ЭКСПО-2017 • 23 Тамыз, 2017

Лондоннан Астанаға электромобильмен келген шабандоз

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ЭКСПО қалашығында орналасқан Нидерланд корольдігінің павильонында «80 DAY RACE» дүниежүзілік жарысы өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Лондоннан Астанаға электромобильмен келген шабандоз

Лондон қаласынан сапарын бастаған Крис Рамси Астанаға «Nissan Leaf» электромобилімен 36 күнде жеткен. Лондон-Моңғолия раллиі Еуропа елдері, Орталық Азия, Моңғолия арқылы өтіп, ресейлік Улан-Удэ қаласында аяқталады. 21 тамызда Рамси өзінің электромобилімен Қазақстан елордасына жетіп, 25 тамызда Семей арқылы жолын жалғастырмақ.

«Аталған жарысқа биыл 2500 көлік қатысуда. Негізі Лондон-Моңғолия  жарысы биыл 14-рет өткізіліп жатыр. Қазақстандағы саяхатымызды Ақтаудан бастап, Ақтөбеге бардық. Енді міне Астанаға да жеттік. Көлігіміз бір қуаттанғаннан кейін орта есеппен 160-260 шақырымдай жолды еңсереді. Қазақстанның «Қазпошта» және «ҚазМұнайГаз» секілді компаниялары көмек көрсетіп, өңірлердегі мекемелерінде көлігімізді қуаттандыруға рұқсат берді. Сол үшін айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, мен 2019 жылы өтетін «80 DAY RACE» дүниежүзілік жарысына қатысамын», деді Крис Рамси.

Жиын барысында «80 Day Race» жарысының негізін салушы Франк Мандерс және «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС директоры Санияр Әйтекенов «80 Day Race» дүниежүзілік жарысының шабандоздары аялдайтын тоғыз қаланың бірі ретінде Астананың додаға қатысатыны жөнінде меморандумға қол қойды. Париждегі Эйфель мұнарасынан бастау алатын жарысқа қатысушылар 9 ірі қала арқылы жер шарын айналып, саяхат жасайды. Соның бірі – Астана қаласы.

 «Біз 21 тамызда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен кездестік. Қазақстан – болашақты жасап, қарқынды дамып келе жатқан инновациялық, биік мақсаттарды көздеген ел. Соған қоса, Қазақстанның жаңа дүниелерге деген ашықтығы және болашақ технологияларға қызығушылығы ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» көрмесі арқылы көрініс тауып жатыр. «80 Day Race» жарысы да болашақ технологияларды кеңінен таратуды көздейді. Сол себепті Астана қаласының жарысты қабылдауға келіскеніне біз аса қуаныштымыз», деді «80 Day Race» жарысының негізін салушы Франк Мандерс.

Дүниежүзілік жарыс аясында 40-қа жуық топ 40 000 шақырымға созылған жолды жүріп өтіп, 80 күн ішінде Парижге кері қайтады. Олар күніне 500 шақырымнан аса жолды еңсеруге тиіс. Бір ерекшелігі, шабандоздар тек жаңғырмалы қорларды тұтынатын көлікпен ғана жарысқа түсе алады.

Спикерлердің айтуынша, «80 Day Race» сынды ауқымды доданы өткізу идеясы Нидерландта туындаған. Ал оның басты мақсаты - экологиялық таза көлік туралы және жасыл технологияларды кеңінен қолдануға болатындығы жайлы бүкіл әлем жұртшылығын хабардар ету.

Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»