Қаржы • 23 Тамыз, 2017

ШЫҰ Банкаралық бірлестігінің мүшелері Ерте хабардар ету жүйесімен танысты

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Банкаралық бірлестігінің мүшелері бүгін Астана қаласында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ ұйымдастырған «Тәуекелдерді басқару жүйесі» тақырыбындағы семинарға қатысты.

ШЫҰ Банкаралық бірлестігінің мүшелері Ерте хабардар ету жүйесімен танысты

Қатысушылар ҚДБ 2016 жылы енгізген Ерте хабардар ету жүйесімен танысты. Жаңа жүйе банк қаржыландырған инвестициялық жобалар мен мәмілелерді іске асырумен, сондай-ақ банкаралық несиелеуге байланысты пайда болатын тәуекелдерді уақытылы анықтауға және әрекет етуге мүмкіндік береді.    

Семинар жұмысын ашқан ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев «экономика мен несие нарығындағы ағымдағы өзгерістерге икемді әрекет ететін сапалы тәуекел менеджменті Даму банкіне қаржыландырушы ұйым ретінде аса маңызды мәнге ие» екенін атап өтті. «Соңғы үш жылда Банк тәуекел менеджментінің «проактивті» жүйесін құрды, ол макроэкономикалық талықсытпаларды қоса алғанда сыртқы ортадағы барлық сын-тегеуріндерге уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. 2015 жылдың басынан бастап қолданылып келе жатқан несие қоржынын стресс-тестілеу жақсы мысал бола алады, ол валюталық тәуекелдерге аса сезімтал жобаларды анықтауға мүмкіндік берді. Бұл жобалар бойынша уақытылы жұмыс Банкке несие қоржынының сапасын сақтап қалуға көмектесті», – деп баса айтты Б. Жәмішев.

ҚДБ-ның Ерте хабардар ету жүйесі төрт кезеңінен тұрады: сәйкестендіру, бағалау, бақылау және мониторинг. ЕХЖ Банктің қандай да бір контрагенті бойынша тәуекел бейінінің нашарлауына уақытылы әрекет етуді ерте кезеңде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ЕХЖ, халықаралық стандарттарға сәйкес, ҚДБ контрагенттеріне тәуекел-индикаторлар негізінде сәйкес мәртеблерді беруді қарастырады. Тәуекел-индикаторлардың мәндері «жасыл» аймақта бола алады, алайда несиелер сапасының едәуір нашарлағаны байқалса – «сары» аймақта болуы мүмкін. Егер тәуекел-индикаторлар «қызыл аймақта» болса, қарыз алушының әрі қарайғы үздіксіз қызметіне күдік пайда болады, және қаржылық ковенанттардың бұзылуы орын алады.     

24 тамызда аяқталатын семинар жұмысына ШЫҰ БАБ мүше банктердің өкілдері қатысты: Қытайдың Даму Банкі, ЕЖК Банкі (Қырғызстанның Есептік-жинақтау компаниясы), Ресейдің Внешэкономбанкі, «Амонатбанк» (Тәжікстан), «Хабиб Банк Лимитед» (Пәкістан), ШЫҰ БАБ серіктес банктері: Еуразиялық даму банкі, «АСБ Беларусбанк» ААҚ және Моңғолияның Даму банкі, сондай-ақ Армения Республикасының ӘНҰ «МСП Инвестиции» ЖАҚ өкілдері.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті банктері арасындағы банкаралық ынтымақтастық туралы келісімге 2005 жылғы 26 қазанда қол қойылды. Бүгінгі таңда ШЫҰ БАБ мүше банктер келесілер: «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Ресей Федерациясының Даму және сыртқы экономикалық қызмет банкі (Внешэкономбанк)» мемлекеттік корпорациясы, Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі, «Есептік-Жинақтау Компаниясы» ААҚ (Қырғыз Республикасы), «Амонатбонк» Тәжікстан Республикасының Мемлекеттік жинауқтаушы қоры және Өзбекстан Республикасының сыртқы экономикалық қызметінің Ұлттық Банкі. 2017 жылғы 9 маусымда «Хабиб Банк Лимитед» (Пәкістан) мен Үнді инфрақұрылымдық қаржы компаниясы (Үндістан) ұйымның толық құқылы мүшелеріне айналды.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) – 2001 жылы құрылған Қазақстан экономикасының шикізат емес және инфрақұрылым секторын жаңғырту мен дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, ел экономикасына ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту және жәрдемдесу. ҚДБ индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламаларының ірі инвестициялық операторларының бірі болып табылады. ҚДБ «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді.

Соңғы жаңалықтар