Бесігінен ұлттық құндылықтарға қанып өскен ұрпақтың өмірдің үлкен жолына түскенде де өз қазығынан адасып кетпесіне сенемін. Ал жастардың ендігі міндеті − ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, ел дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті, бірнеше тілді меңгерген азамат болу. Себебі, тіл білу тұлғалық деңгейге көтереді деп санаймын.
Мақалада Елбасы басты мақсатқа жету үшін Қазақстанға білімді ұрпақ қажеттігін, елімізде «білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт», «өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» екендігін айтты. Сондай-ақ, Елбасы рухани жаңғыруды жүзеге асыруға жол ашатын бірнеше жобаны ұсынды. Оның ішінде «Отандық мәдениет Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болу шарт» деп атап өтті. Қазақта «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген сөз бар. Бұл болашағын бағдарлай алатын, ұрпақ қамын ойлаған бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті. Бұл өсиеттің заман талабына сай қайта жаңғыруы, көп тіл білудің кең мүмкіндік беретіндігін көрсетіп отыр.
Мәселен, ағылшын тілінің әлемдегі 75 елде ерекше орны бар. Ал 19 мемлекетте ол мемлекеттік тіл болып саналады. Осылайша, ағылшын тілін білу әлемді танудың кілті десек, қателеспейміз. Ағылшын тілін меңгерген адамның алдында орасан зор мүмкіндіктер ашылады. Ол – жаһанданудың кепілі.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, Жамбыл облысының Тілдерді дамыту орталығының қолдауымен Полиглоттар клубы құрылған болатын. Қазіргі уақытта, клубқа 150-ден астам студент қатысып жүр. Олардың басым бөлігі ағылшын тілін меңгерумен қатар, неміс, қытай, француз және араб тілдерін үйреніп келеді. Менің өзім де ағылшын тілін жақсы білемін. Сондай-ақ, түрік тілін де меңгердім. Бүгінгідей маңызды кезеңде берілген мүмкіндікті пайдаланғанымыз жөн деп ойлаймын. Әрине, қазақтың қасиетті тілі мәңгілікке қастерлі құндылығымыз болып қалады.
Сағи АЛТЫНКОП,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті
Жамбыл облысы