Президент • 23 Тамыз, 2017

Елбасы туралы жаңа кітап таныстырылды

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі туралы «Құрыш тұлға» атты жаңа тарихи-танымдық кітап көпшілікке таныстырылды.

Елбасы туралы жаңа кітап таныстырылды

Партия бастамасымен жарық көрген туынды Елбасының қайраткер ретінде қалыптасқан Теміртау, Қарағанды кезеңін қамтиды. Кітап авторы – белгілі публицист, Қазақстан Республикасы Президенті сый­лығының лауреаты, бұған дейін «Елбасының алтын бесігі» атты еңбегімен танымал Айтбай Сәулебек.

Автор жаңа туындысында сирек кездесетін мұра­ғат қорларынан алынып, ақиқат-шындыққа негіз­делген тың деректерді, куәгер-тұлғалардың жүрек­жарды сөздерін, бұрын жарыққа шықпаған түрлі құжаттарды ұсынады. Кітап деректемелік негізде жазылған. Ол «От-өзен», «Білім белесінде», «Өсу жо­лын­да», «Өрлеу», «Шыңдалу», «Партком хатшысы» және «Самғау» деген жеті бөлімнен тұрады. Атал­мыш әсем безендірілген еңбекте Елбасының сирек кездесетін суреттері де берілген.

Кітаптың алғысөзін «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жазған. Елбасының Қазақстан тарихындағы ерекше рөлін айшықтап, тәуелсіз еліміз қол жеткізген табыстарына терең талдау жасаған М.Құл-Мұхаммед алғысөзін: «Елбасы өмірінің әр кезеңін үлгі-өнеге тұтатын қазақстандықтар бұл кітапты қызыға-құмарта оқитыны анық», – деп аяқтайды.

«Құрыш тұлғаны» жазу үшін автор Мәскеу, Омбы, Алматы, Қарағанды, Теміртау және Астана қалаларындағы Елбасымен бірге еңбек еткен, оқыған әріптес-достарымен кездескен. Олардың бірқатары – Қабидолла Сарекенов, Төлеутай Сүлейменов, Қуаныш Омашев, Ермек Төлеубаев, Тоқтархан Ысқақов – іс-шараға қатысып жаңа туындының басты ерекшеліктері мен тарихи құндылығы туралы айтты. Сондай-ақ, олар кітаптың қалың оқырман қауымның көңілінен шығатынына сенім білдірді дейді «Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығы.