын сыйлады деп ойлаймын. Біз алаңда бәрінің мүмкін екенін көрсеттік. Әсіресе, екінші таймда аздап камбэк туралы да армандап кеткен кезіміз болды. Алғашқы ойындағы нәтиже оған жеткізе қоймады.

- Ласлоның жағдайы туралы ой білдірсеңіз.

- Ласло бірден ауруханаға жеткізілді. Жағдайы әзірге белгісіз. Сондай-ақ, Бейсебеков те аздап жарақат алып қалды. Көзі ісіп кетті. Бірақ айқас жарақатсыз өтпейтіні белгілі ғой.

- Бұл «Астананың» ең жоғарғы деңгейі ме, әлде «Селтик» нашар ойнады ма?

- Меніңше, «Астананың» ең жоғарғы деңгейі осы. «Селтик» те сенімді түрде келді. Бірақ екінші таймда қарсылас команда дәл осы бағытта өрбиді деп күтпегені анық. Бірінші таймда шабуылшыларымыз жоғары деңгейде қысым жасамағандықтан көп нәрсені пайдалана алмадық. Екінші 45 минутта сызбанұсқамызды өзгерттік. Жігіттерге қызуқандылық қосылды, жиі қысымға алдық.

- «Астананың» үш қорғаушы әдісіне ауысқаннан кейін ойын жақсы бағытта өрбіді. Алдағы уақытта осыған көшуі мүкін бе?

- Қажет кездерде болмаса «Астана» үш қорғаушымен ылғи ойнайды деп айта алмаймын.

Осы ойыннан кейін Патрик Твумасиге қызығушылық танытатын командалар көп болып, «Астанадан» кетуі мүмкін деп ойламайсыз ба?

 - Мен осыған дейін  біраз маңызды ойыншыларымнан айырылғанмын. Бірақ кеткен ойыншылардың орнын лайықты жігіттер келіп басты. Егер клуб қандай да бір ойыншының кетуі туралы шешім қабылдаса, келісуге тура келеді. Ендігі ойымызды Еуропа лигасына бөлуіміз керек.

- «Астана» «Селтиктің» 40 ойын ұтылмай келе жатқан сериясын бұзды. Егер екінші ойын Глазгода өткенде бәрі басқаша бағытта болуы мүмкін бе еді? Сонымен қатар, Еуропа лигасының жеребесінен не күтесіз?

- «Селтикті» жеңу оңай емес. Осындай алпауыт командадан басым түскенімізге қуаныштымыз. Ал Еуропа лигасында осал қарсылас жоқ. Командадан тек жеңіс күтетінін жігіттер біледі деп ойлаймын. Бізді Еуропа лигасында да өте ауыр ойындар күтіп тұр.

- «Астанамен» келісімшартыңыз осы қыста аяқталады. Оны созуды жоспарлап отырсыз ба?

- Бұл туралы қазір айтатын уақыт емес сияқты. Уақыты келгенде көрерміз.

- Алғашқы ойында психологиялық тұрғыда дайын Ненад Эрич тұруы керек еді деп өкінбейсіз бе?

- Бәрі  аяқталғаннан кейін өткенге өкінудің еш мәні жоқ. Менің қарамағымда екі бірдей жоғары деңгейлі қақпашы бар. Екеуі де жақсы деңгейде. Ал Александр Мокиннен ешқандай қобалжулықты байқамадым. Алғашқы ойындағы нәтиже ол өткеннің еншісінде қалды.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының  плей-офф кезеңінің  жауапты ойынында «Астана» өз алаңында Шотландияның «Селтик» командасын қабылдап, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Алайда, қос матчтың қорытындысы бойынша шотландиялық ұжым Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Глазгода өткен ойында елордалықтар 0:5 болып есе жіберген болатын.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»