Білім • 23 Тамыз, 2017

Ұстаздар неге ұстамсыз?

1889 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында әлеуметтік желіде жарияланған бейнекөрініс қоғамды дүр сілкіндірді. Онда мұғалімнің төрт оқушыны сыныптастарының алдына қатар тізіп қойып шапалақтың астына алып жатқаны түсірілген. Тіпті бір оқушыны шашынан ұстап тұрып, басын тақтаға әлденеше рет ұрады. Бұл оқиғаны оқушылардың бірі ұялы телефонға түсіріп алыпты. Ғаламтор пайдаланушылардың наразылығын тудырған келеңсіз жағдай Алматы облысы, Түрксіб ауданындағы №198 мектепте болған екен. Көп ұзамай Қылмыстық кодекстің 2-бөлімі 140-бабымен жазаға тартылған мұғалима 22 жастағы жас маман болып шықты.

Ұстаздар неге ұстамсыз?

Біз бұл мақаламызға бұлай­ша «айғайлатып» тақырып қойып, қоғамның жағасын ұстатқан оқиға туралы жазбас та едік. Егер де бұл жағдай еліміздегі алғашқы және соңғы оқиға болса...

Жоқ. Әзірге олай болмай тұр. Мұндай оқиғалар түсі­ріл­ген бейнежазбалардың қата­ры жаңбырдан соңғы саңы­рауқұлақтардай қаптап, күн са­йын әлеуметтік желілерде кө­бейіп келеді. Оның үстіне, мектеп оқушысы мұғаліммен «соттасып» жатыр дегенді ес­тісек, қазір селт етпейтін бо­лып алдық. Керісінше, ұс­тазы оқушысын сотқа берсе де таңғалмаймыз. Жиі қайта­ланатындықтан еті­міз үйреніп те кеткен секілді, қалып­ты нәрсе ретінде қарайтын бол­ған­быз. 

Данышпан Абай атамыз жыр­­­лаған «Ұстаздық ету­ден жа­­лық­пайтын» ұстаз­дар қауымы бүгінгі таңда «ұстам­сыз» болып барады. Мұғалімнің жұ­мы­­сының көптігінен бе, отба­­сылық жағдайларының ауыр­лығынан ба, әлде білім сала­сындағы реформалардан қа­жы­ғандықтан ба, әйтеуір «мек­тептің жүрегі» са­налған ұс­таз­дарымыз сәл нәрсеге бо­ла «ашу шақырғыш» болып ал­ған. Мәселен, былтырғы оқу жы­лында Солтүс­тік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Бауман орта мектебінің математика пәні мұғалімі 7-сынып оқушысының кекілін қиып, «2» деген бағаны маңдайына жазып, оқу­шы­ны күлкіге айналдырған. Бұл аздай, оны өшірсең, тағы «2» қоямын деп қорқытады. Оқу­шы сол күні сабақтан кейін орман­ға қашқан. Кеш батқанға дейін сонда отырыпты. Осы оқиғадан кейін жәбірленуші мектепке бармай қойған соң, оның ата-анасы арызданып, баласын сыныптастарының алдында мас­қара әрекетпен жазалаған мұғалімге шара қолдануды сотта талап еткен. Бүгінде сот іс­­­ті аяқ­тап, педагогикалық эти­­­­­ка­­ны бұзған ұстазды 1,5 жыл­­ға бостандығын шектеп, педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан екі жылға айыру жазасын тағайындады. Бір қызығы, «кекіл кескіш» мұғалім мектеп директо­ры­ның келіні болып шыққан. Осы оқиғадан кейін мектеп директоры да жұмысынан қуылғанымен, көп ұзамай тура сол оқу орнына психолог маман ретінде қайта жұмысқа алыныпты.

Бұл аз болса, Алматы облысы Панфилов ауданы Үлкен Шыған ауылы мектебінде мұға­лімнің 9-сынып оқушысын ұрып-соқ­қаны да қоғамда біраз дау тудырды. Сотқа жеткен істе мұғалім «ұрма­дым» деп жал­тарғанымен, шәкірті болса ұстазының ұрмақ түгілі, «теп­кілегенін» айтып әділдік сұ­раған. Естеріңізде болса, елді шулатқан бұл оқиға туралы еліміздің сол кездегі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өзі «Негізі, осы орайда оқытушылардың білік­тілігін арттыру мәселесі туын­дай­ды. Бұл жерде олардың тек пәндік дайындығын ғана емес, тәрбие беруші педагог ре­тін­дегі шеберлігін де шыңдау қажет. Сондықтан, педагогтер сол талаптарға сай болуы тиіс»,  деген болатын.

Ұстаздарымыздың «ұстам­сыз­дығынан» туындаған мұн­­дай келеңсіз оқиғалар мұны­мен тоқтамайды. Ақтөбе қа­ла­сындағы №13 мектептің де­не шынық­тыру пәнінің мұға­лімі сабақ үстінде 6-сынып оқушысын ұрып, соққы сал­дарынан баланың миы шай­қалып, бас жарақатын ал­ған. Дәл осы Ақтөбедегі №51 мек­теп-гим­назиясының гео­графия пәні­нің мұғалімі парта үшін 12 жасар оқушысына қол көтер­ген. Салдарынан баланың миы шайқалып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Оқушыға жұдырық ала жүгірген мұға­ли­маның бұл қылығы еш ақыл­ға сыймай­тындығын айтқан құқық қорғау қыз­меткерлері ұстаздың үстінен Қыл­мыстық кодекстің 293-бабы бойынша іс қозғаған. Ал 32 жылдық ең­бек өтілі бар, 55 жастағы шым­кенттік ұстаздың ерсі қы­лығы «ұстаз» деген «ұлы ұғы­м­ның» қаншалықты қаді­рі қашып тұрғанын тағы бір дәлел­деп берді. Ұялы теле­фон­ға түсірілген жазбаларда Шымкент қаласындағы №24 мектептің математика пәні­нің мұғалімі оқушысының жер-­жебіріне жетіп айғайлап, сынып­тастарының көзінше са­бап жатқаны бейнеленген. Сөйтсе, педагог оқушыға есеп шы­ғара алмағаны үшін ашуланыпты. Бұл іске де полиция араласып, тағы бір ұстаз­дың үстінен қылмыстық іс қаралған. 

«Алты алаштың басы қосыл­­ғанда, төрдегі орын мұғалім­дікі» деп бағаланған ұстаздық қыз­­меттің қадірінің қашуына мұ­ғалімдеріміздің өздерінің кінәсі де жоқ емес. Мәселен, ғаламтордағы бейнежазбада жүрген Оңтүстік Қазақстан об­­лысы, Төлеби ауданында оқу­­шы қызға қол көтеріп, бала­­ғат­тап, оны сабақ үстінде, сы­ныптастарының көзінше сүй­мек болған ұстаздың қы­лы­ғынан кейін мұғалімнің «қадірі» туралы сөз қозғау қиын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жақсы ұстаз­дарымыздың бар екені де талас­сыз ақиқат. Бірақ, осындай адам шошыр­лық жағдайлардан кейін онсыз да сын көп айтылатын ұс­таз бейнесі – қазіргі таңда бі­лім беру саласындағы ең жа­ғым­сыз кейіпкерге айналып бара жатқандай. Алайда, тәр­тіп­­ке мүлдем бағынбайтын оқу­шылардың бар екенін де жа­сыра алмаймыз. Мұғалімін мазақ етіп, тіпті ата-анасымен қосылып соққыға жыққан оқу­шылар көптеп саналады. Десек те, мұнымен шәкіртін ұрып тәртіпке салатын ұстазды қор­ғаудан аулақпыз. Себебі, ұстаз – білім беруші ғана емес, ол тәрбиеші де. Ал «Тәрбиесіз берілген білімнің адамзат баласына апат әкелетінін» қайталап жатудың өзі артық. Тәртіп болмаған жерде білім қайдан болсын?
Бүгінгі қоғамымызда «қаді­рі» қашып тұрған маман­дық­тың «қадірін» арттыру үшін Ас­та­на қаласының тұрғыны, бұ­рын­ғы педагог Жасын Ерме­­ков оқушылардың сабақ үл­ге­рімі мен тәртібін түзеу үшін мұға­лім­дер тарапынан олар­ды жаза­лап отыруды заң­дастыру қажеттігін айтады. «Экспресс К» газетіне берген сұх­­батында идея авторы баланы оқыту мен оны тәрбиелеудің мұндай әдісін АҚШ-тың Техас штатындағы мектебінен көргенін жеткізеді. Онда оқығысы келмейтін немесе бұзақылық жасаған оқу­шы­ның құйрығына таяқпен ұрып жазалау әдісі бар екен. Бұған баланың әке-шешесі «қыңқ» дей алмайды – заң сондай. Жасын Ермеков оқу­шыларды ұрып-соғып жаза­лаудың елімізде жоқтығы – Қазақ­станның білім беру жүйесінің кеміс тұсы деп есептейді. Оның айтуынша, бұл оқушыны жазалау емес, бұлайша жасау арқылы баланың тентек мінезі тыйылмайды, қайта ондай жаза оқушының есерлігін үдетіп жібереді. Ал бұзақы баланы сыныптастарының алдында құйрығынан «шықпыртып» ұрса, бұл барлық оқушыға са­бақ болады. Қылтың-сыл­тыңды қойып, бәрі сабақ оқу­ға зейін бұрады. Сонда ғана тәрбие мен білім сапасы жақса­рады. Мектеп жақсы адамдарды жасап шығарады.

Біздіңше, Ж.Ермековтің идея­­сы қабыл алынып, мектеп­терде «дүре соғу» заңдас­тырыл­са, он­сыз да «ұр тоқпақ» ата­нып отырған ұстаздарымыз әлі талай баланың басын «жаратын» секілді.

Психолог Анна Мерген­бай­қызы болса, «оқушылардың ұс­та­­зы­ның үстінен арыз түсір­ге­­ніне қуану керек шығар» дегенді айтады. «Себебі, өз­де­­­рі­нің жеке тұлға екенін сезі­ніп, өздеріне деген ізетті та­лап ету­де. Мұғалім өз шәкіртінің же­ке тұлға екенін, оның да өзін­дік құқықтары бар екенін білмей жатса, неге мәселені заңмен шешпеске?! Бұрын оқушылар өздерінің құқықтарын талап етуді аса құнт­тамайтын. Мұға­лімдер бұ­рын да дауыс көтеретін, қол жұмсайтын. Қазір де сол. Мұғалімдер өз­гер­ген жоқ. Ал шәкірттер құ­зырлы орын­дарға жүгініп, өзінің психо­логиялық тұрғыда өскенін бай­қа­туда. Шәкіртіне қол көтеруге оқы­тушыға кім рұқсат берді? Неге жеке тұлғаны екінші бір тұлға қорлауы керек? Неге ар-намысына тиіп, психологиялық соққы жа­­сауы керек?! Сондық­тан, арыз­­­да­нуға психолог ретінде дұрыс қараймын. Әсіре­се, өтпелі ке­зеңдегі 6-8 сынып оқушылары өк­пешіл. Өтпелі кезеңде олар­дың кө­ңіл күйі құбылмалы келе­ді. Тез бұзылады. Сондай кезде мұғалім жөнсіз ұрысса, қол көте­рсе не болады? Оқушы ең ал­дымен бала ғой. Бұзақылық жасаса да, оқыс мінездер көр­сетсе де оған әуелі бала деп қа­­­рау керек. Жоғары білімді, қо­­лында дипломы бар саналы маман неге баланың деңгейіне түсіп, онымен сөз таластырып, ұрыс-керіске баруы керек?! Ұрыспай-ақ, оқушыны өзінің үлгілі істерімен тәрбиелесін»,  дейді Анна ханым.

Мұғалім болғысы келетін­дерге қойылатын талаптың же­ңіл­­дігі де мәртебелі маман­дықтың қадірін төмен­детіп тұрғаны жасырын емес. Ба­ласына «тым құ­рығанда са­бақ берерсің» дей­тін талай ата-ананы көріп жүрміз. Мәселен, Фин­ляндияда, Оңтүстік Ко­рея мен Сингапурде мұға­лім мамандығын мектеп пен уни­верситетті өте жақсы баға­мен оқығандар мен әбден ысылып, тәжірибеден өткен университет түлектері ғана алу­ға мүмкіндігі бар. Бұл мем­ле­кет­тердің тек білім­ді азаматтарды ғана жұмыс­қа алуының та­ғы бір себебі – жоғары төле­нетін жа­лақы. Арнайы мамандардың зерт­теуіне сүйенсек, осы ел­дердегі білім сапасы бүкіл әлем бойынша көш бастап тұр.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қам­зиннің айтуынша, кінәні білім жүйесінен, ата-анадан немесе оқушыдан емес, ұстаз­дың өзі­нен іздеу керек. «Ең алдымен мұғалім білімді, мәде­ниетті, қай жағынан алсаң да таза болуы керек. Содан соң кез келген оқытушы мықты пси­хо­лог болса деймін. Құр ай­ғай-ұйғаймен ұстаз «рөлін» ойнап жүрген адамды шәкірт көш жерден таниды», дейді ұла­ғатты ұстаз.
Иә, ұстаздарымыз «ұртоқ­пақ» атанып, кейбір маман­дықтарға қарағанда дәрежесі төмен болып тұрса да, Ұстаз­дықтан, ұлы Ұстаздықтан қадір­лі мамандықтың жоқ екені тағы да рас...

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ, журналист
АСТАНА