Медицина • 23 Тамыз, 2017

Баба жолы – болашақ бағдары

719 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Баба жолы – болашақ бағдары

Төрт мемлекет ақындары – төрімізде
Қазақтың қабырғалы биі Қаз­дауысты Қазыбек баба­ның 350 жыл­дық мерейтойына орай, Қа­ра­ғандыдағы Кен­ші­лер мә­де­ниет сарайында халық­ара­лық айтыс өтті. Дүбірлі сөз дода­сына төрт мемлекеттің кілең сен тұр, мен атайын деген азулы ақын­дары қатысты. «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деп артқ­ыға ақиқат сөз қалдырған бидің есімін ұлықтаған айтыста Моңғолия, Қытай, Қырғызстан және Қазақстанның ақындары бақ­тарын сынады. Айтыс тарихы арқа топырағында айрықша ата­лады. Оның себебі, соғыс жыл­дарында Шашубай мен Кө­шен, Маясар мен Нұрлыбек, Бол­ман мен Нұртаза сынды азу­лы ақындар еңсесі еңкіш тар­та бастаған жауынгер ұлт­тың рухын оятуға 1943 жылы Қара­ған­дыда тұңғыш рет респуб­ли­калық ақындар айтысын жасап, кен­шілер астанасын думанға бөле­ген болатын. Бүгінгі сөз сай­ысы сол ілкі дәстүрдің ілгері­де­гі жарқын жалғасындай еді. Әл­бетте, тақырып баба рухын байрақ қылып, көкке көтеру болса, екіншіден Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» бағдарламалық мақа­ласы негізінде халықтың ынтымақ-бір­лігін дәріптеу басты бағыт есеп­теледі. Айтыс тізгінін арда өнер­дің жанашыры, ақын Жүрсін Ерман ұстаған.
Халықтың шындық үшін шырылдар шыбын жаны – айтыс. Соның дәлеліндей, Кен­ші­лер мәдениет сарайында ине шан­шар жер болмады. Орын тап­паған тағатсыз көрермен айтысты алаңда орнатылған жа­рық диодты экраннан тамашала­ды. Бұл ұлы өнерді ұлықтаған ар­қа жұртының айтысқа деген ақ пейілін анық байқатқандай. Ай­тысты облыс әкімі Ерлан Қошанов ашып, ақындарға сәт­ті­лік тіледі. «Айтыс – Алаштың екін­ші атындай бекзат өнер. Ай­тыс­ты сағынғандарыңыз көрініп тұр, себебі мына сарайда ине шан­шар жер жоқ. Бүгінгі айтыс әділ болады, халық пен әділ­қа­зы­лардың шешімі бір жерден шы­ғады деп ойлаймын. Осынау алыс-жақын жерлерден келген ақын­дарға сәттілік тілеймін», деді аймақ басшысы.

Жүрсін Ерман жүргіз­ген айтыста сөз сүлейлері тұғыр­лы туған жерді, ұлттық дәстүрді ұр­пақ­қа аманаттау және Қазыбек би жайлы тақырыптарды қоз­ға­ды. Ақындарға КСРО және Қазақ­станның халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қа­­зылар баға берді. Келген жұрт­­шы­лық күні бойы со­зы­л­ған айтысты соңына дейін та­­машалады. 16 ақын сегіз жұпқа бө­лініп, екі айналым бойынша ұпай сандарымен басым түскен Аманжол Әлтаев пен Ұларбек Минатхан ақтық сында жолықты. Тамаша айтысып көпшіліктің қошеметіне бөленген жерлесіміз, ақын Аман­жол Әлтаев жеңіске жетіп, 3 млн теңгені иеленді.

Сәйкесінше бірінші орын Ұларбек Минатханға бұйырып, оған 1,5 млн теңге табысталды. Екінші орынды қарағандылық ақын Дидар Қамиев иеленіп, оған 1 млн теңге берілді. Үшінші орынды Жансая Мусина мен Мейірбек Сұл­танхан өзара бөлісті. Оларға 750 мың теңгеден табысталды. Бас­қа ақындар да алғыс хаттар мен қаржылай сыйақы алып, баба тойынан базарлықпен қайтты.

Кез маялы керуен
Енді алдағы он күнде біз Егінді­бұлақ төрінде өткен баба тойында жолға шыққан «Қаз­дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым» атты ха­лықаралық автокеруеннің күн­де­лігін ұсынып отыруды жөн кө­реміз. «Кез маялы келелі керуен» сол күні Егіндібұлақтан ерекше салтанатпен аттанып, қасиетті Қарқаралы басындағы Құнанбай қажы мешіті мен би атаның тіке­лей ұрпағы, әнші, композитор Мәди Бәпиұлының басына барды. Одан әріде көш сайын дала Сарыарқаның сары топай төсін өрлей Ботақара кентіндегі Бұқар жырау бабаның басына соқты. Бұл тарихи сәттің үш жарым ғасырда жаңа ұрпақтың санасында қайта жаңғыруы – дәстүр жал­ғастығындай еді. Әлбетте, көне­көз тарих көмекей әулие Бұқар жырау мен Қаздауысты Қазыбек бидің кездесіп, мем­ле­кеттік мәселеде тізе қосып, иық­таса қызмет атқарғанына куә­лік етері сөзсіз. Керуен қатысу­шы­ларын жергілікті тұрғындар қо­ше­метпен қарсы алып, ақ жол ті­леп шығарып салды.

Құрамында Қарағандының сайдың қызыл тасындай азаматтары бар аталмыш керуен өнер және мәдениет қайраткерлері, тарихшылар мен бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өкілдерімен то­лық­қан. Керуенбасы Қараған­ды облыстық жастар саясаты бас­қармасының басшысы – Мирас Құттыбай. Сондай-ақ, керуен құрамында белгілі білім меценаты, «Алтын жүрек» ұлт­тық сыйлығының иегері Бек­зат Алтынбеков, Қазақстан Жур­на­листер одағының мүшесі, қа­рым­ды қаламгер Ерсін Мұс­абеков сынды аға буын бар. Ама­нат арқалаған арнайы топ­қа «Шұбаркөл көмір» АҚ де­меу­шілік білдірген. 

Ұлы бесінде автокеруен Жа­ңа­арқа ауданындағы Арал­бай батыр Әлібекұлының ескер­т­кішіне ат басын тіреді. Жаны жай­саң жаңаарқалықтар жырдан шашу шашып, ақсақалдары ақ батасын беріп, керуеннің ақ бас нарын Жез­қазған, Сәтбаев қалаларына бұрды. Жез балқытып, мыс сапырған қос кент те қошеметшіл топ­пен керуеннің алдынан шық­ты. Қаныш Имантайұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, қала меймандарына арнайы әзір­ленген мерекелік концертті та­ма­шалаған керуен мүшелеріне ақ­жолтай тілек жұптап, ақын Ғазиз Ештанаев күркіретіп Қазыбек баба рухына арнау өлеңін оқыды. Осыдан соң керуен киелі Ұлытау өңіріне бет түзеді. Ол жерде қазақ хандарының түп атасы Жошы хан жатыр. Текті топыраққа тәу етіп, өз шежірелерін алтын ұрықтан тарататын барлық сұлтандардың хан жайлауы, яки хан ордасы атанған қасиетті жазықта керуен кеңес құрды. Елбасының Ұлытау тө­рінде берген сұхбатында да бұл жердің киелі екендігін ай­тады. Ауыл ақсақалдары 1993 жылы Президентіміз Нұр­сұл­тан
Назарбаевтың Ұлы­тау­­ға тік­­ұшақпен келіп, хан-сұл­тан­дар­­дың аруақтарына тағзым жасап, арнайы әзірленген хан тағы мен ақ киізді аудан мұражайына өт­кізгендігін әңгімеледі. Баба жолын бағытқа алған керуенді қошеметпен қарсы алған ұлы­тау­лықтар сол күні қонақ­тарды Қы­зылорда қаласына шығарып салды.

Керуен алдағы екі күнде тарихшылар жазғандай, Қазыбек би Келдібекұлының ұлы да­ри­я­ның төменгі ағысында дүниеге келген ата қонысына ат басын тірейді.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы