23 Тамыз, 2017

Тағы да Абайдың туған күні жайында

1724 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өзін қазақтың перзенті санайтын пенденің Абайды мақтан тұтуы заңды құбылыс. «Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», деп жиырмасыншы ғасыр табалдырығын аттай бере қадап айтқан алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың ғибратты пікірі баршамыздың жүрегімізде жаттаулы.

Тағы да Абайдың туған күні жайында

Осы жылдың сәуір айында жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­­­ғы­ру» бағдарламалық ма­қа­­ла­сы: «Ұлт­тық салт-дәс­­­түр­­­­ле­ріміз, тіліміз бен м­у­зы­ка­мыз, әдебиетіміз, жорал­ғы­ла­рымыз, бір сөзбен айтқанда ұлт­тық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» – екендігін мейлінше терең ашып берді. Ру­хани қазынамыздағы тарам-тарам салалар – Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұлама­лығы, Жамбылдың жырлары, Құр­манғазының күйлері, ғасырлар қойнауын кернеген бабалар сазы бүгінгі ұрпақ игілі­гіне айналуы шарт. Ұрпақты тәр­биелейтін де, рухымызды ас­қақтататын да бағзыдан жеткен асыл қазыналарымыз.

Абай мұрасына бүгінгі буын зор сергектікпен, керек де­сеңіз, перзенттік махаббатпен қа­­­­­рауы керек. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы сәтінде Абай-Шә­кәрім кесенесінің мінберінде тұрып айтылған: «Абай сөзі – қа­зақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деген қанатты сөз әрбір зиялы өскіннің санасында мәңгілікке сақталары хақ.

Айтпағымыз, Абай – қасие­тіміз, асылымыз. Ендеше ұлы тұлғаның өмірі мен шығар­машылығында елеусіз қалатын сәт, ескерусіз қалатын деректің болмағаны абзал. Мәселен, Абай­­дың туған күніне назар ауда­райық. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында: «Абай (Ибраһим) Құнанбаев [29.7 (10.8) 1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы – 23.6 (6.7) 1904, сонда, Бала­шақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда)] – ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор» (Алматы: 1998, 1- т., 11-б.), – делінген. Ал «Абай» энциклопедиясында: «Абай (Ибраһим) Құнанбаев (22.8.1845, қазіргі Семей обл., Абай ауд. – 5.7.1904, сонда) – ұлы ақын, композитор, философ, ағартушы, қазақ­тың реалистік жаңа жазба әдебие­тінің негізін қалаушы» (47-б.), – деп көрсетілген. Абай өмі­рі жө­нінде ең нанымды, ғылы­ми дерек беруге тиісті екі басы­лымдағы айырмашылық ойлантпай қоймайды. Ұлы ақы­нымыздың туған, өлген күндерін ғылыми жүйеге салып, кейінгі ұрпаққа табыстай алмасақ абай­танушыларға сын емес пе? Хакім Абайдың туған күні Алматыда 10 тамызда, Астана, Семей, та­ғы басқа өңірлерде 23 тамыз­да аталып өтуі де ақын өмірбаянында шешілмеген түйткілдің барлы­ғына мегзейді.

Абай оқулары, мүшәйра, ақын­дар сайысы сияқты түрі өзге­ше болғанымен, мақсаты бір мәдени, әдеби іс-шаралар Қазақ­станның көптеген қалаларында өтті. Оған куә қазақ даласын жыр­­ға бөлеген теле-радиохабар­лар, әдебиет пен өнердің ірі қайраткерлері қатысқан та­ғы­лымды жыр шашулар. Осы жол­ғы жер-жерде өткен поэ-зия мерекесі ауқымының кең­дігімен, қатынасушылар саны­ның өсуімен, әсіресе, көкөрім жас­тардың бар ынтасымен ат салысуымен ерекшелене түсуі қуантады. Абайға құр­мет – қа­зақтың әдебиеті мен тілі­не, тарихы мен болашағына құр­мет екендігін бүгінгі жас буын бойлай ұғынған сияқты. Өткі­зіліп жатқан шаралардың ешқайсысына көлеңке түсіру, тырнақ астынан кір іздеу әуелден қаперімізге алмаған дүние. Абай есімінің аталуы көңілге қуаныш ұялатқанымен, қолда барды ұқсата алмай, ақын өмірбаянына немкетті көзқараспен қарау ешкімге де абырой әпермейді. Ұлы Абайдың туған, өлген күн­дерін анықтап, уақытында шараларды ұйымдастырмасақ, онда қандай тәрбиелік мән бар?!

Әдебиетші ғалымдар өткен ғасырдағы ақын-жазушыла­ры­мыздың көпшілігінің туған, өмірден озған күндері жөнінде нақты деректердің жоқ екендігін айтып, жазып жүр. Нақты туған күні демей-ақ қояйық, дүниеге келген жылдарының өзін түр­ліше жазып келе жатқандығы шындық. Мұның өзі мұрағат қойнауында жеке адамдардың дүниеге келуін айғақтайтын құ­жаттардың сақталмауымен, тіпті болмағандығымен де байланыс-ты. Дегенмен, бұл енді қайта қарауға болмайтын құбылыс де­сек шындықтың аулынан алыс­таймыз. Қазақтың ірі суреткер жазушысы Жүсіпбек Ай­ма­уытов 1933 жылы жазған «Тор­айғырұлы Сұлтанмахмұт» ғұ­мырбаяндық очеркінде: «Сұлтанмахмұт Семей губерниясы, Кереку (Павлодар) уезі Ақбеттау (бұл күнде Шідерті) болы­сының қазағы. Ол 1893 (жылқы) жылы октябрьдің ескіше 15-інде Омбыға қарайтын Көшен – қарауыл, Шабар – Шаншар деген нағашыларының ауылында туа-ды» (Ж.Аймауытов. Бес томдық. 5-т. Алматы: 1999, 276-б.), – дейді. Жаңа стильмен 28 қазан. Барлық жинақтары мен оқулықтарда осы дата қай­таланады. «Өз жайымнан мағлұмат» өмірбаяндық ма­қаласында М.О.Әуезов: «Мен 1897 жылы сентябрьдің 15-інде туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған Тобықты іші. Шыңғыс болысында» (М.Әуезов. Елу томдық. 3-т., 67-б.) – деп со­қырға таяқ ұстатқандай таң­балаған. Жаңа стильмен 28 қыр­күйек. Мысалды жалғастыра беру­ге болады. Жаңа стильдің қажеті қаншама, ескі стиль де бізге жа­рап жатыр деп тоқмейілсіп, қаза қопарудан, төңкере тексеруден қашқалақтаған кейбір ізде­нушілер ұқса екен?!

Ертеде жасаған ақын-жазушы­ла­рымыздың қолжазбаларының сақталып біздің заманымызға жетпегендіктен текстологиялық салыстырулар мен зерттеулер жүргізуде шарасыз күйге түсе­тін­дігіміз де ақиқат. Бұл жағ­дай­лардың басы ашық. Ал өмір­баяндық фактілерінің (туған, өл­ген күні) белгілі екендігін кө­ре тұра бұрмалауымыз қай қыңырлық. Әлде бас ақыны­мыздың туған, пәни дүниеден өткен күндері қашан аталса да бізге бәрібір ме? Неге енжармыз?

Абай төңірегінде үлкен де, кіші де әдетке айналдырған ле­пір­ме, көбік сөздерді тежеп, ғы­лы­ми деректерге негізделген тұ­жы­рымдар жол алатын кез жет­ті. Ұлы ақынның тым болмаса бір өлеңінің жазылған мерзімін (мүмкін болып жатса жазылған жылын, айын, күнін), тарихын, кімге арналғандығын ашып берсе абайтану ғылымына қосылған өлшеусіз үлес дер едік. Көтеретін мәселелер жеткілікті.

Орыстың ұлы ақыны А.С.Пуш­­­кин өмірінің әрбір сәті қа­ғаз­ға түскен. Кең көлемді туын­дыларын жазу барысындағы дайын­дық: шығарма жоспары, жұмысқа қажетті тарихи құжат­тар, зерттеулер тізімі, қос­алқы материалдар қағаберіс қал­маған. Роман, немесе поэманы жазуға кіріс­кен уақыты, қашан аяқ­тал­ды, қосымша өзгертулер мен түзе­тулердің уақыты (саға­ты, мину­ты) бәз қалпында сақталған, бүгінгі заманға жеткен. Орыстың үлгі­сін өңмеңдеп тықпалай береді екенсіңдер деп ұнатпайтындар да табылар. Бірақ, ақиқат осы. 

Абайдың тууын куәлан­ды­ратын құжат, қолжазбалары, күн­­­делікті жазбалары, жазыс­­қан хат­тары, көптеген фотосу­реттері, оқ­шау ойлары бізге жет­пегенімен, өмірінің басты ке­зеңдерін анық­тайтын деректер мен зерттеулер бар­шылық, тәубе!

Ірі оқымысты, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қаз­ақ һәм хандар шежіресінде»: «Әкеміздің бір шешесінен ту­ған – Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың бер­ген ақылы да бұл қазақтан дана бөлек кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түр­лі кітаптар оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сез­дім, – деп Абайдан алған тәлім-тәр­бие, үлгі-өнеге са­бақтарына дән ризалығын білдіре келіп сана­лы жанның санасына зілбатпан сал­мақ салатын ой түйеді.  – Иб­ра­һим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хаким философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті (астын сызған біз – А.Е.). 1904 жылы июнь айында 60 жасында өтті, Алла тағала баршасының рухына рахмет қылсын».

Шәкәрімнің аузына қорғасын­­дай ауыр сөздерді заманы, уақыты салып отыр ғой. Біз егемен елде, өркениетті Қазақ елінде өмір сү­ру бақытын иелендік. Ендеше ұлыларымызды ұлықтауда елен­бейтін, ескерілмейтін ұсақ-түйек болмауы керек.

«23 июня 1904 года в Чингиз­ской волости (в горах Чингис) Семи­палатинского уезда скончался популярный в родной степи киргизский (казахский –А.Е.) поэт Абай Кунанбаев»,  деп ха­бар­лады Әлихан Бөкейханов ұлы ақынға арналған некрологта («Семипалатинский листок», 1905, 25 ноября, №250). Ақын­ның қайтыс болған күні дәлме- дәл көрсетілген, бірақ ескі стильмен екендігін ескерген жөн. Енді бұдан нақты деректі табу қиын. Бәзбіреулер ескі, жаңа стильді діни ұғымдармен байланыстырады. Ол мүлдем қате. 

Ақынның өмірге келген күні ту­ралы деректерге ден қоялық. 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған ақын жинағында мол өмірбаяндық мәліметтерді қамтып жазған Кәкітай екендігі оқырманға аян. Кәкітайдың ұлы Әрхам Ысқақов (1885-1963) «Абайдың өмір жолы» естелік еңбегінде: «Үдере көшіп шаршап-шалдығып келген ел бұлақтың екі жағындағы қалың шалғынға үлкен үйлерін тігіп, орнығып, жайланып қалады. Сол қалыпты әдеті бойынша Құ­­нан­бай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні, Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып бір ұл дүниеге келеді... Атын арабшалап Иб­раһим деп қояды», дейді. Әзірше әдебиет зерттеушілерінің бағдарда ұстап жүрген бірден-бір дерегі осы. Және шынайы дерек есебінде ғылыми айналымға түскелі ондаған жылдар өтті. Абайтанушы ғалым Қайым Мұ­ха­медханов «Ұлы ақынның дүниеге келген және баз кешкен күндері қашаннан, қалай ата­лып келеді?», «Бәріміздің Абайымыз», танымал қаламгер Дәу­лет Сейсенұлы «Хакім ақын қай күні туған?» мақалаларында дә­лелді ойларымен әдебиет сүйер қауымға ұсыныстарын білдірген еді. Өкініштісі, жазылып, айтылып келе жатқан та­рихи шындықтың басқарушы орын­дардың назарынан тыс қа­луында. Мәселе жаңа стильге көш­кенімізге бір ғасыр уақыт өтсе де, Абайдың туған, өлген жыл­­дарын ғана белгілеуде сі­ресіп, кежегеміз кері тартып, бой­күйездік танытуымыз ендігі жерде төзбестік жағдай. 

Нақты ғылыми, ресми дәйекті тұжырымға жүгінейік: «1918 жылғы 23 январьда (ескі стиль бойынша) Халық Комиссарлары Советі ұсынылған екі жобаны талқылады, комиссияның жұ­мы­­сын қорытты. Келесі күні − 24 январьда (6 февральда)» «Россия рес­публикасында ба­тыс европалық календарьды қол­да­ну туралы декрет» қабыл­да­ды... Бұл кезде ескі стиль мен жа­ңа стильдің арасындағы айыр­­машылық 13 күнге толған еді. Сондықтан декрет бойынша 1918 жылғы 31 январьдан кейінгі күн 1 февраль орнына 14 февраль болып есептелді» (Мыңбай Исқақов «Халық календары», Алматы, 1963, 36-бет).

Дәйексөзді ұзақ етіп алып, ежік­теп отырған себебіміз ендігі жердегі мақсат – қателіктен арылу. Атап айтқанда, қазақ елінің күнтізбесінде Абайдың ту­ған күні 23 (ескі стильмен 10) тамыз, қайтыс болған күні 5 шілде (ескі стильмен 23 маусым) екендігі тайға таңба басқандай бадырайтып жазылса нұр үстіне нұр.

Жаңалық атаулының жаршысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Жазушылар одағының бас­қар­масы түйткілді мәселенің ше­ші­луін өз қолдарына алатын­дығына, толғақты мәселеге нүкте қоярына сенім мол.

Арап ЕСПЕНБЕТОВ, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор
СЕМЕЙ