Аймақтар • 23 Тамыз, 2017

Арпа, бидай ас екен...

1917 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр жыл сайын келетін орақ нау­қанының тек өзіне тән ерекшелігі болатынын мамандар жиі қайталайды. Еліміздің батыс өңіріндегі егін ору ісіне тән биылғы өзгешеліктер қан­дай деген сауалға жауап іздер болсақ, көктемгі жаңбыр егіс салуға кедер­гісін келтіргенін айтқан жөн. Сон­дықтан, бұл науқан Ақтөбе аума­ғында өз уақытынан кештеу аяқталды. Соның салдары облыстың кейбір аумақтарында астықтың өз уақытында толық пісіп үлгермегеніне әкеліп соқтырды.

Арпа, бидай ас екен...

Әйтсе де дәл қазіргі күні өңірдегі Мәртөк, Қарғалы және Әйтеке би аудандарының астық өсірушілері дәнді дақылдар егістігін оруды еңсере бастады. Мұнда орташа есеппен әр гектардан 10,7 -11,5 центнерден өнім жиналуда. Әрине мұның төмен өнім еместігі анық. Сонымен бірге, оның соңғы көрсеткіш емес еке­ніне де екпін түсірген жөн. Алда­ғы күндерде биылғы жылдың жаңа асты­ғының түсімі ұлғаяды деп болжанған. 

Тұтастай алғанда биылғы орақ кезінде өңірдегі егіншілікпен айналысатын агроқұрылымдар 400 мың гек­тарға жуық алқаптың астығын қам­баға құймақ. Қазір бұл іс бел ортаға таяп келеді. Дегенмен, оның ауыр жүгі әлі де алда деп білеміз. Ай­мақ ау­ма­ғындағы астық жинау нау­қаны тек соңғы күндері ғана қарқын ала түс­ті, деді газет тілшісіне Ақтөбе об­­лыс­­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сының басшысы Құсайын Сәр­сен­бай.

Біз облыстың егін өсіруге ыңғай­лы өңірлеріне журналистік ісса­пар бойынша жолымыз түскен кезде егіс шаруашылығы тауарларын өнді­ру­шілер орақтың алғашқы күн­дері 5,7 мың гектар алқаптың дән­ді дақылдарын жинағанына көз жеткіздік. Әрі бұл деңгейдің мүм­кін­дік шегі емес екенін де терең түй­сін­дік. Оның мән-жайын егістіктің бел ор­та­сында жүргендер ірі астықты шаруа­шылықтар бел шеше кіріскен кезде бұл көлемнің бұдан әрі ұлғая түсе­тінімен байланыстырды. Сол кезде бүгінгі көрсеткішті 10 мың гек­тарға дейін жеткізуге мүмкіндік туғы­зылмақ. Жоғарыда көрсетілген астық қамырлылығы өткен жылғы дең­гейден жоғары екенін ескерсек, орақ науқаны нәтижесінде ақтөбелік ас­тық өсірушілер сапалы әрі қалыпты өнім алатынына күмән тумайды. 

Орақ науқаны ырғалып-жыр­ға­луды, кідіріс пен кешеуілдеуді көтермейді. Табиғаттың әр күнгі қолайлы сәті диқандар үшін тек тиімділік пен пайда әкеле алады. Қазіргі кезде облыстағы астық жинаушылар қажетті жанар-жағармаймен және өзге де науқанға қажетті техникалармен толықтай қамтамасыз етілген. Бұл фактордың өзі де орақ науқанын табысты түрде әрі өз уақытында аяқтауға алғышарт қаламақ. 

Сонымен бірге, орақтың қызған шағында техникалардың бос тұрып қалмауына жол бермеу ісінің де маңызы айрықша. Бұл бағытта операторлардың тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасау тәртібі орныққан. Жаңа астықты қабылдап алу ісінде кідіріс болмауының да алар орны бөлек. Осы орайда облыстағы алты астық қабылдау орны жаңа астықты кешеуілдетпей қабылдай бастағанына куә болдық. Оның бәрінің тиісті лицензиялары бар екен. Осылайша бүгінгі күні Ақтөбе аймағында егін ору науқаны күн сайын қарқын алып келеді. Өңірдегі астық өсірушілердің қазіргі жинақы іс-әрекеті егін орағын белгіленген кестеге сай аяқтауға бағытталған.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы