Білім • 23 Тамыз, 2017

Әліпби әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашады

931 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта латын әліпбиі­не көшу – ел ұстаған, сөз ұстаған­дардың қай-қайсысы да бей-жай қарамайтын маңызды тақырыпқа айналды. Олай болатыны – бүгінге дейін қолданылып келген кирилл жазуындағы 42 әріптің жартысына жуығы басы артық есептеледі. Бұл өз кезегінде тілді шұбарлап, қазақ тілінің орысша акцентпен сөйленуіне жеткізген. Әріптің көп болуы да дыбысталуға әсер етеді. Ал дыбысынан әріп саны асып түсетін әліпби тілге қауіп төндіреді. Латын әліп­биі­не көшу осы және өзге де мәсе­ле­лерді шешуге тиіс. Тек, асы­ғыстыққа ұрынып, кем соғып қалудан сақтанбақ лә­зім. Латынша жазуға көшу – ұран­ның астында қалып кетпей, келісе отырып кеңінен толғайтын тақырып.

Әліпби әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашады

Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында «Латын әліпбиіне көшу: дайындық барысы» атты жиын өтті. Жиынға қатысушылардың негізгі мүшесі филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент-мү­шесі Ерден Қажыбектің айтуын­ша, ең үлкен қасірет – ауылда өскен қазақтың қара баласы ана тілін­де акцентпен сөйлей бастауы. Мұндай қау­іптің бетін латын қарпіне тез ара­да көшкенде ғана қайтарамыз. Қа­зір­гі таңда қырық екі әріпті кирилл әрпінің кесірінен қазақ тілінде бі­різ­ділік жойыла бастады. Әр ға­лым, әр газет, әр адам өз бетінше грам­ма­тикалық, орфографиялық ере­же қа­лыптастырып алды. Бір сөз­ді бір­не­ше нұсқада таңбалайтын рес­пуб­ликалық басылымдарды, түр­ліше жа­зу ережесін ұсынған орфо­гра­фия­лық сөздіктерді бір ізге түсіру де әліпби ауыстырған соң шешілуге тиіс.

− Бүгінде латын жазуына көшудің бірнеше себептері бар. Біздің елімізде нақты міндеттер айқындалып қойды. Атап айтқанда, латын графикасына көшудің түпкі мақсаты – ұлттық әрі түркілік бірегейлікті қалыптастыру, қазақ тілін әлемдік ақпарат кеңістігіне енгізу әрі мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту. Аталған айқын мақсаттарды ақпарат құралдары арқылы түсіндіру керек, – дейді профессор. Ғалым өз ойын осыған дейін үш мәрте әліпби ауыстырған қазақ халқының бүгінгі рухани бейнесімен сабақтастырды. Қазақ тілінің көш басында тұрған Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Ясауи еңбектерін атап, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда латын графикасының маңызы ерекше екендігін жеткізді.

Қазақ даласында латын графикасы ұзақ өмір сүре алған жоқ. Кеңес өкіметі өз билігін бірегейлендіру мақ­са­тында ірілі-ұсақты ұлттардың жазуын кириллицаға ауыстырып жібереді. Әліпби ауыстырудың аса жылдам орын­далғаны да мәлім. Соның салда­рынан Ахмет Байтұрсынұлы қа­лып­тастырған үндестік заңы да, төл дыбыстарды таңбалаған латын қа­ріп­тері де ескерусіз қалады. Қалай таңбаланса, солай сөйлейтін, сырттан енген сөздерді ұлттық фонемаға бейімдемей, еш өзгеріссіз жазатын жа­ңа емле қалыптасты. Семинар-ке­ңесте бас қосқан ғалымдардың пікі­рін­ше, латын қарпін қолдану алдымен осындай олқылықтардан арылтады. Кирилл қарпінің қолданылуымен 70 жыл бойы қазақ тіліне сыналап енген славян дыбыстары өз-өзінен жоғалады да, қазақ тілі табиғи қалпын табады.

Бұл тақырыпта кеңірек А.Бай­тұр­­сын­ұлы атындағы Тіл білі­мі инс­­титутының бас ғылыми қыз­­мет­ке­рі, профессор Әлімхан Жү­ніс­бек түсіндіріп берді. «Қазіргі әліп­би­імізді қазақ әліпбиі деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені, ол қазақ-орыс, тіптен, ақиқатын айтсақ, орыс-қазақ әліпбиі десе де болады. Әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды. Бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек болып тұр. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Дыбыс, әліпби және емле-ереже реформасы керек», – дейді ғалым. Қазіргі уақытта А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына латын графикасының 100-ден астам жобасы келіп түскен.

Семинар-кеңесте латын әліпбиіне көшуде кездесетін кедергілер де жан-жақты талқыланды. Сүлеймен Деми­рел атындағы университеттің про­фессоры Құралай Күдеринова әріп ауыстырудағы графикалық және фоно­логиялық сана туралы баяндама жа­сады. Ғалымның сөзіне сүйенсек, кирилл әліпбиі қазақ халқын орыс тілінде акцентсіз сөйлеуге үйреткен. «Біз бұл әліпби арқылы орыстың ойлау жүйесін, орфографиясын айна-қатесіз көшіріп алдық. Орыс тілін қазақ тіліне бейімдеп сөйлейтіндерге жа­та қап күлетінді шығардық. Ал қа­зақ тілінің орфоэпиясы бұзылып жатса мән бермейтін болдық», – деген про­фессор өз тарапынан ұсынатын ды­быстық фонема мен морфемаларға тоқталды. 

Әліпби ауыстыруда кездесетін ғылы­ми мәселелерден бөлек, саяси жә­не рухани тұрғыда да сауалдар жет­кілікті. Саясаттанушы Дос Көшім латын әліпбиіне көшуді «отар­сыз­да­н-

дырудың басты белгісі» дейді. Ол ғасырлар бойы бодандықта өмір сүр­ген халықты Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан отарсыздандыру саясаты жүргізілетінін айтып өтіп, алайда мұндай бағытта біздің елде бірде-бір әрекет белгісі байқалмағанын алға тартты. Бір сөзбен түйіндегенде, латын қарпіне көшу ширек ғасыр толған азаттығымызды тағы бір мәр­те сезіндіре түспек. Ал саясат­танушы Айдос Сарым әр әріп­тің артында бір ұлт тұрғанын айтады. Латын графикасына көшу Мұхамед пайғамбардың Мединеден Меккеге көшкеніндей үлкен қадам. Яғни, әуелгі кейпін табу. «Әліпби ауыстыр­ған кезде төл дыбысымызды бейне­лей­тін бір әрпімізді жоғалтып алсақ, басқа ұлтқа айналып шыға келеті­ні­мізді ұмыт­пайық. Мұндай реформа кезінде пі­кірталас қызу болуы керек еді. Әр­бір ұлт перзенті өзін тіл жанашыры ре­тінде сезінгенде ғана пікірталас туады және келісіммен жетілген әліпбиді қа­былдаймыз», деді саясаттанушы.

Филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес әліпби реформасы арқылы мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге болатынын, әсіресе, орыс тілді қазақтардың қолдау танытуы қа­жет. Оның ойынша, латын қарпіне кө­шуді сонша уақыт созып жүріп алу­дың жөні жоқ. Экономикалық ре­фор­малар секілді қысқа мерзімде жү­зеге асуы керек. 

Семинар-кеңесте пікір білдірген ғалымдар – Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліп­биге көшіру жұмыс тобының мү­шелері. Мұндай басқосулар көш­пелі отырыс форматында әр өңірлерде өтеді. Ғылымның бір тірегі – пікірталас, ақыл қосу, ой ауысу. Ал ғылым бар жерде сараптама бар, тал­дау бар. Отырыстың модераторы Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар әліпби ауыстыру – ұлт тарихындағы ең маңызды бет­бұрыс екенін, жаңа жазуға көшу үлкен жауапкершілікті сезіндіретінін, әліпби реформасына бар қазақ бір кісідей атсалысу керек екенін айтты. 

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар